Мерекелік үстел неге кәсіпкерді мұңайтады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2743

Кейбір кәсіпкер ұзақ демалысы мен "қонақ шақырулары" бар үлкен мерекелерді алаңдай күтеді екен.

Мерекелік үстел неге кәсіпкерді мұңайтады

"Мереке-мейрам атаулыдан қорқатын болдық" дейді олар.

Себебі, қазақстандықтар арасында көп қонақ шақыратын кезде жиһаз дүкенінен үстел мен орындықтар сатып алып, той тарқағаннан кейін кері қайтарып тастайтын "жаман дәстүр" пайда болған.

Соған жолыққан бірқатар бизнесмендер шағым айтып, кәсіпкерлердің құқық қорғау кеңестеріне жүгінуде. 

"Кейінгі кездері тауарды негізсіз кері қайтарып тастау оқиғалары жиілеп кетті. Бизнесмендер әсіресе, мерекелер қарсаңында көп зардап шегеді: адал емес сатып алушылар әртүрлі жиһаздарды сатып алады, шамалы уақыт пайдаланады да, кері әкеп тастап, ақшаларын қайтарып алады. Біз бұдан шығын шегудеміз. Жақында болған деректі мысалға келтірейін, бір қыз бізден матрас сатып алды, 3 күн өткен соң, кері әкеліп тұр. Жатуға жайсыз екен дейді. Бірақ матрастың зауыттық сыртқы қабы бүлінген, оны шынайы бағасына енді сата алмаймыз. Біз қайтарылатын тауар орнына соған ұқсас басқа тауарды алуды ұсынамыз, бірақ сатып алушылар одан бас тартады. Өткен жылы, мысалға, Наурыз мейрамынан кейін 6 үстелді қайта әкелді. Біз мерекелерден қорқатын болдық", – дейді жиһаз сатумен айналысатын "Малимоненко жеке кәсіпкерлігінің" төрағасы Сергей Шнайдер.

Тұтынушыларға ішкі киімдер мен шұлықтан басқа тауарлардың көңілден шықпаған кез келген түрін екі апта пайдаланғаннан кейін кері әкеліп тапсыруға "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 14-ші және 15-ші баптары мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, осы заңның "Тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқығы" деп аталатын 14-ші бабының 1-ші тармағында: "Сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап 14 күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы (дайындаушы) хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы", – делінген.

Ал 2-ші тармағына сәйкес, сатып алушы айырбастау үшін өзіне ұнайтын басқа тауарды таппаса, ақшасын қайтарып ала алады: "Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы".

Айтқандай, бұл дамыған елдерде де таралған тәсіл. Мәселен, АҚШ-тың өзінде би кештерінде, мерекелерде, тойларда этикеткасы үзіп тасталмаған киімді киіп жүрген адамдарды жолықтыруға болады. Бұл олардың киімнің салпыншақ заттаңбасын жұлып тастауды ұмытып кеткен алаңғасарлығынан емес. Көбіне көп, ондай жағдайларда адамдар бір-ақ рет болатын той-томалаққа киім сатып алуға не прокатқа жүгінуге шығын шығармай-ақ, Amazon Fashion-нан қалаған маркадағы киімді алып, ізінше заттаңбасын бұзбай, кері қайтарады.

Өз бедел-репутациясын ойлаған компаниялардың барлығы еш сөзге келмей, тауарды кері ала береді. Қазақстанда да бизнесмендер батыстық әріптестері салған сол жолмен жүреді. Тұтынушымен салғыласып, істі сотқа дейін жеткізетін кездер сирек.

Әрине, кері оралған тауар қолданыста болған "б/у" өнім ретінде сатылуы керек. Себебі, мысалға, киімдердің, матамен көмкерілген матрастар мен жұмсақ жиһаздардың біраз пайдаланылғаннан кейін санитарлық-гигиеналық жағдайы бұзылады. Тиісінше, оны фабрикадан жаңа шыққан өнім ретінде өткізуге болмайды. Алайда осы тұста алақол кәсіпкерлердің өздері тауардың кері қайтарылғандығын жасырып, оны су жаңа зат ретінде толық бағасына сатып жатады. Егер бүлінгендігін жай көзбен көру мүмкін болмаса, "б/ушный" тауарды жаңасынан айыру қиын екені мәлім. Рас, жаңа қожайын тауардың бұрын қолданыста болғанын тез аңғара қойса, әлгі аталған заңдағы құқығына жүгініп, ол да кері әкеліп тастай алады.

Өз кезегінде кәсіпкерлер енді тұтынушылар құқықтарын қорғайтын заңның 14-ші бабына өзгерістер енгізуді сұрауда. Олар адам тәнінің киім бүркемейтін ашық тұстарымен тікелей жанасатын өнеркәсіптік тауарларды (мысалы, үстел, матрас, кресло, диван, тб.) қайтаруға тыйым салуды өтінеді.

"Әрине, тұтынушылардың әлгіндей теріс қылығы алаңдаушылық тудырады. Әсіресе, өнімді ұқсас тауарға айырбастаудан үзілді-кесілді бас тартатыны күдіктендіреді. Бірақ тұтынушыны ұнамаған тауарын қайтару құқығынан айыруға болмайды, бұл өркениетті елдердің бәрінде бар тәжірибе. Демек, екі тараптың ортасынан шығып, мүдделер тоқайласар тұсты табу, тұтынушының да, сатушының да құқықтарын сақтау қажет", – дейді бұрын судья болған, қазір кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі қостанайлық кеңестің төрағасы Владимир Шакун.

Қазір бұл мәселе "Атамекен" палатасының бақылауында тұрған көрінеді.

Дегенмен, тұтынушылар құқығын қорғайтын заң кесірінен кәсіпкерлер жаппай шығын шегіп, саудасы кері кетіп жатыр деуге болмайды. Керісінше, қазақстандықтардың жиһаз салондарында, киім және басқа да дүкендерде, супер және гипермаркеттерде қалдырып жатқан ақшаларының ауқымы еселеп артуда. Бұл жөнінен биылғы жыл басында тіпті рекорд орнады.

Ұлттық банктің дерегінше, 2019 жылғы қаңтарда, яғни бір-ақ айдағы көтерме және бөлшек сауданың жиынтықты көлемі рекордтық 2,2 триллион теңгеге жеткен. Сөйтіп, өткен жылғыдан 14,2%-ға артты.

Соның ішінде көтерме сауда 1,5 триллион теңгені, ал бөлшек сауда – 694,6 миллиард теңгені құрады.

Ал осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде көтерме сауда көлемінің өзі қазіргі бөлшек саудадай ғана болатын. Тарата айтсақ, 2013 жылғы қаңтарда көтерме сауда ауқымы 811,5 миллиард, бөлшек сауда – 361 миллиард теңге болса, 2014 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше – 943,1 және 397 миллиард, 2015 жылы 1 трлн 36,5 млрд және 446,3 млрд, 2016 жылы – 1 трлн 37,6 млрд және 492,8 млрд, 2017 жылы – 1 трлн 122 млрд және 557,4 млрд, 2018 жылы – 1 трлн 298 млрд және 625,7 млрд теңге болды.

Ендеше кез келген дағдарыстар мен девальвацияларға қарамастан, қазақстандықтар сауда жасап, өнім сатып алуын тыйған жоқ, кесірінше, жыл өткен сайын өрістетуде.

Көтерме сауда әсіресе, Алматыда қызуда: көтерме сатып алудың жалпы көлеміндегі 44,5%-ды немесе 668,5 млрд теңгесін жалғыз осы мегаполис иеленеді. Алатау бөктеріндегі қала көтерме сауда көлемін былтырғы қаңтардан бері 5,9%-ға арттырыпты.

Екінші орында 270 млрд теңгеге көтерме сауда жасаған Астана келеді. Оның өсімі 8,9%. Алайда өзге өңірлердің қарқын қосуы нәтижесінде елорданың үлесі 19,1%-дан 18%-ға түсті.

Үштікті 207,3 млрд теңге көрсеткішімен Атырау облысы тұйықтайды. Оның өсімі ғаламат – 2,1 есе. Сәйкесінше, Қазақстандағы үлесі 7,6%-дан 13,8%-ға дейін еселеп ұлғайды.

Бөлшек саудада да алматылықтар алда: қала тұрғындары тек қаңтар айында ғана әмияндары мен карточкаларынан 223,6 млрд теңге жұмсаған. Осылайша, өткен жылғыдан 13,5%-ға өсірді. Еліміздегі Алматының үлесі 31,5%-дан 32,2%-ға дейін ұлғайды.

Екінші орында қайтадан Астана: елордалықтар бір айда сауда желілерінде 74,4 млрд теңге қалдырған. Өсімі – 14%. Үлесі 10,4%-дан 10,7%-ға дейін шамалы көбейген.

Үштікке Қарағанды облысы ілікті: көрсеткіші 68,3 млрд теңге, бір жыл ішіндегі өсімі 10,7%. Бірақ үлесі 9,9%-дан 9,8%-ға сәл кеміген.

Жалпы, сауда саласын биыл біраз жаңалық күтіп тұр. Мәселен, осы жылдан бастап, базарларда контейнер не бутик ұстап, сауданы жүзеге асыратын кәсіпкерлер онлайн режимде есеп жолдайтын бақылау-кассалық аппараттар қоюға міндетті. Келесі 2020 жылдан бастап, бұл қатарға патент негізінде жұмыс жасайтын кәсіпкерлер және шаруа қожалықтары қосылады.

Осылайша, мемлекет көлеңкелі экономикамен күресуде.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу