Үкімет "112"-ден SMS алатын азаматтар санын азайтуға ниетті

2762

Әсіресе, смартфонында қос SIM-картасы барларға қиын.  

Үкімет "112"-ден SMS алатын азаматтар санын азайтуға ниетті

2013 жылғы 2 тамызда сол кездегі Төтенше жағдайлар вице-министрі Жанболат Смайылов пен "Теlе-2", "Kсell", "Алтел" және "Билайн" ұялы байланыс компанияларының өкілдері ТЖ туындауы туралы халықты құлақтандыру жөнінде ортақ келісімге қол қойды. Кейін бұл міндеттеме заңмен бекітілді. Сол кезден бастап, қалтафоны бар қазақстандықтарға қаптаған SMS-хабарламалар легі тасқындай жөнелді. 

Сонымен бірге азаматтар да қажетсіз ақпараттың өздерін қайта-қайта алаңдата беретініне шағымдана бастады. Әрі мұндай хабарламалар түн ішінде де келіп, шырт ұйқыда жатқан еңбеккерлердің мазасын алады. Осындай шағымдарды естіген сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко жүйкесі жұқа абоненттерге түн ішінде телефонын ағытып тастауға зілдене кеңес бергені есте. Бірақ арыздар ағынының артуына байланысты смстер саябырсып, сұйылып кетті. ТЖМ де тәуелсіздігінен айрылып, Ішкі істер министрлігінің қоластына көшті.

Бертінде Президент Қ. Тоқаев 2020 жылғы 9 қыркүйектегі жарлығымен Төтенше жағдайлар министрлігін қайтадан құрды. Оның тізгінін ұстаған Юрий Ильин Божконың мұрасына жан бітірді, қарқын қосты. Тиісінше, мұны ұнатпайтын қазақстандықтар да қайтадан шағым бората бастады.

"Күніне бірінен соң бірі смс-хабарлама келіп жатады, кейбірі түн ауа "асыға" жетеді. Әсіресе, әлдебір маңызды хабар күтіп отырғанда қиын екен, телефон зың ете қалған сайын елеңдейсің, ал онда біресе "Nur-Sultan k. 18 m/s deiin zheldin uiytkuy. Koktaigak", ендігісінде "Nur-Sultan k. 18 m/s deiin zheldin uiytkuy, katty burkasin", келесісінде "Nur-Sultan k. katty koktaigak", әрі қарай "Nur-Sultan k. kalyn tuman kutilude", соңғысында тағы да "Nur-Sultan k. kalyn tuman kutilude" дейді. Қазір жоғарғы технологиялар заманы, осының бәрін смс күтпей-ақ, қалаған уақытыңда айтып беретін ұялы қосымшалар бар. Тіпті смартфонымның дисплейінде тұрған AccuWeather-ді жаңартып та біле аламын ғой", – дейді кәсіпкер Әсет Қазыбек.

Ол смс-пен келетін ақпараттар жеткенше өзектілігін жоятынын, себебі 1 хабарламаның жүздеген мың абонентке 6 сағат ішінде таратылатынын, біреуге ерте, біреуге кеш түсетінін айтады.

"Қарап тұрсаңыз, ТЖМ жолдайтын бұл хабарламалар көбіне эксклюзивті емес, оны ауа райына арналған қосымшалардан таба аласыз. Мысалы, биылғы қарашаның басында Алматыға сапарладым. Сонда жаңалықтарды оқып отырсам, ақпарат агенттіктері қазақстандық сейсмологтардың Алматы іргесінде жер сілкінгенін тіркегенін, оның эпицентрі қаланың солтүстік-шығысына қарай 356 шақырым жерде болғанын хабарлауда. Оу, осы туралы смс-қайда? Әрине, зілзала орталығы алыстау, алайда ол аса қуатты болса, қалаға да жетеді ғой. Ал бұлар мені жел ұйытқиды деп сақтандырады", – дейді ол.

Операторлардың шабандығынан шаршаған ТЖМ төл жүйесін түзуде

Мемлекеттің ұстанымын да түсінуге болады. Бұл халыққа деген қамқорлықтан туындап отырса керек. Мобильді байланыс бүгінде әрбір дерлік адамға қолжетімді болғандықтан, дағдарысты жағдайлар, ауа райы ескертпелері, төтенше жағдайлар жайында SMS арқылы хабардар ету – Қазақстан халқының барынша кең тобын ақпараттандыруға мүмкіндік береді. ТЖМ дерегінше, осы арқылы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттардан, авариялардан, табиғи және антропогенді нәубеттерден келетін шығынды мейлінше азайту мүмкін болады. Бірақ тұрғындар 2019 жылғы маусымда Арыста, биылғы тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында қару-жарақ қоймалары жарылғанда, ол туралы ешқандай ескерту хабарламаларын алмағанын айтып жатты.

Азаматтардың сынына байланысты халықты құлақтандырудың бұл тәсілі өзгеруде. Мысалы, Божко тұсында қазақстандықтардың тұрғылықты мекенжайына және дәл қазір қайда жүргеніне қарамастан, мұндай хабарламалар бәріне жаппай жолданатын. Содан өзге облыс тұрғындары "Алматы облысында сел жүргені туралы" ақпаратты миллиондаған адамға таратудың орынсыз екеніне назар аудартты.

