Түркияда көзсіз ерлік жасаған жігіт Ресейге өкпелеп жүр

2286

Түркияның Анталиясында болған апатта басын бәйгеге тіге жүріп, Ресей азаматтарына жан сала көмектескен әзербайжандық енді Ресейге өкпелеп жүр.

Түркияда көзсіз ерлік жасаған жігіт Ресейге өкпелеп жүр Фото: gazeta.ru

Бұл туралы Әзербайжанның Oxu.Az порталы хабарлады.

Еске сала кетсек, 24 қараша күні ресейлік "Азимут" авиакомпаниясына тиесілі ресейлік өндірістегі "Sukhoi Superjet 100" (SSJ-100) ұшағы Анталияның әуежайына апатты жағдайда қонған болатын. Қонып жатқанда әуе көлігі отқа оранды.

Бұл ретте дереу жеткен түркиялық құтқарушылардың арқасында өртенген ресейлік ұшақ тез сөндіріліп, жалын салонның ішін жайламады. Ал, әзербайжандық Сұлтан Сұлтановтың арқасында барлық жолаушылар және экипаж мүшелері түтінге қарық болып, тұншығып өлмей, аман-сау сыртқа шыға алды.

Куәгерлердің айтуынша, ресейлік әуе компаниясының ұшағы ішінде болған айналдырған екі стюардесса алапат өрттің басталғанын көріп, паникаға бой алдырған.

Осыны байқаған Сұлтан Сұлтанов орнынан атып тұрып, даң-дұң дүрбелеңге, айқай-шуға бөленген салонның ішімен қозғалып барып, апатты есікті ашып, үрмелі трапты түсірген. Қара басының қамын ойлап, сыртқа тайып тұру орнына ол экипаж қызметкерлерімен бірге өртенген әуе көлігінен жолаушылардың тегіс шығуына жәрдемдеседі.

"Анталияда өртенген ұшақтан жолаушыларды құтқарған әзербайжан ұлтының өкілі ресейлік авиакомпанияға қатты өкпелі. Ұлты әзербайжан, қазіргі кезде Ресейдің Краснодар өлкесінің тұрғыны Сұлтан Сұлтанов түркиялық Анталияда Superjet ұшағы өртене бастағанда, авариялық есікті ашып, жолаушылардың сыртқа шығуын ұйымдастырды. Өзі содан зардап шегіпті. Осы оқиғадан кейін Сұлтанов көмек сұрап, сол рейсті орындаған "Азимут" авиакомпаниясына жүгінеді. Алайда Ресей тарапынан ешқандай көмек ала алмаған", – деп жазды портал.

Ер адам бұл деректі ресейлік "РИА Новостиге" сұхбатында растады. Оның айтуынша, әртүрлі күйік сыртында, Сұлтанов Египетке ұшатын келесі ұшағына кешігіп қалды.

Егер басқа РФ тұрғындары сияқты есікті аша сала, сыртқа бірінші болып жүгіргенде, құтқару жұмыстарына араласып, біраз уақытын сарп етпегенде, Мысырдың ғажайып жағажайларында жарақатын емдеп, жан тыныштығын табатын ба еді.

Содан ер адам ертесіне, 25 қарашада Анталия әуежайындағы "Азимут" компаниясының бөлімшесіне жүгініп, жағдайын айтады. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, әуе компаниясының өкілдері: "Сіздің кешігіп қалғаныңызға біздің айыбымыз жоқ, сондықтан ештеңеде көмектесе алмаймыз!", – деп шорт кесіпті.

Олар барлық талап-претензиясымен Египетке сапарды ұйымдастырған түрік авиакомпаниясына жүгінуге кеңес берумен шектелген.

Сұлтанов "Азимуттың" Ресейдегі бас кеңсесіне де шығуға талаптаныпты, бірақ еш нәтижеге қол жеткізе алмаған. Сұлтан Сұлтанов ресейліктердің өз отандастарына осылай нашар қарайтынына, еш қамқорлық жасамайтынына қынжылысын білдірді.

Оның айтуынша, ол компаниядан өтемақы да, алғыс та талап етпеген, тек "сол кезде ең құрыса моральдық көмек көрсетсе", соған да қанағаттанатынын айтады.

Айтпақшы, Мемдума депутаты Дмитрий Гусев бір жағынан хайп қуып, атағын шығарып, екінші жағынан, бұл оқиғаны жуып-жайып, Azimut жолаушыларын құтқарған әзербайжанның марапатталатынын хабарлаған болатын.

"Ол нағыз ердің үлгісін көрсетті! Қарапайым адамның өзі қаһарман бола алатынын, өз өмірін қатерге тіге жүріп, өзгелердің өмірін құтқарып қала алатынын паш етті!", – деген Мемдума депутаты Краснодар өлкесінің губернатор Вениамин Кондратьевке дереу марапаттау туралы тиісті сұрау жолдағанын жеткізді.

Бұл ақпаратты ресейлік ақпарат құралдары жарыса жазды. Сонымен іс бітті, қу кетті. Арада он күндей уақыт өтті, Сұлтановтың ерлік ісі елеусіз қалды. Бейбіт күннің қаһарманына тіпті уәде етілген "Мемдуманың Алғыс хаты" да жіберілмепті.

Журналистердің хабарлауынша, әзербайжандық Сұлтанов шетелде лайықты тыныға алмай, Түркиядан амалсыз Ресейге оралды. Краснодарда Сұлтанов дүңгіршекте жеміс-жидек, көкөніс сатумен айналысады.

"Мигрант Медиа" журналисті Дарья Тимофееваның айтуынша, Ресей бейбіт күннің тағы бір қаһарманы, Қырғызстан азаматы Сұлтан Әбдімәліковті де марапаттау орнына қатаң жазалады.

Қырғыз биылғы 18 қарашада, Екатеринбургте аурухана лаулап жанғанда, өміріне төнген қауіпке қарамастан, ресейлік сырқаттарды құтқаруға тұра ұмтылыпты. Осы ерлігі үшін марапаттау орнына РФ билігі оны депортациялаған және Ресейге келуіне ең кемі 5 жылға тыйым салды.

Сұлтан Әбдімәліков РФ-тің көші-қон және басқа заңдарын бұзбағанын, тәртіпті болғанын айтып, биліктен көмек сұрады. Ол отбасының жағдайына қамығады және Қырғызстанда төрт баланы асырауға жететін тұрақты жұмысты қалай табатынын білмейді.

"Шынымды айтайын, маған марапат та қажет емес! Ерлігім үшін қырғыз елім онсыз да мені құрметтейтініне сенемін. Мені жабықтыратыны, Ресейдің еш негізсіз жазалағаны. Мен ресейліктерді аман алып қалу үшін күрестім ғой", – деп 31 жасар Сұлтан "Настоящее Время" телеарнасына мұңын шақты.

Сұлтан Екатеринбург емханасының өрті кезінде сырқаттарды, ақ халаттыларды құтқарамын деп жүгіріп жүріп, өзіне иіс тигенін білмей қалғанын, есінен тана жаздағанын әңгімеледі. Соған қарамастан, ерік-жігерін бойына жинап, ақырына дейін өрт сөндірушілерге көмектесумен болған. Ақыр соңында талып құлаған.

"Тілсіз жау ерік бермей, ғимаратты жайлап алды. Оның ішінде егде жастағы әйелдер қалып қойды. Шыңғырған дауыстары естілді. Мен ішке қойып кетіп, үш егде әйелді қолтықтарынан демеп, кезек-кезек алып шықтым. Жолай мүгедек арбасында отырған кембағал жанды байқап қалдым, оны да сыртқа шығардым. Адамдарды өрттен аулақтау жерге жайғастырдым. Мұны көріп, аурухананың шатырына шығып, құтылуға тырысқандар маған айғайлады: "Бізге де көмек керек! Бізге де көмектес! Естіп тұрсың ба?" дейді. Екінші қабатқа жүгіре жөнелдім", – деп еске алады Сұлтан.

Улы газдан уланған қырғыз азаматын жедел жәрдем ауруханаға алып кеткен. Екі сағаттан кейін ол жерге полиция қызметкерлері сау ете қалады. Өз-өзіне келе алмай жатқан Сұлтанды мәжбүрлі түрде есін жиғызып, құжаттарын тексереді, тергейді.

"Олар маған айтты: "Сен жігітсің, нағыз қаһармансың! Қаншама адамды құтқарыпсыз, біз сені құрметтейміз!" деді. Құжаттарымды алып кетті. Оларды мұқият тексеретінін, бәрі дұрыс болса, қоя беретінін мәлімдеді. Мен тіркеу туралы куәлікті, миграциялық картаны, ЖСН-ді, бәрін-бәрін тапсырдым. Олар тексере келе, менің Ресейде ешқандай құқық бұзушылық жасамағанымды, сотталмағанымды анықтады. Барлығы дұрыс екенін жеткізді", – дейді Сұлтан.  

Соған қарамастан, 3 күн өткенде ресейлік сот оны еліне депортациялау туралы тосын қаулы қабылдаған. Сондағы таққан айыбы: полиция Сұлтанның еңбек келісімшартын бекітпей, таксиші болып жұмыс істегенін айтыпты.

Қырғызстан азаматы табыс табу үшін 2011 жылдан бері Ресейге барып жүр екен. Соңғы екі жылда "Яндекс.Таксимен" ынтымақтастықта жұмыс істеген. Мигранттың айтуынша, биылғы 21 қыркүйекте компания еңбек келісімшартын ұзартуға тиіс болыпты.

Барлық құжаттары дайын болған. Сұлтан тек соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы күткен. Осылайша, РФ меморгандарының шабандығы кесірінен "Ресей қаһарманы" нақақтан жаза тартып отыр.

Сұлтан Әбдімәліков танымалдылығы өзіне сор болып жабысты деп тұспалдайды.

"Бұған дейін маған: "Сен қаһармансың!" деген полицейлер мына жайттың шетін шығарды. "Біздің үстімізде тұрған бастықтар бар. Сен туралы ақпарат құралдары көп жазып кетті. Ресейде танымал болып шыға келдің. Бұл оларға ұнамайды. Егер сені депортацияламасақ, ертең жұмыссыз қаламыз. Адамдарды құтқардың, қаһарман болдың. Түсінеміз, бірақ ештеңе істей алмаймыз!" деді. 26 қарашада Екатеринбургтің Железнодорожный аудандық соты 2 000 рубль айыппұл салып, мәжбүрлі түрде елден аластау туралы үкім шығарды", – деді Сұлтан Әбдімәліков.

Ол енді көмек сұрап, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа жүгінді. Оған үлкен отбасының жалғыз асыраушысы екенін, мойнында кредиті барын баяндады. Сөз соңында Президенттен білікті заңгерлерді беріп, өзін Ресейдегі "қара тізімнен" алып тастауға жәрдемдесуді өтінді. Сұлтанның автомобилі Ресейде қалып қойыпты.

"Мигрант Медиа" соңғы кезде РФ-та миграциялық заңнама қатайтылғанын, келімсектер кез келген олқылық үшін әй-шәй демей елден қуылатынын қаперге салды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана Ресей Орталық Азия елдерінің 86 мыңнан астам азаматын өзінен қуып шыққан. Салыстырсақ, бүкіл 2023 жыл бойы Ресейден осынша еңбек мигранты аласталған еді.

"Важные истории" порталының дерегінше, иммиграциялық ережелерді бұзу туралы әкімшілік істердің саны да күрт өсті. Соттарға биыл шамамен 100 мың хаттама түсіпті.

Бұл жерде тіпті Қырғызстанның Еуразиялық одақ мүшесі екені және одақта жұмыс күшінің еркін қозғалысы қағидаты бекітілгені де Мәскеуді тоқтата алар емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу