ҰБТ, Астана хаб, Ассамблея, "Байқоңыр": игерілмеген 136 миллиард тағы кімге беріледі?

5212

Қаржы министрлігі биылғы бюджетті игеру кезінде артылып қалған мол ақшаның қайда шығындалатынын жариялады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

ҰБТ, Астана хаб, Ассамблея, "Байқоңыр": игерілмеген 136 миллиард тағы кімге беріледі? Фото: inbusiness.kz

Шенеуніктер биыл ел қазынасынан маңызды жобаларды жүзеге асыруға бөлінген ел қаржысын мақсатты жеріне жұмсамай, кезекті рет мемжоспарды жарға жықты. Салдарынан, ел Үкіметіне қаржылық жыл аяқталар тұста, игерілмеген аста-төк ақшаны бір бағдарламадан басқаларына лақтырып, шұғыл сапырылыстыруға тура келуде.

Үкімет басшысының орынбасары–қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 136 миллиард теңгедей қаржы игерілмей, босқа жатып қалған.

"Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ға, соның ішінде республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ға орындалды. Республикалық бюджеттен биыл 16 триллион теңгеге шығыс шығарылды. Соның 70 миллиард теңгесі игерілмеді. Оның ішінде үнемдеу – 16 млрд теңге. Нақты игерілмегені – 54 млрд теңге", – деді Е.Жамаубаев.

Вице-премьердің мәліметінше, игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары басшылары ауысқан Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктеріне тиесілі. Қаражаттың тиісті жеріне жұмсалмауына тендер рәсімдерін өткізуді созбалаңға салу, конкурстар жеңімпаздарымен шарттарды, қосымша келісімдерді бекіту рәсімдерін ұзаққа созу, жеңген компаниялардың шот-фактуралар мен атқарылған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбауы және басқасы себепке болған.

Жыл басынан бері жергілікті бюджеттердің шығыстары 9 триллион теңгені құрады. Соның 49 миллиард теңгесі игерілмеген.

Бұдан бөлек 2023 жылы өңірлерге 2 триллион теңгеге жуық нысаналы трансферттер бағытталды. 1 қазанға дейін соның 1 трлн 112 млрд теңгесі аударылды. Оның 98,5%-ы ғана игерілген. Нысаналы мақсатына жұмсалмай қалғаны – 17 млрд теңге. Оның 1 млрд теңгесі – үнемделген қаражат, 16 млрд теңгесі – нақты игерілмегені. Ең көп олқылыққа Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстары жол беріпті.

Президент Қ.Тоқаев "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты биылғы жолдауында бизнеске қайрылып: "Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз" деп, қадап айтты. Мұны енді билікке қайтаруға болады: игерілмеген қаражат та осыны білдіреді.

Қаптаған әкімшілік реформалар аясында бүгінде Үкіметке біршама дербестік берілген. Қазіргі Үкімет бұрынғылардай игерілмеген миллиардтарды басқа бағдарлама-бағыттарға шығындауға рұқсат сұрап, Парламентке жүгірмейді, депутаттардың ақ батасын алуға міндетті емес: өзі қалаған, жобасы өзіне ұнаған министрлік пен мекемеге ұстата салуға құқылы.

Сондықтан Қаржы министрлігі "2023 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін түзету және "2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңын іске асыру туралы" Үкіметтің 2022 жылғы 6 желтоқсандағы №987 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Үкіметтің жаңа қаулысын едел-жедел әзірлеп отыр.

Бас қаржыгер Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қаулы жобасы Республикалық бюджеттік комиссияның осы сейсенбідегі, 10 қазандағы шешіміне негізделіп отыр.

Яғни, іске жаратылмай, босқа жатқан миллиардтардың кімге тиетінін РБК шешіп те қойды. Тек Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қолын қойса жеткілікті.

Қосымша миллиардтаған ақшаға кімдер кенелмек?