Бүгінде смстер сегменттелген түрде, әр өңір бойынша жеке жіберіледі.

Төтенше жағдай органының өкілі, ПЧ-19 қарауылының бастығы, азаматтық қорғаныс аға лейтенанты С. Байбуровтың айтуынша, ТЖМ мамандары тұрғын үй секторларын аралап, жұртшылықпен кездескенде, халыққа "Darmen ЧС-Kazakhstan ДЧС" қосымшасын орнатып алуға кеңес береді.

"Бұл қосымша дауыл ескертулері, автожолдардың жабылғаны, тіпті ауа райына байланысты мектептегі сабақтың болмайтыны туралы дер кезінде ақпарат алуға мүмкіндік береді. ТЖД жаңалықтары мен ұсынымдары да сонда жарияланады. Біздің қызметкерлер тұрғындарға қосымшаны қалай орнатып, қалай пайдалануға болатынын түсіндіреді. Қосымша оны орнатқан азаматтарды push-хабарлама арқылы төтенше жағдайлардың және қауіп-қатердің туындағаны туралы бірнеше секунд ішінде жаппай ақпараттандыра алады", – дейді ТЖ маманы.

Оның айтуынша, қосымшаның бірнеше артықшылығы бар.

"Біріншіден, пайдаланушы азаматтар үшін де, хабарлама жолдаушы меморган үшін де тегін. Екіншіден, біз ол арқылы хабарламалардың шектеусіз санын жолдай аламыз. Үшіншіден, хабарламаларымыз барлық пайдаланушыға лезде жетеді. Әйтпесе, SMS жолдағанда, ұялы операторға және оның техникалық шектеулеріне байланысты ТЖ туралы хабарлама пайдаланушыға 2-ден 6-сағатқа дейінгі аралықта кешігіп жетуі мүмкін. Төртіншіден, қосымша үш тілде – мемлекеттік және орыс, ағылшын тілдерінде", – деді ол.

ТЖМ хабарлама алудан бас тартуға бола ма?

Петропавлдық бизнесмен Дмитрий Резницкий бұл жөнелтілімдер өзін ығыр еткенін айтады. Ол Цифрлық даму министрлігінен "112" нөмірінен таратылатын SMS сервисін қайта пысықтауды сұрады.

"Мен бір күн ішінде өзге облыстардағы ауа райы туралы 7 SMS және СҚО-дағы ауа райы жайында тағы 2 хабарлама алдым. Оның үстіне бұл тек бір SIM-картама келіп түскендері ғана! Көптеген азамат секілді екі SIM-нен тұратын смартфонды пайдаланамын. Бұған қоса, бизнеске арналған ұялы телефоным да қос SIM-картадан тұрады. Салдарынан, маған қажетсіз хабарламалар ағыны толассыз тасқындайды. Бұл жүйкеге тиеді, жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Ой бөліне береді. Мен операторыма жүгініп, 112-ден смс алуды бұғаттауды сұрадым. Олар мұндай хабарламаларды жолдауға заңмен міндеттелгенін, одан айырып тастай алмайтынын мәлімдеді", – дейді Д. Резницкий.

Осы хабарламалардан зәрезап болған таныстары да жетерлік екен.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Байланыс туралы" заңына сәйкес, байланыс операторлары өтеусіз, яғни тегін негізде "112" бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне ТЖ қатері төнгенде не ол жойылғанда қысқа мәтіндік хабарлар жіберу жөнінде қызмет көрсетуге міндеттелгенін растады.  

"Байланыс операторлары ұсынған ақпаратқа жүгінсек, 112 нөмірінен SMS-хабарламаны жолдау кезінде операторлар автоматты режимде, абоненттің орналасқан жеріне қарай нөмірлердің базасын қалыптастырады. Мезгіл-мезгіл бұл базаны жаңарту жүргізіледі. Қазіргі уақытта жаңарту 5 күнде 1 рет жүзеге асырылады. Салдарынан егер абонент 5 күн бұрын басқа облыста болса, онда осы мерзім бойы 112 нөмірінен басқа өңірге қатысты SMS-хабарламаларды уақытша алып тұруы мүмкін", – деді Цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков.

Оның мәліметінше, бүгінде ұялы байланыс операторлары жолдауларға арналған нөмірлер базасын жаңарту мерзімін қысқарту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Сондықтан "таяу арада абоненттерге олардың нақты орналасқан жеріне тікелей қатысты хабарламалар ғана түсе бастайтын болады".

Нәтижесінде, "қаңғыған" хабарламалар алатын азаматтардың саны азаюға тиіс.

Заңда ТЖМ-нің хабарламаларына "жазылымнан" бас тарту қарастырылмаған. Әйткенмен, смартфонның өзінде кез келген нөмірден смс алуды бұғаттау ("нөмірді бұғаттау-блокировать номер") опциясы бар екені мәлім.

"Ал жарнамалық-ақпараттандыру сипатындағы SMS жөнелтілімдерге келсек, операторлар ондай хабарламаларды тек тиісті келісім берген абоненттерге ғана жіберетінін жеткізді. Мұндай хабарламаларды алудан құтылып, ағытып тастау үшін абоненттен оператордың кеңсесіне бару талап етілмейді: қашықтан режимінде, байланыс орталығына қоңырау шалу және өтініш беру арқылы доғара алады", – деді вице-министр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу