Тұтынушы құқығы дегеніміз не?

ҚР азаматтары өздерінің тұтынушы құқықтарын әлі толық білмейді.

Тұтынушы құқығы дегеніміз не?

Мамандардың айтуынша, 2019 жылы отандастарымыздың 60% - ға жуығы сапасыз тауар сатып алу және қызмет көрсету жағдайында өзінің тұтыну құқығын қорғауға тырыспаған. Бұған жай ғана салғырттық деп қарамау қажет, ең алдымен зайырлы елде өмір сүретіндіктен, заң сатып алушының жағында.  Сатып алған затына көңілі толмаған жандардың шағымын сотқа дейін шешкендер небәрі 14%-ды құраса, 4%-ы ғана сотқа жүгінген, 24%-ы түрлі мемлекеттік құрылымдардан көмек сұраған.

Ең алдымен неге назар аудару керек?

 "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының белгілі бір қағидалары мен нормаларын білу мұндай мәселелерді жылдам әрі нәтижелі шешуге көмектеседі. Ең алдымен, сатушының үстінен шағым айтпас бұрын қолыңызда қандай айғақтарыңыздың барына назар аудару керек? Мәселен, ұялы телефон сатып алынды делік, бұл кезде мүмкіндігінше тауардың жарамдылығын тексеру, төлем жасалғандығын растайтын чек, сатып алынған заттың паспорты мен кепілдік талонының болуына назар аудару қажет.

Заңның 29-бабының 2-тармақшасына сәйкес сол және өзге бұйымды сатып алу кезінде сатушы, егер бұл тауардың сипатына қарай мүмкін болса, тауардың қасиеттері мен оны пайдалануды көрсетуге және тұтынушыға тауар сапасы туралы берілген ақпаратқа және шарттың талаптарына сай келетін тауарды беруге міндетті. Сол жерде аспаптың жиынтықтары тексеріледі. Тұтынушының талабы бойынша оған тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар ұсынылады. Сатып алушы алынған тауардың ақауы туралы алдын ала хабардар болған жөн. Кей дүкендерде  жеңілдікпен сатылған тауарларға айырбас жасамай жатады.  Сатып алушы тауарды қолдану ережесін өзі бұзған жағдайда  кепілді жөндеу немесе сатып алынған затты айырбастау мүмкін емес.

Заңға арыздану мәтінінде не көрсетілуге тиіс?

Сатып алушының құқығы Заңның 22-бабына сәйкес ұсынылады. Мәтінде не көрсетілуге тиіс: тауардың меншік иесінің нақты атауы, себебі сатушы тауарды  қожайынның атынан сататын жалдамалы жұмысшы болуы мүмкін.  (Бұл деректерді тұтынушы төлем құжатынан біле алады). Сауда орнының дұрыс мекенжайын көрсету қажет. "Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының тиісті нормаларына сілтеме де болуы тиіс.

Егер тауардың жарамсыздығы тұтынушының кінәсінен болмағаны дәлелденсе, дүкен клиенттің талаптарын орындап, дереу ақшасын қайтаруға міндетті. Егер дүкен талапты орындауда Заңда белгіленген мерзімнен асырса, әрбір мерзімін өткізіп алған күн  үшін тауар құнының 1%-ы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға болады.

Заңдық сараптама құнын қай тарап төлейді?

ҚР заңының 30-бабы 2-тармағына сәйкес, тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы немесе дайындаушы оны дереу ауыстыруға міндетті. Ал тауардың сапасына сараптама жасауды талап ететін қосымша тексеру қажет болған кезде, оны бір мезгілде істеу мүмкін емес. Мұндай әрекеттерге тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн беріледі. Егер бұйым бастапқыда-ақ сапасыз болғандығы анықталса, ол қолданыста болмаған осыған ұқсас жаңа тауарға айырбастауға тиіс. Егер талап қойылған кезде сатушыда (дайындаушыда) ауыстыруға қажетті тауар болмаса, ауыстыру талап қойылған күннен бастап он күн ішінде жүргізілуге тиіс. Тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы (дайындаушы) төлейді.

Тұтынушы тауардың сапасын тексеру мен сараптама жүргізуге өзі немесе өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ өз қаражаты есебінен өткізуге де құқылы. Тауарды (жинақтаушы бұйымды) ауыстырған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі қайта есептелетінін ескеру қажет.

Айдана Тілеуғабылова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу