Тұз өндірісі қайта жанданды

Бірақ әзірше ас үйде пайдаланатын өнім алуға мүмкіндік жоқ.

Тұз өндірісі қайта жанданды

Павлодар облысында тұз алатын бірнеше орын бар. Алайда соңғы жылдары олар тұралап қалып, игерілмеген еді. Енді инвестор осы бағыттағы жұмысты қайта жаңғыртпақ. Сөйтіп, Тобылжан көлінен қайтадан тұз алынып, нарыққа жөнелтіле бастайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы, Успен ауданында осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын алғаш рет тұз алынған-ды. Оның барлығы сол тұста Ресейге жөнелтіліп отырды. Соның нәтижесінде теміржол мен асфальт жол да салына бастады. Бірақ кейін бұл бағыттағы кәсіпорындар бір жабылып, бір ашылып, тұрақтылық болмай кетті. Сол сияқты бірнеше жыл бұрын кіші Тобылжан көлін игеріп келген "ҚазТұз" ЖШС бес жыл бұрын жұмысын тоқтатты. Сол уақытта аталған компания көлден 30-40 мың тонна тұз алып, оның басым бөлігін Ресейге жөнелтетін еді. Бірақ көлдегі қордың күрт азаюына байланысты жергілікті жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптамалық комиссия 2022 жылға дейін жұмысты уақытша тоқтатты. Мұндай шешім бүкіл тұз өндірісіне емес, жергілікті жұртқа да кері әсерін тигізбей қоймады. Тұрақты табысынан айырылған тұрғындар облыс орталығы мен басқа аудандарға үдере көше бастады. Сөйтіп, елді мекендегі азаматтардың саны айтарлықтай азайды. Айталық, бір кездері Тобылжанда 3 мыңнан астам тұрғын болса, қазір тек 500-ге жуығы тұрады.

Енді бұл елді мекен қайта түлеуі мүмкін. Себебі "ҚазТұз" ЖШС үлкен Тобылжан көліндегі жұмысты қайта жаңғыртпақ. Мұнда соңғы 30 жыл бойы тұз алу жұмыстары жүргізілмеген еді. Сонымен қатар, биыл кіші Тобылжан көлін игеруге қойылған шектеу мерзімі аяқталады. Содан соң кәсіпорын бұл аумақты да өндіріс алаңына айналдыруы бек мүмкін.

"Маусым айында жұмыстар сынақ ретінде басталды. Қазір тұз игеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, бірақ өндірістік көлемде емес. "ҚазТұз" кәсіпорны техникаларын әкеліп, қызметкерлер құрамын жасақтауда", - дейді Равнополь ауылдық округінің әкімі Мұхтар Сқақов.

Бүгінде әзірше 10 жұмыс орны ашылды. Жер игерушіге тиісті лицензия беріліп, тұз алуға болатын шекті көлем белгіленді. Жоспар бойныша, Тобылжаннан 2031 жылға дейін тұз алуға болады. Жоба авторларының сөзінше, оның тұрғындардың денсаулығына да, экологиялық жүйеге де кері әсері жоқ. Керісінше, 20-дан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті бюджетке салық түсіп, ауданға оң әсері тиетін көрінеді.

Айта кетейік, Тобылжанның тұзы жолдарға себу, зауыттардағы сүзгілерді тазалау кезінде қолданылады. Қысқы уақытта төрт түлікке қосымша мал азығы ретінде беруге де болады. Ал ас тұзын өндіруге қатысты нақты жоспар жоқ. Кәсіпорын алдымен техникалық тұз өндірісін оң жолға қоюға ниетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу