Биыл солтүстік өңірлерде жаз бойы аптап ыстық болып, 200 мың тоннаға жуық егін күйіп кетті. Аз өнімнің бағасы бірден шарықтауы – нарық заңдылығы. Павлодарлық шаруалар, өңдеушілер мен кәсіпкерлер бұл "заңдылықтан" айныған жоқ. Биылғы өнім түгелімен жиналмай жатып-ақ қымбаттап, оның әсерін тұтынушылар сезе бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Соңғы екі жылда өңір шаруалары 1 млн тоннадан астам астық жинап, рекордтық көрсеткіштер орнатып еді. Бірақ биыл оның жаңармайтын түрі бар. Себебі аптап ыстықта егістіктің біраз бөлігі күйіп кетсе, өткен айдың жаңбырлы күндері керісінше толассыз жауған жаңбыр кері әсерін тигізді. Өнімділік те бірден екі есеге төмендеді. Бұған дейін бір гектардан 9,9 центнер өнім алынса, биыл 4,5 центнерді ғана құрап отыр. Дей тұрғанмен, аймақтағы алқаптардан 300 мың тоннаға жуық бидай жинау алу жоспарланып отыр. Жылдық сұраныс 120 мың тонна екенін ескерсек, астықтың аздығы анау айтқандай қиындық тудырмауы тиіс. Алайда келеңсіздіктер қазірден-ақ туындап жатыр.
Айталық, бүгінде шаруалардың басым бөлігі қолда бар бидайын саудаға шығаруға аса құлықты емес. Осы саланың "жілігін шағып, майын ішкен" өкілдер кей кәсіпкерлер астықтың қымбаттауын күтіп отыр деген пікір білдіруде. Бірақ бүгінгі таңда да ол арзан боп тұрған жоқ. Бір тоннасы үшін кемінде 150 мың теңге сұрайды. Жаз бойы жұмысы тұралап, табыс таба қоймаған диірмендердің басшылығы мұндай сомаға шикізат алуға қауқар жоқ дегенді алға тартады.
"Қазір ұн тарту кәсіпорындарының басым бөлігі астық тапшылығына байланысты ісін тоқтатты. Өзімізде жоқ өнімді Ресейден әкелейік десек Қазақстан теміржолы компаниясымен вагондарды шығаруға қатысты іс дүдәмал күйде тұр. Сондықтан ұн алатын шикізатсыз қол қусырып қалдық", - дейді "Жан-Дос" кәсіпорнының басшысы Жанар Серімова.
Ал шаруашылықтар бағаның шарықтап кету себебін ашық айтуды қаламады. "Биылғы қуаңшылық баршаға белгілі. Салдарынан біздің де шығынымыз көбейді. Бағаны былтырғыдан сәл-пәл көтеруден басқа амал қалмады", деп қысқа қайырады шаруалар.
Жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасы болса, биылғы астық қоры келесі жылға дейін артығымен жетеді дегенді алға тартып отыр.
"Астық қабылдау кешендерінің барлығы дайын. Алты элеваторда барлығы 277,3 мың тонна өнім сақтауға болады. Қазір оларда 60 мың тонна бидай бар. Барлық элеваторлар астық кептіретін 82 қонырғымен, тазартуға арналған 196 құралмен қамтылған. Біздің өңірдің астық қоры келесі жылы егін жинағанға дейін ішкі нарықты қамтуға жетеді", - делінген басқарманың ақпаратында.
Дей тұрғанмен, соңғы бір-екі апта дересінде облыстағы дүкен сөрелеріндегі ұн мен нанның бағасы айтарлықтай артты. Мәселен, бұған дейін екі келілік ұнның бағасы 510-550 теңге аралығында болса, қазіргі уақытта 570-630 теңгеге сатылуда. Ұн қымбаттағандықтан нанның бағасы да шарықтап шыға келді. Бір бөлкесі 130-140 теңгеден сатылған "ас атасының" бүгінгі бағасы – 160-170 теңге. Бірақ жергілікті билік әлеуметтік нанның бағасы өзгеріссіз қалатынына сендіріп отыр.
"Азық-түлік корпорациясы" мен жергілікті "Аслан" жеке кәсіпкерлігі арасында жасалған меморандум аясында нан бағасын тұрақтандыру үшін наубайханаға ұн арзандатылған бағамен беріледі. Сондықтан әлеуметтік нанның бағасы 95 теңге көлемінде сақталады", - дейді Павлодар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Махамбет Қырықбес.
Осылайша, табиғаттың тосын мінезі тапшылыққа әкеп, бұл жағдайды кей пысықайлар өз пайдасына шешіп, нарықтағы баға өзгерді. Кей шаруашылықтардың қолда бар астығын қымтап ұстап отырғанына қарағанды бидайдың бағасы әлі де өсетін сыңайлы. Бұл ұнның, одан жасалатын нан, макарон сияқты өнімдер бағасының да артуына әкеп соғары анық. Қазірдің өзінде Павлодар облысы ұн қымбаттаған 13 өңірдің қатарына еніп отыр. Жалпы, жыл басынан бері аймақта азық-түлік 2,8%-ға қымбаттады.