Қазақстан аумағы Түркиямен шектеспейді. Сондықтан Түркияға елімізден тек ұшақтармен қатынау жолға қойылған.
Дегенмен, әуе көлігімен сапарлаудан қорқатын азаматтарға жердегі көлікпен жетуге мүмкіндік пайда болуда. Бірақ ол үшін көрші Ресейге баруға тура келеді.
Түркия мен Ресей 2025 жылғы наурыз айынан бастап өзара халықаралық автобустардың жаңа рейсін жолға қоюға келісті.
"Биылғы 15 наурыздан бастап туристер Ростов-на-Донудан Аланияға дейін автобуспен қатынай алады. Рейс аптасына бір рет жасалады. Апта сайынғы рейстерді түріктің Luks Yilmaz тасымалдаушысы орындайтын болады", – деп хабарлады ресейлік "Тонкости туризма" порталы.
Дегенмен, Украинаның Донецк облысымен шектесетін Ростов-на-Дону қаласы да, Ростов облысы да майдан даласына тым жақын орналасқан. Сондықтан бұл автобустік сапарға бел буған қазақстандықтарға бағыт бойындағы Краснодар өлкесін таңдағаны орындырақ болуы мүмкін.
"Rome2Rio" бүкіл әлем бойынша мультимодальді көлік сапарларын онлайн жоспарлау сервисінің дерегінше, Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласынан ресейлік Краснодарға 2 тәсілмен жетуге болады.
Автобусты таңдағандардың бұл бағытқа орта есеппен 28 сағат уақыты кетеді. Ал, пойызбен Орал-Краснодар бағыты 29-30 сағатты алуы мүмкін. Ол жаққа бара жатқандардың жеке көлігінен орын таба алғандар орта есеппен 20 сағатта жететін көрінеді.
Түркияға бағытталған рейс әрі қарай Краснодар қаласынан Солтүстік Осетияның Владикавказ шаһарына бет қояды. Одан кейін Грузияның Батуми қаласына барады.
Содан соң Қара теңіз жағалауындағы түріктің Трабзон (Trabzon) қаласына жетеді. Одан әрі автобус Самсун, ел астанасы Анкара және Мерсин мегаполистерін аралайды. Ақыр соңында туристік жерұйық Аланияға жетіп тоқтайды.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей – Грузия – Түркия автобустік қатынасы шамамен 2 тәуліктей мерзімге созылады.
Бұл ретте жолаушылар әбден жолсоқты болып қалмауы үшін әрбір 3-4 сағат сайын аялдау қарастырылған.
Автобустік рейстің билет құны 110 доллардан басталады. Тасымалдаушының хабарлауынша, бұл сомаға сондай-ақ 35 келіге дейінгі багаж, сусындар (негізінен, су мен шай) және лимитсіз Wi-Fi кіреді.
Luks Yilmaz Turizm компаниясы жолаушылар тасымалы жайлы Mercedes Benz автобустарымен жасалатынын мәлім етті. Алайда оның ішінде жатын орын қарастырылмаған. Жол бойы жолаушылар отырған күйде ұйықтайды.
"Грузияға кіргенде және шыққанда жолаушыларға барлық жүктерімен бірге автобустан түсіп, бірнеше рет паспорттық бақылаудан және тексеруден өтуіне тура келеді. Бұрын автобуспен бірге өтетін, енді Грузия бақылаудың жаңа шарттарын енгізді. Бұл біраз уақытты алады, жолаушыларымызға тағат-төзім танытуын сұраймыз", – деді компания өкілдері.
Түркияда әрбір аялдамада ыстық тамақ, десерт, шай бар, алайда олар ақылы, қонақтардың өз қалтасынан шығын шығаруы қажет болады.
Айта кету керек, Luks Yilmaz компаниясы бүгінде Түркия мен Ресей арасында Махачқала, Грозный – Ыстамбұл рейстерін де жолға қойды. Оның сапары шамамен 38 сағатқа созылады.
Автобуста жолаушылардың жол бойы қақиып отыратын қолайсыздығы сыртында, таулы-тасты, құзды-жарлы тұстардан өткенде немесе жүргізушісі қалғып кеткенде, апатқа ұшырау қаупі де бар.
Luks Yilmaz компаниясы бұған жол бермеу үшін автобуста екі жүргізуші жол бойы бірін-бірі алмастырып, үнемі тынығып отыратынын, ал, аялдамаларда жүргізушілерге тегін ыстық тамақ беріліп, автобустар техникалық қызмет көрсетуден өтетінін мәлім етті.
Түркияға автобуспен қатынауды таңдамас бұрын мына жайтқа назар аудара кеткеніңіз жөн. TürkStat статистика институтының дерегінше, 2024 жылдың 9 айында елде 518 496 жол апаты болған. Оның 226 044-і адам өлімімен немесе адамдардың салмақты жарақатымен аяқталды.
Жол-көлік оқиғаларының үлкен бір бөлігі автобустармен байланысты. Осы орайда "Түркияда туристік автобустардың қатысуымен апаттар саны неге жиілеп кетті?" деген сұрақ та қойылып тұрады.
Анталияның туристік көліктер жүргізушілері қауымдастығының президенті Али Риза Йеничиктының байламынша, ЖКО-ларға негізінен туристік көлік жүргізушісінің шаршауы себеп болады. Өйткені еш ауыстырусыз, күніне 8 сағаттан артық, соның ішінде күндіз-түні жұмыс істейді.
Оның айтуынша, заң бойынша жүргізуші ең көп дегенде 8 сағат жұмыс істеуге және арасында 1-1,5 сағат тынығуға тиіс. Алайда туризм саласында жұмыс істейтін жүргізушілердің көпшілігінде техникалық қызмет көрсету және салонды жинау бойынша көмекшілері жоқ.
Соның кесірінен тынығу, аялдау уақытында жүргізуші дамылдамайды, осындай шаруалармен, автобусты жөнге келтірумен айналысады.
Оның үстіне тынығуға келген саяхатшылардың бір бөлігі көлік ішінде өзін нашар ұстайтыны мәлім. Мысалы, ішіп алғаны, жол соққаны құсып, не қоқыс лақтырып салонды былғайды, арсыздары тіпті жүргізушімен жаға жыртысуға барады. Сондай-ақ, "шайлық" бермейтіні, алғыс айтпайтыны да жүргізушілердің жүйкесін жұқартады.
Жүргізушілер жолдағы дүкендер, базарлар, дәмханалар, қонақүйлер басшылығымен келісіп, оларға турист-клиенттерді әкелгені үшін тегін түстенеді немесе тынығады. Ал, ондай келісімі жоқ автобус жүргізушілеріне автобус ішінде ұйықтауға тура келеді.
"Автобус жүргізушілерінің көбі дұрыс тамақтанбайды, қанып ұйықтамайды, уақытылы суға түспейді. Туристік маусым қызған шағында оларға демалыс күндері берілмейді. Олар таң азанда тұрып, түн ауғанша көлік басқаруға мәжбүр болады", – деді анталиялық жүргізушілер қауымдастығының басшысы.
Йеничыкты автобус жүргізушілерінің жалақысының тым төмен екенін қаперге салды. Олардың біразы жеке баспана сатып алуға жинақ жинай бермейді, жалдап тұрады. Кейбірі тапқан-таянғаны өз басынан әзер артылатындықтан үйленіп, отау құра алмайды.
Үйлі болғандары отбасының қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алмай, стреске душар болады. Көбірек табыс табу үшін мерзімінен тыс ("сверхурочно") істеуге көнетіндері жетерлік.
"Қолы ашық туристер аз. Шайлық беретіндері азайды. Түркияда көлік сатып алғанда төленетін алым-салық өте жоғары. Содан автобус және басқа көлік өте көп және ұзақ пайдаланылады, тозады. Яғни, тере берсе, жол-көлік оқиғаларына себепкер болуы мүмкін факторлар көп. Туристік ағынның өсуімен бірге білікті жүргізуші кадрлерге қатысты ахуал тек нашарлауда. Көлік – көп, шебері – кем", – деді түркиялық сарапшы.
Шынында да, биыл Түркияға жазғы турлар екі есе танымал бола түсті. Бұған Мысыр бағытының қымбаттауы да ықпал етсе керек.
Түркияға 2025 жылғы жазға арналған туристік жолдамалардың сатылу көлемі былтырғы көрсеткіштен 2-2,5 есеге артқан. Сонымен бірге, Түркияға туржолдама да 2024 жылғыдан орта есеппен 5%-ға қымбаттады.