"УКАД" БК 2017 жылы Airbus компаниясын 57% шыңдалмамен қамтамасыз етті

17069

Өскемен титан-магний комбинатымен жартылай үлестес француз зауытына былтыр18 млн еуро қаражат салынған.

"УКАД" БК 2017 жылы Airbus компаниясын 57% шыңдалмамен қамтамасыз етті

"УКАД" Франция-Қазақстан бірлескен кәсіпорны 2017 жылы Airbus-ке қажет шыңдалманың (титан қорытпаларынан алынған жартылай фабрикат. – Ред) 57%-ын жеткізген. Бұл туралы 2018 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған Өскемен титан-магний комбинатының (ӨТМК) бір жылғы есебінде айтылған.

"А320/330/350/380" бағдарламаларына қажетті шыңдалманың 50%-ын қамтамасыз ету үшін 2016 жылдың шілдесінде "УКАД" бірлескен кәсіпорнының Airbus компаниясымен ұзақмерзімді келісімі ұзартылды. Бұл келісім "ӨТМК" АҚ-ның титан өнімін 2024 жылға дейін "УКАД" бірлескен кәсіпорнына жеткізуді қарастырады. 2017 жылы "УКАД" БК Airbus компаниясын 57% шыңдалмамен қамтамасыз етті", – деп көрсетілген есепте.

Еске сала кетер болсақ, "УКАД" бірлескен кәсіпорны 2008 жылдың желтоқсанында француздың "Обер энд Дюваль" компаниясымен бірлесіп Францияда құрылған. Оның басты жұмысы "ӨТМК" АҚ-да шығарылған титан құймалары мен қорытпаларын титан шыңдалмасы, шыбықша, табақ, сым етіп өңдеу.

2009 жылы металлургиялық кәсіпорын таныстырылғаннан кейін қазақстандық БАҚ: "Өндіріс 2011 жылдың басында бастапқы қуаттылығы 500 тоннаға дейін өнім шығарумен басталады деп жоспарланып отыр, кейін 2020 жылға қарай ол бес мың тоннаға дейін жеткізілмек. Жоба 47 миллион еуроға тікелей инвестицияларды және 2020 жылға дейінгі кезеңде француздың Airbus компаниясының шамамен бір миллиард евроға кепілдік берген тапсырысын қамтиды", – деп хабарлаған болатын.

Қазір "УКАД" бірлескен кәсіпорны жыл сайын 10 мың тонна өндіре алатын әлеуеті бар Еуропадағы ірі қалыптау өндірісі саналады. ӨТМК-ның құймалары мен қорытпаларының сертификатталуы арқасында енді бірлескен кәсіпорын француздық Safran компаниясына азаматтық әуе ұшақтарына қолдануға арналған биллеттерді жеткізе алады.

"2017 жылы "УКАД" БК зауытын кеңейту және екі қосымша жылыту пешін орнату, сондай-ақ жаңа сапаны ультрадыбыстық тексеру жабдығын сатып алу үшін қосымша 18 млн еуро көлемінде инвестиция салынды", – деп көрсетілген есепте.

Өскемен титан-магний комбинатының "УКАД" бірлескен кәсіпорнынан басқа 2017 жылы "Эко Титаниум" деген атпен іске асырылған жобасы бар. Бұл – еуропалық өндірушілер шығарған титан кеуек пен сынықтарын плазмалық балқыту әдісімен титан құймаларын өндіретін Еуропадағы алғашқы зауыт. Ол ӨТМК-ні кеуекті титанды өткізетін тағы бір нарықпен қамтамасыз етеді.

"Эко Титаниум"-да шығарылған титан құймалар одан әрі медицинада және авиақозғалтқыштарды өндіруде пайдалану үшін "УКАД" бірлескен кәсіпорынның зауытында титан өнімдері ретінде өңделеді. "Эко Титаниум" зауытының жобалық қуаты жылына 4 мың тоннаны құрайды", –деп жазылған есептік құжатта.  

Шикізаттың өсуі

Шетелде қайта өңдеуді арттырумен қатар ӨТМК шикізат базасын көбеййтумен де айналысып жатыр.

2017 жылы технологиялық регламентке сәйкес, 2014 жылдан бері комбинаттың толық бақылауында болып келе жатқан Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданы аумағындағы Сатпаев ильменит кен орнындағы "Сатпаев тау-кен байыту кәсіпорны" ЖШС-ның екінші байыту фабрикасын жобалауға қатысты жұмыс жалғасты.

"Жобаны іске қосқаннан кейін, фабриканың ильменитті концентрат өндіру қуаты жылына 15 мың тоннаны құрайтын болады. Жалпы фабриканың жобалық қуаттылығы жылына 25 мың тоннаға дейін ильменитті концентрат өндіруді қарастырады. Аталған жобаны іске асыру кеннен концентрат алуды арттыру және шикізатты фабрикаға жеткізудегі тасымалдау шығыстарын азайту есебінен өзіндікқұнды төмендетуге мүмкіндік береді. Осылайша, бұл жобаны іске асыру нәтижесінде "ӨТМК" АҚ қазақстандық титаннан құралған дербес минералды-шикізат базасымен толық қамтылады", – деп жоапарлап отыр компаниядағылар.

Кен орнының 40%-ға жуығы пайдасыз жыныстан, яғни ол ауада тасқа айналатын шайылуы қиын балшықтан тұрады. Сондықтан бұған дейін ильменит құмдарын өндіру мен байыту технологиясы тәжірибелік-өндірістік фабрикада жасалған болатын. Былтыр наурыз айында Көкпекті аудандық "Жұлдыз – Новая жизнь" газеті кен орнының қоры бірнеше ғасырға жетеді деп жазған.

Екінші байыту фабрикасы 2020 жылы іске қосылуға тиіс. Бұдан бұрын "Интерфакс-Қазақстан" оны салу 2,57 млрд теңге тұрады деп хабарлаған болатын. Есепте 2017 жылы жобаға 266,7 млн теңге жұмсалды деп жазылған.

Қуаттылық толықтай жүктелген жоқ

Дегенмен, ӨТМК-ге алдағы жылдары осыншалықты шикізат қажет бола ма ол жағы әзірге белгісіз. Мысалы, есеп мәліметтері бойынша, 2017 жылы электронды-сәуле әдісімен балқыту арқылы титан құймалары мен қаңылтағын шығаратын кореялық POSCO кәсіпорнымен бірлескен "ПОСУК Титаниум"-ның жүктемесі 40%-ға жеткен. Бұл ретте титан құймаларын өндіру көлемі жылдық көрсеткіште 6,1%-ға өскен. Өнім толығымен Оңтүстік Кореяға экспортталады.

Сатпаев кен орнындағы екінші байыту фабрикасын толық іске қосқанға дейін ӨТМК-і шикізатты шетелден қосымша сатып алатын сияқты. Ол үшін комбинат 2014 жылы Ұлыбританияда еншілес UK TMP International компаниясын тіркеді.

"Аталған кәсіпорынды құру "ӨТМК" АҚ үшін шетелдік шикізат жеткізушілер мен дайын өнімді сатып алушыларға тікелей қол жеткізуге жол ашты, ал бұл 2017 жылы өнімді сату бойынша шығысты шамамен 2,7 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар UK TMP International Ltd-ны құру "ӨТМК" АҚ-ы үшін әлемдік қаржы институттарына тікелей қол жеткізуді қамтамасыз етті", – деп жазылған есепте.

ӨТМК-нің трансферттік баға белгілеуінде өнімді сату шығысының төмендеуі қалайша көрініс тапқаны белгісіз. Компания "ӨТМК" АҚ-ның трансферттік баға белгілеу ережесі контексіндегі салықтық міндеттемелерін анықтау трансферттік баға белгілеу туралы заңның түсіндірілуін талап етеді деп отыр. Қазақстанда титанға трансферттік баға белгілеуді есептеуде арнайы әдісі қолданылады.

Дебиторлық шытырман

ӨТМК-нің 2017 жылғы жұмысының қаржылық жағын сөз еткенде, "КПМГ Аудит" аудиторлары есептің басында "ПОСУК Титаниум" ЖШС-ның есептік кезеңнің соңында ӨТМК тобына жалпы сомасы 5,9 млрд теңге болатын мерзімі кешіктірілген дебиторлық қарызы бар деді.  Бір жыл бұрын бұл 8,4 млрд теңге болған.

Аудиторлар аталған қарыз туралы айтқанда: "Қаржылық активтің құнсыздануының объективті дәлелдері болса, 39 "Қаржы құралдары: тану және бағалау" Халықаралық қаржы есептілігінің стандарты (IAS) басшылықтан құнсызданудан болған шығын мөлшерін анықтауды және мұндай залалды пайдада немесе шығында мойындауды талап етеді. Құнсызданудан келетін гығынға осындай бағалау жүргізілмеген", – деді.

Еске салар болсақ, "ПОСУК Титаниум" жобасын іске қосу 70 млн доллар болады деп бағаланған еді, оның төрттен бір бөлігін Қазақстан Даму банкі қаржыландырған болатын.

Сондай-ақ аудиторлар ӨТМК-нің қаржылық есебі компанияның түпкілікті бақылау тарапын ашып көрсетпегенін, алайда мұны есептіліктің халықаралық стандарты талап ететінін айтты.

Бұдан басқа, мұндай транзакциялардың экономикалық мағынасын таба алмаған аудиторлар ӨТМК тобы "УКАД" бірлескен кәсіпорнындағы меншік құқығын қамтамасыз ету ретінде әрекет ететін үлестің бастапқы иесі берген пайызсыз қарыз есебінен ие болды. Үлесті бастапқы иеленушіге қайтару арқылы қарызды өтеу мүмкіндігі бар, алайда ол несие қайтарылғанға дейін иелену құқығын сақтайды, бұл "УКАД"-қа осы инвестицияның бақылаушы тарабына тән тәуекелдерге ұшырауы мүмкін дегенді білдіреді деп есептейді.

Жалпы ӨТМК-нің 2017 жылғы пайдасы 3,1 млрд теңге болған. Компанияның ұзақмерзімді қарыздарының көлемі 2017 жылдың соңында 2016 жылдың 31 желтоқсанындағы 24,1 млрд теңгеден 13,5 млрд теңгеге түсті. Ал тап осы уақыт ішінде оның қысқамерзімді борыштық міндеттемелері 2016 жылдың соңындағы 16,7 млрд теңгеден 2017 жылдың соңында 20,4 млрд теңгеге өсті деп көрсетілген аудиторлық есепте.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу