Түрік ғалымдарының байламынша, алапат жер сілкінісінің қуатын 130 атом бомбасының қатар жарылуымен салыстыруға болады. Оның кіндігі, эпицентрі
Түркияға тұспа-тұс келді, ал толқындары Қазақстанға дейін жеткен.
"5,4 магнитудаға жеткен жер сілкінісі Қазақстанның оңтүстігінде де тіркелді. Бұл туралы республиканың Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы хабарлады. Оның дерегінше, жергілікті сағат 19:02-де жер асты тербелістері тіркелді. Ал оның эпицентрі Алматы қаласынан батысқа қарай 628 шақырым жерде болған. Ошағы 5 шақырым тереңдікте орналасты", – деп хабарлады.
Қазақстанның оңтүстігінде болған 5,4 балдық жер сілкінісінің эпицентрі Шымкент пен Түркістан арасында орналасқаны қосымша хабарланды. Зілзала ошағы 5 шақырым тереңдікте жатты.
Грузияның Батуми қаласының тұрғындары үйлердің қабырғалары теңселіп кеткенін жазды.
"20 қабатты үйдің 8-ші қабатындамыз. Видеоны дыбысымен көріңіздер. Ғимараттың қабырғалары шытынай жөнелді. Барлығыңызға бұл күндері өте абай болуға кеңес беремін. Бәлкім, үйде отырмай, сыртта болған жөн. Себебі, афтершоктар, яғни зілзаланың толқындары қайталануы мүмкін", – деп баяндады Батумиден Николай Левщиц есімді тұрғын.
Сирияның Денсаулық сақтау министрі елде жер сілкінісі кезінде қаза тапқандар саны кем дегенде 538 адамға жеткенін хабарлады. Тағы 1089 адам зардап шеккен. Мерт болғандар арасында Сирияның премьер-министрінің әпкесі Насуб Арнус, оның бірнеше баласы және немерелері бар, деп хабарлады сириялық Al-Watan газеті.
Жерасты тербелістері сонымен қатар Ирактың Бағдадында, Израильде, Абхазияда, Кипрде және басқа елдерде тіркелді. 3–4 балдық сілкініс Армения астанасы Ереванда, Гюмри қаласында байқалған. Армения қауырт желі ашты. Бірақ жер сілкінісінің ең ауыр зардаптары Түркияның еншісіне тиді.
"Зілзала елдің 8–10 өңірінде сезілді. Жер астында ұзындығы шамамен 180 километрге баратын жарық пайда болды. Ол тура Шығыс Анадолы жерасты жарығының сызығы бойымен өрістеді. Бұл 1999 жылғы 17 тамыздағы ең қуатты жер сілкінісінен кейінгі болып отырған аса ірі апат", – деді Богазичи университетінің Кандилли обсерваториясының және жер сілкіністерін зерттеу институтының директоры, проефссор Халук Өзенер (Haluk Özener) DHA агенттігіне сұхбатында.
Ол афтершоктар ұзақ уақыт бойы жалғасуы мүмкін екенін ескертті және зілзаладан зақымданған ғимараттарға кірмеуге шақырды.
Түріктің тағы бір ғалымы, геофизик Ахмет Эрджан Duvar газетіне сұхбатында афтершоктар 2−3 жылға ұзауы ықтимал екенін айтты.
"Жер сілкінісінің қуаттылығы 130 атом бомбасының жарылуына барабар болды", – деген А.Эрджан таяу уақытта Мәрмәр теңізі ауданында жер сілкінісі болуы ықтималдығын жоққа шығарды. Бірақ халықаралық агенттіктер енді Түркияның орталық бөлігінде де 7,8 магнитудада (бұл шамамен 9–10 балға тең) жаңа сілкіністер тіркелгенін жариялады. Бұған қоса, Самсун, Адана, Чорум және басқа қалаларында сезілді.
Жаңа жерасты тербелістері Сирия астанасы Дамаскіде, Латакия провинциясында және басқа қалаларында, бұдан өзге Ливан астанасы Бейрутта байқалған.
Еуропалық–Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) алдын ала дерегінше, сейсмикалық оқиғаның ошағы Түркияның миллионнан астам адам тұратын облыс орталығы Газиантеп (Gaziantep) қаласының жанында, 10 шақырым тереңдікте болған. Кахраманмараш, Газиантеп, Диярбакыр, Адана, Шанлыурфа қалалары қатты зардап шеккені хабарланды.
Кейінгі кезде Түркияда жер сілкіністерінің жиілей бастағаны шошынтады. Былтырғы 2022 жылдың қараша айының соңында Дүзже (Düzce) қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай, 14 километр жерде 5,9 магнитудадағы жерасты тербелістері болған. Оның ошағы 6 шақырым тереңдікте орналасыпты. Ол кезде адам шығыны болмаған. Бірақ 90 адам зардап шеккен, 300-ден аса ғимарат бүлінген.
Белгілі түрік ғалымы, профессор Шенгер Джелалдың пікірінше, Дүзжедегі табиғи апат "алғашқы дабыл", алда одан да қуатты сейсмикалық апат келе жатқанын білдіретін бірінші ескерту болғанға ұқсайды. Ғалым әр елде жүз мыңға дейін адамды құрбан етуі ықтимал алапат зілзалаға дайындалған жөн деп отыр. Өйткені бір Түркияның өзінде ғана соңғы жылдары тұңғиық шыңырауда 100-ден астам жаңа тектоникалық жарықтар пайда болған. Геологтар да кейінгі уақытта Жер шарының терең қойнауларында өте салмақты процесстер жүріп жатқанына назар аудартқан.
Халықаралық ғалымдар Ыстамбұл ауданында да сейсмикалық ірі оқиғалар шамамен әрбір 30 жыл сайын циклды түрде қайталанатынын анықтады. Әсіресе, Ыстамбұл қаласының орталық бөлігі, Босфордағы "Алтын мүйіз" (түріктер Haliç атайды) шығанағы ауданы қауіпті аймаққа жатады деген болжам бар.
Түркияда 17 мың адамның өмірін жалмаған, тағы 25 мың адамды жаралаған және 600 мың адамды баспанасыз қалдырған ғаламат зілзала 1999 жылғы 17 тамызда болды.
Ендігі цикл ағымдағы 20-шы жылдардың ортасына не соңына қарай, яғни алдағы жылдары болуы ықтимал және мүмкіндігінше, қам-қарекет жасау керек.
Өз кезегінде Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған бұл жер сілкінісін ауқымы жөнінен 1939 жылғы Ерзинжан (Erzincan) зілзаласынан бергі ең ірі апат деп атады. Ерзинжан өлкесіндегі зілзалада 32 968 адам опат болды, тағы шамамен 100 мыңдай адам жараланды. Сілкіністің соңы орасан цунамиге ұласқан.
Түркияда және Сирияда бұл жолғы зілзала салдарынан қаза тапқандар саны алдын ала деректер бойынша 2,6 мыңнан асып кетті. 3 мыңнан аса ғимарат қираған.
Түркиялық агенттіктердің мәліметінше, Газиантепте 7,4 магнитудағы сілкіністер кезінде ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасы тізіміне енгізілген байырғы тарихи қамал тып-типыл болып, күйреген.
Гази Университетінің профессоры Самет Арсланның түсіндіруінше, Орталық Анадолу өлкесі тереңдіктегі жарық сызығының ең ортасында орын тепкен. Жарық батысқа қарай тоқтаусыз тектоникалық ығысып барады. Салдарынан туындаған кернеу шырқау шегіне жеткенде ол тосын жерасты тербелістері түрінде көрініс береді.
Жалпы, бұдан Қазақстан да сабақ алған жөн. Сейсмикалық бақылау желісі жақсы дамыған Түркияда ахуал мынадай болып жатқанда, жете қаржыландырмау кесірінен бұл саласы деградацияға ұшыраған Қазақстанның жағдайы одан да мүшкіл болуы ғажап емес.
Zakon.kz журналисіне сұхбат берген Қазақстанның ТЖМ Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбековтың айтуынша, Шығыс Қазақстаннан бастап, Қызылордаға дейінгі өңірлер, яғни елдің жартысына жуығы сейсмикалық қауіпті орындар саналады екен. Оларда жерасты тербелістері 7-ден 9 балға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе, Алматы өңірі бұл тұрғыда бүкіл Орталық Азиядағы ең қауіпті орын саналады.
"Қазақстандық сейсмолог ғалымдар ел аумағындағы зілзала қаупін бағалау бағытында ұдайы жұмыс істеуде. Ортақ сейсмологиялық аудандау, аймақтарға бөлу карталарын әзірлеп жатыр. Онда сейсмикалық қауіпті, сілкіністі генерациялайтын аймақтар, әр өлкеміздің сейсмикалық әлеуеті көрсетілген. Сонымен қатар әрбір қалаға арналған карталар да жасалады. Мысалы, Алматы қаласы үшін құрылыс-нормативтік қағидалардан тұратын сейсмикалық микроаймақ картасы дайындалды. Барлық құрылыс компаниялары қалада ғимарат салғанда соны басшылыққа алуға тиіс", – деді Нұрсәрсен Өзбеков.
Ол 2023 жылы Алматы өңірінде жеті балдық ірі жер сілкінісі болжанбайтыны жеткізді. Дегенмен, соңғы 5 жылда Қазақстан аумағында 66 сейсмикалық оқиға тіркелген: 2018 жылы – 20, 2019 жылы – 11, 2020 жылы – 15, 2021 жылы – 11, 2022 жылы – 9. Бұған дейін соңғы салмақты зілзала 2022 жылғы 28 желтоқсанда Алматы жақта тіркелген.
Алайда Түркияда 6 ақпаннан бері жалғасып жатқан алапат табиғи апат аясында Қазақстан Үкіметі де сейсмология саласына баса мән беріп, жауапты ұйымдарды толыққанды жабдықтағаны жөн.
Түркияға да зілзала қаупі жоғары өңірлер картасын қайта қарауға тура келуі мүмкін. Себебі қолданыстағы карта бойынша Түркияда бірінші дәрежелі жер сілкінісі аймақтарына Измир, Балыкесир, Маниса, Мугла, Айдын, Денизли, Испарта, Ушак, Бурса, Биледжик Ялова, Сакарья, Дюздже, Коджаэли, Киршехир, Болу, Карабук, Хатай, Бартин, Чанкири, Токат, Амасья, Чанаккале, Эрзинджан, Тунджели, Бингол, Муш, Хаккари, Османие, Кырыккале және Сирт жатады деп көрсетілген. Ал бұл жолы ең көп зардап шеккен Кахраманмараш екінші, Газиантеп үшінші дәрежелі өңірлерге енген еді.
Шығыс және Солтүстік Анадолы жарығы бірлесе отырып, Анадолы плитасының батысқа қарай қозғалысын қамтамасыз етеді. Бұл ретте Анадолы плитасының Еуразиялық плитамен қақтығысуы да жалғасып жатқаны мәлім болды.