Тышқан жылы несімен ерекшеленді?

2270

Бір ғана вирус аз уақыттың ішінде күллі дүниежүзін уысында ұстайды деп кім ойлаған?! Шын мәнінде биылғы жыл Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем есіне COVID-19 пандемиясының таралуымен, жаппай карантиннің жариялануымен есте қалды.  

Тышқан жылы несімен ерекшеленді?

Қалыпты жағдайдан – төтенше жағдайға дейін

Кесе-көлденең келген кеселден адамзат шынымен де абдырап қалды. Басында вирус ошағы – Қытайға қарап алаңдап отырған халық кейін эпидемияның аяқ алысын көріп, өз қамдарын жасай бастады.

Вирус жедел өршігеннен кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылдың 30 қаңтары күні COVID-19 вирусы бойынша төтенше жағдай жариялады. Содан кейін адамзатқа қауіп төндірген кеселді 11 наурыз күні эпидемия емес, пандемия деп мойындады.

Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген қауіпті індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Биылғы наурыз айының басында еліміздің сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вирус жұқтырған екі адам тіркелгенін хабарлады. Осыдан кейін-ақ елдің өмірінде бұрын-оңды болмаған үлкен өзгерістер басталды. Президенттің Қаулысымен 2020  жылғы  16  наурыздағы сағат 08.00-ден бастап, 2020 жылғы 15 сәуірдегі сағат 07.00-ге дейін елімізде төтенше жағдай жарияланды. Кейін жағдайдың өршуіне байланысты елдегі төтенше жағдай тағы бір айға созылып, 11 мамыр күні аяқталды.

Еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық саланың мамандары халықтың денсаулығын қорғау, індетті өршітпеу мақсатында карантиндік шараларды енгізді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылды, сауда ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, көрмелер, басқа да адам көп шоғырланатын орындардың жұмысы тоқтады. Ойын-сауық, спорттық шараларды өткізуге және қонақ шақыруға, той тойлауға тыйым салынды.

Қысқасы, елімізде, көпшілік орындарда, көшелерде бұрын болмаған өлі тыныштық орнады.

Ал 19 наурыз күні түнгі сағат 00.00-ден бастап, еліміздің екі үлкен шаһары – Нұрсұлтан мен Алматы карантинге жабылады.

"Бұрын еліміздің жекелеген аумақтарында және объектілерінде инфекциялық аурулар ішінара пайда болған кезде шектеулер, соның ішінде карантин шаралары енгізілетін. Мысалы, әр жылдары жекелеген өңірлерде тұмау, А вирустық гепатиті инфекцияларының таралуын болдырмау мақсатында карантин жарияланғаны бар. Бірақ  бүкіл бір екі үлкен қаланы жабу тәуелсіз мемлекеттің тарихында бұрын-соңды болмаған",– дейді Ержан Байтанаев.

Оның айтуынша, індеттің таралуын алдын алу мақсатында ел аумағында алғашқы кездері 400-дей блокпост орнатылған.

Дүниежүзіне індет тараған осы жылда иммунитеті мықты деген адамның өзі ауырып, талай адам жер жастанды. Ресми өкілдің айтуынша, елімізде пандемия басталғалы 136 365 адам COVID-19-дан емделіп, сауығып шыққан, 2 196 адам коронавирустан қайтыс болған.

Қымбаттаған маска, дәрі іздеп сабылған халық

Мамыр айының соңында елде төтенше жағдай режимі аяқталып, карантиндік шектеулер алына бастады. Блокбекеттер ашылды. Мамырдың ортасында еліміздің денсаулық сақтау мамандары аурудың таралу шегінен өттік деп хабарлаған болатын. Бірақ керісінше, сол кезде коронавирус елде ерекше асқынып жатқан еді. Аурудың азабын тартқан халық жаппай дәрі іздеуге көшті. Дәріханалардың алды бұрын болмаған ұзын-сонар кезекке айналды. Сырқаты жанына батқан ел дәрілерді жаппай сатып алды. Белгілі дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, тек ауруханаларда болатын, басқа дәрілер көмектеспеген кезде қолданылатын резервтегі ауыр антибиотикердің өзі сол кезеңде халықтың қолына өтіп кеткен. Оның өзі бұрынғы бағасынан бірнеше есе қымбатқа сатылды.

Дәріханалардан дәрі ғана емес, қарапайым масканы таба алмай сабылды жұрт. Бұрын небары 15-20 теңгеге сатылып келген маска 120 теңгеге бір-ақ шарықтады...

Тышқан жылы елді теңселтіп кеткен жыл болды. Маусымның соңы мен шілде айында коронавируспен қоса, этиологиясы белгісіз пневмония ауруы асқынып, талай адамды баудай түсірді. Сырқаттан көптеген белгілі тұлғалар дүние салды, елді емдеп жүрген дәрігерлердің өздері вирус жұқтырып, қайтыс болды. халықтың бірі жақынынан, екіншісі бір туған бауырдан қапыда айырылды...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

42500 теңгенің жыры немесе карантин қазаққа не берді?

Еркін жүріп-тұруға үйренген жұрт алғашында карантин шараларына көндіге алған жоқ. Бірақ кейін  мұның да пайдалы тұстары көп екеніне көз жеткізді. Айталық, жұртшылық сақ болуды, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйренді, бір-бірінің қадірін түсінді, ас та төк тойларды азайтты, ең бастысы, қиын-қыстау кезеңде біртұтастық қана қиындықтан алып шығатынын ұғынды.

Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде табысынан айырылған азаматтарға Үкімет ең төменгі айлық шегінде 42500 теңге төлегені белгілі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр Кононецтің мәліметінше, төтенше жағдай жарияланған 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында және карантиндік шектеу шаралары енгізілген уақытта (2020 жылдың 5 шілдесі мен 17 тамыз аралығында) бұл жәрдемақыны 4,6 млн адам алған, оған жұмсалған қаражаттың көлемі – 476,1 млрд теңге.

Міне, осы 42500 теңге көлеміндегі аздаған жәрдемақы Қазақстан халқына көптеген пайда әкелді деуге болады. Соның ең бастысы, халықтың цифрлық сауаттылығы артты. Бұл Үкімет қабылдаған цифрландыру бағдарламасы қол жеткізе алмаған толағай табыс еді. Интернеттегі сарапшылардың пікіріне сүйенсек, халық жаппай электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдануды үйренді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, үйде отырып, бірталай құжатты рәсімдеуге болатынын түсінді. Бүгінге дейін ешқандай банк картасы мен жеке есепшоты болмаған тұрғындар осы жәрдемақыны алу үшін шот аштыртты, қолына банк картасын ұстады.

Сондай-ақ, өз-өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бірыңғай жиынтық төлемін не екенін және оны да үйде отырып-ақ төлеуге болатынын ұғынды.

Қазақстандықтар қолма-қол сауда жасағаннан гөрі интернет арқылы төлем жасау әлдеқайда тиімді екеніне көз жеткізді. Соның арқасында онлайн төлем жасайтындар қатары елде күрт артты. "Онлайн төлемдер қазақстандықтар үшін төлем жасайтын басты әдіске айналды. Биылғы он айда қазақстандықтар интернет желісі мен ұялы телефон арқылы 21,3 трлн теңгеге сауда-саттық, басқа да төлемдер жасаған. Бұл бір жыл бұрынғыдан үш есе, ал бес жыл бұрынғыдан 331 есеге көп" дейді finprom.kz сарапшылары.

Қымбат Тоқтамұрат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу