Түрме қызметкерлері былтырдан бері жалақысыз отыр

2180

Талабы орындалмаса, олар митингке шығып, петиция жарияламақ. 

Түрме қызметкерлері былтырдан бері жалақысыз отыр

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің "Еңбек" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Еңбек-Ақтөбе" филиалы жұмыскерлері ұжымдық шағым жолдады.  

Олар бүкіл әлем және Қазақстан коронавирустық пандемиямен  күресіп жатқан қауырт шақта өздерінің жұмыс орындарында қалып, Ақтөбе облысындағы пенитенциарлық жүйе мекемелерінің тіршілік қызметін қамтамасыз етуді жалғастырғаны жөнінде құлағдар етті. Алайда қаржысы таусылған олар шыдамы да шегіне жеткенін ашық айтты.

"Мемлекет басшысының қолдауымен Үкімет ел басына түскен қиындықты жеңілдетуге күш салуда: кәсіпорындар жалақыны уақытылы төлеуде, табысын жоғалтқандарға әлеуметтік көмек берілуде. Алайда бұл іс-қимылдан ІІМ-ге қарасты "Еңбек" кәсіпорнының басшылығы тыс қалды. Ол 2019 жылғы үш ай және биылғы жыл үшін жалақы төлемей отыр. Оны азсынғандай, заңнама талаптарын өрескел бұза отырып, өз өкілеттігін асыра пайдаланып, Үкімет шешімінсіз, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнынды қайта құруды жүзеге асыруда, штаттық санды қысқартып, лауазымдық айлықақы көлемін азайтуда", – дейді шағым хат жазғандар.

Олар қордаланған проблема, күрделенген дағдарыстық жағдай қызметкерлер мен жұмысшылардың қарапайым мұқтаждыққа қаржы таппауына соқтырды дейді.  

"Жағдай бақылауға көнбей құлдырап барады. Барлық жұмыскерлердің асырауында жас балалары, қарт ата-аналары бар. Ақшасы болмағасын, кейбірі жұмыс орнына жете алмайды. Көбі аштықтан арып, жүдеп кетті. Бұл отбасылардағы күйзеліс облыстағы пенитенциарлық жүйе мекемелерін қамтуы ықтимал. Ары қарай бұлай жалғаса беруі мүмкін емес! Әлемдік экономистер болжамынша, коронавируспен байланысты дағдарыстың ізін ала жаһандық экономикалық дағдарыс келеді. Оған "Еңбек-Ақтөбе" қызметкерлері мен жұмысшылары мүлдем дайын емес. Құрметті Премьер-министр, Үкімет мүшелері! Сіздерден бізге маңдай термен тапқан жалақымыз төленуі және қайта құру туралы заңсыз бұйрық жойылуы үшін шұғыл шара қабылдауды табанды сұраймыз!" – делінген ұжымдық шағымда.

Олар 2019 жылдың қазан, қараша және желтоқсан айлары үшін, сондай-ақ 2020 жылдың басынан бері жалақы алммағандарын хабарлады.

Кәсіпорын Ақтөбе облысындағы бас бостандығынан айыру орындарында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асырды. Бұл іске сонымен қатар сотталғандар да тартылды. Басқаша айтқанда, "Еңбек-Ақтөбе" өңірде жазасын өтеуші сотталғандар үшін негізгі жұмыс беруші болған.

Жалақының төленбеуіне "Еңбек-Ақтөбе" кәсіпорнының есепшотының бұғатталуы ықпал етсе керек. Өйткені оның жеткізушілер алдында кредиторлық берешегі қордаланып қалған. Салдарынан, кәсіпорын жұмыскерлері, темір торда отырғандар жасаған өнім, орындаған жұмыс және көрсеткен қызмет ақысы бас кәсіпорын саналатын "Еңбек" РМК-сы есепшотына түседі екен. Өз кезегінде "Еңбек" ол ақша есебінен ұн, дизель отыны, табиғи газ және басқа да шикізат сатып алады.

"Қызметкерлер мен жалдамалы жұмысшылардың жалақысын мүлдем төлемейді. Сотталғандардың жалақысы бірнеше рет ескертулерден кейін берілді. 2019 жылғы қазан айынан бері біз жалақыға қатысты бас кәсіпорынға төрт рет жазбаша өтінішпен жүгіндік. Соңғысы 2020 жылғы 6 наурызда жолданды. Олардың барлығы жауапсыз қалды. 12 наурызда біз ішкі істер министріне Egov порталы арқылы арыз жаздық. Содан кейін тек 2020 жылдың ақпаны үшін ғана жалақы аударылды. Жұмыскерлер отбасын асырауда, коммуналдық төлем төлеуде, банк несиелерін өтеуде проблемаға жолығып отыр. Кейбірі жұмыс орнына келуге көлікке ақша таппайды. Жұмысшылар газ отынымен жұмыс істейтін қондырғыларға қызмет көрсетеді. Олар жұмысына шықпай қалса, түзеу мекемелерінде төтенше жағдай туындауы, қазандық және басқа да өндірістік құрылғылар істен шығуы мүмкін", – дейді шағымданушылар.

Сондай-ақ кәсіпорын былтырғы 2019 жылғы сәуір айынан бастап БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын аударуды да қойғаны айтылады.

17 сәуірде "Еңбек" РМК-сы 2020 жылғы мамырдан "Еңбек-Ақтөбе" филиалының қызметі тоқтатылатыны туралы бұйрықты жолдады. Енді кәсіпорын еңбеккерлері қаражаттарын алу үмітінен айырыла бастады.

"Жалақы төлеу бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, біз санкцияланған митингке шығып, петиция жариялауға мәжбүр боламыз", – дейді шағым иелері. Хат соңында мекеменің аға экономисті Е.Кимбаева, кадр жөніндегі менеджері К.Қарымсақова, қойма меңгерушісі М.Сұлтамұратов, сатып алу маманы Б.Қуанышева, шебер М.Сисенғалиев, барлығы жиырмадан аса жұмыскердің аты көрсетілген.

Бұл мәселені Ақтөбе облысының әкімдігі де қарапты.

"24 сәуірде еңбек инспекциясы басқармасына "Еңбек-Ақтөбе" филиалында қалыптасқан жағдай жөнінде 24 адамнан ұжымдық өтініш түсті. Олар еңбек заңнамасы бұзылғанын, жалақы төленбейтінін мәселе етіп көтерді. Сонымен бірге "Еңбек-Ақтөбе" филиалының қызметі тоқтатылғаны туралы 17 сәуірдегі №330- л/с бұйрығы қабылданыпты. Кәсіпорын жұмысын тоқтатқандықтан, бүгінде өтініштегі мәселелер бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізу мүмкін болмай отыр", – деп мәлім етті Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өз блогында.

Жалпы, кәсіпорынды біраздан бері дау-жанжалдар айналсоқтап алды. Мәселен, биылғы 9 сәуірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі ІІМ-нің "Еңбек-Ақтөбе" РМК директорына іздеу жариялады. Агенттіктің дерегінше, ол "КА-168/1 мекемесін күзетудің инженерлік-техникалық құралдарын күрделі жөндеуге бөлінген 5 млн теңге бюджет қаражатын ұрлады". Қазіргі кезде күдікті қолға түсіп, қамауға алыныпты. Ол Ақтөбенің уақытша ұстау оқшаулағышында отырған көрінеді.

2020 жылғы қаңтарда антикоррупциялық қызмет "Еңбек-Ақтөбе" филиалы директорының міндетін атқарушыға қатысты да сотқа дейінгі тергеу істерін бастады. Ол Қандыағаш қаласының паркін абаттандыруға арналған бюджет қаражаттарына қол жеткізуде жалпы қорғаншылық жасау үшін 700 мың теңге пара алды деген күдікке ілікті. Айыбын мойындағандықтан тұтқындалмады. Оның айыбын сот анықтайды.

2013 жылы "Еңбектің" ақтөбелік бөлімшесінің басшылығы қаржы полициясының құрығына түсті. Сонда экс-директор және бухгалтер әртүрлі алаяқтық жолмен 88 миллион теңгені қалталарына басыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу