Уақытша тіркеу – уақытша ғана қиындық

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2450

Тіркеуді тексере келген полиция қызметкерлеріне есікті ашпауға болады.

Уақытша тіркеу – уақытша ғана қиындық

Кеше үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев уақытша тіркеу туралы заңның өзі өткен жылдың 23 желтоқсанында қабылданғанымен, халықтың бұл жаңалықты жеме-жемге келгенде ғана естіп отырғанын айтып, құзіретті мекемелер түсіндіру жұмысын жүргізбеген деп сынады.

Заң бойынша Қазақстанның өзге қалаларына 1 айдан аса уақытқа барған немесе ұзақ уақыт пәтер жалдап тұрған азамат уақытша тіркелуі керек. Дегенмен пәтерді жалға берген азамат пәтер жалдаушыны тіркеуге міндеттелмейді. Яғни бұл заңның нормалары, бірінші кезекте, пәтерді жалдаушыларға тиеді.

Ішкі істер министрінің орынбасары Рашит Жақыповтың пікірінше, уақытша тіркеу, бірінші кезекте, пәтерді жалдап тұратын халыққа керек.

"Міндетті уақытша тіркеу нормасының қабылдануындағы мақсат – елдің әлеуметтік саласын дамыту. Нақтырақ айтсақ, халықтың денсаулық сақтау және білім беру секілді мемлекеттің мойнындағы міндеттемелерінің атқарылуында әр азаматтың қай өңірде тіркелгені туралы дерек қажет", – дейді Рашит Жақыпов.

Оның пікірінше, жергілікті полиция қызметкерлері үй-үйді аралап жұрттың тіркеуде бар-жоғын тексермейді. Бұл туралы министрдің өзі де кеше үкімет отырысында айтқан еді. Сағынтаевтың халықты ақпараттандыру жұмыстарының әлсіздігі туралы сынынан кейін өзін кінәлі сезініп қалған болуы керек, министр тіпті тексере келген жергілікті полиция қызметкерлеріне пәтер иелерін есікті ашпай қоюға шақырды. Дегенмен полиция қызметкерлерінің ондай тексеріс жүргізуге құқығы бар екені бүгін айтылып отыр.

Астана қалалық көші-қон полициясының мәліметіне сүйенсек, сенбі, жексенбі күндері елордада 10 мың адам тіркелген. Оның ішінде 5200-і уақытша тіркелсе, қалған 4800-і тұрақты тіркеуге тұрған.

Егер азаматтар тұрған қаласында уақытша тіркеуге тұрмайтын болса, заң бойынша 10 күннен 1 айға дейінгі аралықта тіркеусіз жүргендерге ескерту жасалса, 1 айдан астам уақыт тіркеусіз жүргендерге 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Жалпы ескере кететін дүние, уақытша тіркеу міндеттемесі бұрыннан болған. Тек бұрын 3 айда тіркеу керек болса, қазір 1 айға қысқарып отыр. Сонымен қатар бұрын бұл міндеттемені орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылмайтын, енді әлгіндей айыппұл түрінде жаза қарастырылған. Бұл тұрғыда көпшіліктің ендігі амалы – заңның орындалуын кейінге шегеруді сұрау. Өйткені аяқ астынан пайда болған норманы орындау жұрттың бәрі үшін мүмкін болмай отыр.

Астана қаласы ІІД көші-қон полициясы басқармасының басшысы Гүлвира Дөненбаеваның пікірінше, уақытша тіркеудің қиындықтары бір-екі аптада реттеледі. Оған дейін жер-жердегі азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, заң талаптарын орындап үлгермек.

Жалпы былтырдан бері терроризмге қарсы күрес мақсатында бірқатар заңға өзгеріс енгізілді. Соның ішінде көші-қонға қатысты заң нормалары көптеп өзгерді. Бұл тұрғыда азаматтардың түсінбей отырғаны қарапайым нәрсе – жеке бас куәлігінде қай қалада тіркелгені туралы мәлімет көрсетілмейді, ал көшедегі тәртіп сақшылары белгілі бір тұлғаның сол қалада тіркелген-тіркелмегенін анықтау үшін қайда барады?

Гүлвира Дөненбаеваның айтуынша, кез келген полиция қызметкерінің базасында барлық азамат туралы нақты мәлімет бар. Дегенмен тәртіп сақшылары көшедегі қандай да бір азаматтың тіркеуінің бар-жоғын анықтау үшін учаскелік полиция бөлімшесіне алып барады. "Бұл азаматтардың уақыты мен құқығының белгілі бір деңгейде бұзылғаны ғой" деген БАҚ өкілдерінің қарсы уәжіне Астана қалалық көші-қон полициясының өкілі: "Тәртіп сақшылары кез келген азаматты тергеп-тексеруге құқылы", – деп жауап берді. Сол секілді пәтер иесіне келген қонақ пен ол жерде тұрақты тұрып жатқан азаматты ажырату үшін де тәртіп сақшылары ол азаматты құжатымен бірге жергілікті полиция бөлімшесіне алып барып, тексере алатынын алға тартты.

Әкімшілік кодекстің 493-бабына сай, қонақ үй немесе хостел қызметкерлері өздерінің тұтынушыларын, яғни оған келіп түскен қонақтарды уақытша есепке алмағаны үшін де әкімшілік жауапкершілік бар. Бұл тұрғыда қонақүйге барып жатқан азамат халыққа қызмет көрсету орталығына бармай, оның орнына қонақүй иесі немесе қызметкері өздеріне қонақтың келгенін хабарлап, қонағын уақытша тіркеп қояды. Тек қонақ үй емес, заң бойынша, кеңсе немесе аурухана секілді нысандарға да азаматтар уақытша тіркеуге тұра алады.

Сөз соңында нақтылай кететін басты мәселе, белгілі бір жерге уақытша тіркелу мен тұрақты тіркелу екі бөлек нәрсе. Біріншісі ешқандай да меншік құқығын бермейді. Тиісінше уақытша тіркеуде пәтердің шаршы метрінде де шектеу болмайды. Ал тұрақты тіркеуде кісі басына 15 шаршы метрден келуі керек және тіркелген әр азамат үйге меншік құқығын алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу