ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жақсарту үшін министрлік жүйелі шаралар қабылдап отыр.
Соның бірі – ақпарат және коммуникациялар, әділет, ішкі істер министрліктерінің ақпараттық жүйесін біріктіру негізінде пайда болатын "Электронды үй кітапшасы". Оны енгізу елді мекендердегі халықтың көші-қонын бақылауды жақсартып, үйдің иесіне оның меншігінде тіркеуде тұрған адамдар туралы мәлімет алуға мүмкіндік бермек.
ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде министрлік 39 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Мекеме қызметкерлері 286 халыққа қызмет көрсету орталығында және 14 арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеуде.
2017 жылдың 10 айында азаматтарға 19 миллион 742 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Оның басым бөлігі – мекенжай анықтамаларын беру, автокөліктерді тіркеу, халықты құжаттандыру, азаматтарды тұрғылықты және уақытша тұру орындарына тіркеу.
Мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдету және процестерді жеделдету үшін ІІМ қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы автоматтандыруды енгізуді қарқынды түрде қолға алуда.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың басында ХҚКО-ға бармай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы онлайн режимде уақытша тіркеу жүргізу мүмкіндігі пайда болған еді.
Ал осы жылдың 1 қарашасынан бастап уақытша және тұрақты тіркеу кезінде тұрғын үйге меншік құқығы туралы 2 нысанды анықтаманы талап ету жойылды. Тек қана 25 күннің ішінде 138 мың адам тіркеуге тұрған. Оның 115 мыңы тұрақты тіркеуге, 23 мыңы уақытша тұратын орны бойынша тіркелген.
"Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы тұрақты тіркеуге тұру және азаматтарды тіркеуден шығару тетігі пысықталды. Оны 2018 жылы іске қосу жоспарланып отыр", – деді министрдің орынбасары.
Тұрғылықты жері және уақытша келу орны бойынша тіркелгендердің саны 2016 жылмен (1,4 млн) салыстырғанда, 2017 жылдың (2,9 млн) басынан бері 2 есеге көбейген.
Абылай Бейбарыс