Жергілікті монополист – "Спецмашин" ЖШС тұрмыстық қалдықтарды жинап, полигонға шығарғаны үшін тұрғындардан алатын ақыны арттыруды көздеп отыр. Алайда жұртшылық мұнымен келіспейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы тұрғын үйлердің ауласында жиналған қоқысты "Спецмашин" кәсіпорны шығаруға жауапты. Бүгінде бұл қызметі үшін пәтерлерде тіркелген әр азаматтан 322,73 теңге алады. Ал жер үйдің иелері 331 теңге төлейді.
Айта кетейік, бұл тариф 2020 жылы бекітілген болатын. Оған дейін 7 жыл бойы павлодарлықтар қоқыс шығарғаны үшін 159 теңге төлеп келді. Осы уақыт аралығында кәсіпорын басшылығы шығынның көбейіп, қарызға батып жатқанын алға тартып, тарифті көтеруге қатысты бірнеше рет ұсыныс жасады. Сол 2020 жылы қызмет көрсетуші ұйымның басқа мекемелер алдындағы берешегі 25 млн теңгеден асып жығылатынын да жариялаған болатын. Алайда жергілікті билік пен мәслихат монополисттің ұсынысын бірнеше рет кері қайтарып отырды.
"Онда көкесінді көрсетейін" деген сыңай танытты ма, әйтеуір "Спецмашин" ЖШС қыста бір, жазда бір аулалардан қалдықтары жинамай, жұртқа да, шенеуніктерге мінез көрсеткен еді. Қала қалдықтың құрсауында қалып, аяқ жүргісіз жағдайға жетті. Амал жоқ, талаптарына көніп, тарифті көтеруге тура келді. Сол кезде ол шамамен екі есеге көбейді.
Енді монополист кәсіпорын коммуналдық қызмет ақысын тағы да арттыруға бейілді болып отыр. Ашық нормативті-құқықтық актілер сайтында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау тарифін көтеруге қатысты жобаны жариялады. Ол 19 желтоқсанға дейін талқыланады.
Жобаға сәйкес, келесі жылы көпқабатты үйлердің тұрғындары қалдық шығарғаны үшін 490 теңге, жеке меншік баспаналардың иелері 554 теңге төлеуі тиіс.
Кәсіпорын басшылығы мұны қызметті жетілдіру қажеттілігімен түсіндірді. Олардың пайымынша, тариф көтерілсе, жаңа техникалар сатып алып, жұмысшылардың жалақысын өсіруге мүмкіндік туады.
"Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасу және көму қызметінің құны 322,73 теңге көлемінде сақталған. Бұл - Қазақстандағы ең арзан бағалардың бірі. Барлығымыз да таза қалада өмір сүргіміз келеді. Өкінішке қарай, қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеуге қыруар ақша керек. Қызметкерлердің жалақысын да көтеру қажеттілігі бар. Бұл шығындарды төмен тариф есебінен жаба алмаймыз. Әрине мүгедектер, ҰОС ардагерлері мен қатысушылары, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар және тағы басқа әлеуметтік санаттарға жататын азаматтарға арнайы тариф қарастырылады", - дейді кәсіпорын өкілдері.
Облысқа қарасты Ақсу қаласындағы "Горкомхоз Ақсу" кәсіпорны да тұрмыстық қалдықтарға қатысты белгіленген тарифті көбейтуді қалайды. Олардың ұсынысы бойынша, көпқабатты тұрғын үйлердің иелері әр адам үшін 470 теңге, жер үйдің азаматтары 482 теңге төлеуі керек. Бұл қалада тариф соңғы рет 2018 жылы өзгерген болатын. Соған сәйкес, бүгінде тұрғындар үйінің санатына қарай 261 және 267 теңге төлейді.
Монополист компаниялардың мұндай ұсыныстары көптің көңілінен шыға қойған жоқ. Мәселен, Ақсу қаласының тұрғыны Татьяна Шмидт алдымен қоқысты аулалардан әкету мәселесін бір ізге келтіру керек деп есептейді.
"Біз тұрмыстық қалдықты шығарғанымыз үшін ай сайынғы ақыны уақытылы төлейміз. Соған қарамастан, ескі Ермак ауданынан қоқыстың шығарылмағанына екі апта болды. "Сендерге кезек келген жоқ" деп жауап қайырады. Бағаны көтермес бұрын алдымен осы мәселені шешіп алу қажет", - дейді тұрғын.
Ал облыс орталығындағы жер үйлерде тұратын азаматтар оларға белгіленген тарифтің не себепті көпқабатты баспанадан жоғары екенін түсінбей дал.
"Біз пештен шығатын күл үшін жеке ақы төлейміз. Олай болса, неге жеке сектор көппәтерлі үйден ақыны көп төлеуі керек? Бұл – әділетсіздік", - дейді Павлодар қаласының Наталья есімді тұрғыны.
Жергілікті билік мұның барлығы әлі талқыланып жатқанын мәселе екенін алға тартып, жылы жауып қоюға бейілді сияқты. Ендігі шешімді мәслихат депутаттары шығарады. Жұртшылықтың олардың жұмысына қатысты да айтары бар. Мәселен, Александр Кожакар есімді тұрғын әлеуметтік желіде халық сайлаған депутаттар неге қарапайым көпшіліктің қалтасына салмақ салмаудың емес, жекелеген кәсіпорындардың табысын арттырудың қамын ойлайды деген сауал қойған екен. Шынымен, неге? Қалай болғанда да келесі жылы тұрғындарға қалдықты шығарғаны үшін қазіргіден екі есе артық ақша төлеуге тура келетін түрі бар.