Қаржы министрлігінің мәліметінше, Еңбек министрлігіне қарасты квазимемсектор ұйымы – "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ 1 млрд 494,8 млн теңге алады. Бұл "Әлеуметтік-еңбек саласын ақпараттандыру объектілерін сүйемелдеу және оларға жүйелік-техникалық қызмет көрсету, өзге де ақпараттандыру объектілерімен интеграциялау, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласының деректерін талдау және өңдеу" үшін берілмек.

"Инфракос" компаниясының "Байқоңыр" кешенінен ұшырылған ресейлік зымырантасығыштардың әсеріне ұшыраған аймақтарға экологиялық мониторинг жүргізу қызметтеріне қосымша 129,6 млн теңге беріледі. Алайда бұл компанияның зымырандардан зардап шегіп отырған Ұлытау, Қостанай, Қарағанды облыстарының экологиясын жақсартуға не үлес қосқаны белгісіз.

Көнерген "Байқоңыр" космодромын ауыстырады деп, ондаған жылдардан бері тұрғызылып жатқан, бірақ сол бойы іске қосылмаған "Бәйтерек" ғарыш айлағы да ел қазынасына қыруар шығын келтіруде екен. "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің жердегі ғарыш инфрақұрылымы объектілерін ұстау және пайдалану үшін "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорынына бұл жолы тағы 1 млрд 196,8 млн теңге ұстатылады.

Ғарышта самғап жүрген, бірақ елге пайдасы шамалы қазақстандық спутниктер ескірді, алдағы жылдары қолданыс мерзімі аяқталады. Оларды ауыстыру үшін жаңа жерсеріктері жасалуда. Осыған байланысты "KazEOSat-MR" Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін құру және қолданысқа енгізу бағдарламасына тағы 1 миллиард теңге қарастырылды. Цифрлық даму министрлігінің түсіндіруінше, осы қаржыға ғарышта жүрген KazEOSat-2 айыру қабілеті орташа Жерді қашықтықтан зондтау (АО ЖҚЗ) ғарыш аппаратын алмастыру үшін құрамында 3 АО ЖҚЗ спутнигі бар KazEOSat-MR АО ЖҚЗ жаңа спутиктер топтамасын құру болжануда.

Кезінде Елбасы әлем алдында "біз де инновацияға бет бұрған елміз" деп мақтануы үшін құрылған Астана Хаб технопаркі ел бюджетіне масыл болуын қоятын емес. Қаржы министрлігі "Astana Hub" IT-стартаптардың халықаралық технопаркі" корпоративтік қорына қосымша 4 млрд 879,7 миллион теңге бөлу туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

Бұл сома "Астана Хаб" технопаркінің қатысушыларын технологиялық бизнес-инкубациялауға, олар үшін маркетингтік және өзге де іс-шараларды жүргізуге, олардың дамуын ынталандыру үшін консультациялық, ақпараттық, талдамалық, білім беру іс-шараларын орындауға, қатысушылардың жобаларын іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздеуге, "Астана Хаб" адамдарына тұрғын үй беру және қонақ үйлер жалдауға шығындалмақ.

Қазақстанда тест жасау соңғы жылдары аса табысты бизнеске айналды. Мектептерді жағалаған түрлі отандық және ресейлік компаниялар саналуан тестілеу, конкурстар, онлайн олимпиадалар өткізіп, оған қатысуды, диплом, сертификаттар алуды қалаған оқушылардың ата-аналарынан 500-1000 теңгеден жинайды. Бірақ олардың бәрі күреп табыс табу жөнінен мемлекеттің қанатының астындағы тестілеуші ұйымдардың шаңына да ілесе алмай қалады.

Қаржы министрлігінің дерегінше, Оқу-ағарту министрлігінің "Ұлттық тестілеу орталығына" түрлі бағдарламалар аясында қосымша қомақты қаржылар ұсынылады. Тарата айтсақ, бұл орталық балабақшаларда, миниорталықтарда жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды ұлттық біліктілік тестілеуінің тест тапсырмаларын жасау қызметіне 49,4 млн теңге алады.

Мектептердің педагог қызметкерлерінің Ұлттық біліктілік тестілеуінің тест тапсырмаларын әзірлегені үшін 85 миллион теңге алады. Мектептерді мемлекеттік аттестаттау кезінде білім алушыларды кешенді тестілеуі үшін 40,6 миллионнан астам теңге қанжығалайды.

Бұл орталықтың колледждердің педагогтарына арнап, Ұлттық біліктілік тестілеуінің тест тапсырмаларын әзірлеуі кем дегенде 231,8 миллион теңге тұрады. Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеудің тест тапсырмаларын жасауы 211,5 млн теңгеге бағаланыпты. Орталықтың Қазақстан азаматтарының қазақ тілін білу деңгейін бағалауы бюджетке қосымша 83 млн теңгеге түспек.

Ұлттық тестілеу орталығының ең басты табыс көзі Ұлттық бірыңғай тестілеу екен: оны өткізуге байланысты іс-шараларды сүйемелдеу жөніндегі қызметтеріне биыл 1 млрд 964,3 млн теңге алады.

Министрліктің "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы балалардың республикалық және халықаралық мектеп олимпиадаларын, конкурстарды және республикалық маңызы бар басқа да мектептен тыс іс-шараларды өткізгені үшін 2023 жылы 1 миллиардқа жуық (970,6 млн теңге) еншілейді.

Осы аптада Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар мен сарапшылар денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформаларды аяусыз сынады. Сынасын, сынамасын, ұнасын, ұнамасын, ол үшін ақша төленеді. Үкіметтің жаңа қаулысының жобасында Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығына "Денсаулық сақтауды реформалауды әдіснамалық қолдағаны" үшін 632,3 миллион теңге беру қарастырылған.

Қазақстан ұзақ жыл жыр болған денсаулықтың электронды картасына, телемедицинаға көше алмады. Соған қарамастан бұл бағыттың шығындары да орасан. "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығына" денсаулық сақтау саласындағы кейбір бағдарламалық кешендер мен ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу, ұлттық телемедицина желісін пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтері үшін 3 млрд 649,6 млн теңге көзделіпті.

Ерлан Саировтың депутаттық мансабына жол ашқан Еуразиялық интеграция институтын жарылқауды билік ұмытпапты. Саяси жаңғырту контексінде қоғамдық-саяси процестерді әлеуметтанушылық сүйемелдегені үшін институт ел қаржысынан қосымша 255,8 миллион теңге алмақ. Қ.К.Тоқаевтың жаңа саяси бағытын іске асыру мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу шеңберінде қоғамдық институттар мен диалог алаңдарының жұмысын сараптамалық-талдамалық қамтамасыз еткені үшін тағы 185 миллион теңгеден астам қаражатты олжалайды.

"Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығына" мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту саласында қызмет көрсеткені үшін қосымша 752,6 млн теңге бөлініп отыр.

Айтпақшы, шенеуніктер Батыс пен Мәскеудің тайталасын да монетизациялап үлгеріпті. Мысалы, игерілмеген қаражаттардан "Қазақстан экономикасы үшін енгізілген және енгізілетін Ресейге қарсы санкциялардан туындайтын санкциялық тәуекелдерді және қайталама әсерлерді зерделеу, мониторингтеу және елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында олардың салдарын жоюға ұсынымдар әзірлеуі" үшін "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ-ына 198,2 миллион теңге аудармақ.

Қазақстан халқы Ассамблеясына 457,9 миллион теңге бөлінетіні көрсетілген.

"Н.Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі орталығы" да мол ақшаға кенелді. "Дін қызметі саласындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалогты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық орталықтардың бірі ретінде Қазақстанды ілгерілету қызметтері үшін" оған 838 миллион теңге аударылмақ.

Ең көп қаражат – 200 млрд теңгеге дейінгі сома республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге, күтіп ұстауға жұмсалады. Өзге шығындар да жетерлік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу