Үкімет 18 мың адамның үмітін үзді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17546

"5-10-20" ипотекалық бағдарламасы іске қосылған жоқ.  

Үкімет 18 мың адамның үмітін үзді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жыл басында еліміздің 540 мыңнан астам тұрғыны баспана кезегінде тұрды. Олардың 212 500-і – мұғалім, дәрігер, тәрбиеші, әскери және мемлекеттік қызметкер, 120 500-і – толық емес отбасы өкілі, 60 800-і – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 43 500-і – I-II топтағы мүгедектер, 21 100-і – мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, 18 000-ы – зейнеткер, 16 000-ы – басқа санаттағы азаматтар екені анықталды.

Естеріңізге салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырда өткен мемлекеттік комиссияның отырысында баспана кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін "5-10-20"  ипотекалық бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Жиында сөйлеген сөзінде Президент: "Баспана кезегіндегілердің проблемасын шешу үшін несиелік баспанамен қамтуға бағытталған "5-10-20" атты жаңа бағдарламаны іске қосуды тапсырамын. Бұл мақсатқа дағдарысқа қарсы шаралар қаражатынан 390 млрд теңге бағыттаймыз. Биыл рекордтық мөлшерде 15 млн шаршы метр баспана немесе 150 мың пәтер қолданысқа беріледі. Азаматтарымыздың тұрғын-үй ахуалын жақсартуды жалғастыру маңызды. Бұл үкімет жұмысының стратегиялық бағыттарының бірі. Ол үшін институционалдық құрылымды жаңғырту қажет. Үкімет жыл соңына дейін "ТҚЖБ"АҚ негізінде "Отбасы банк" толыққанды дамыту және қолдау институтын құрып, баспана үлестіруге орталықтандырылған есеп жүргізу қажет. Азаматтардың өзінің зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауы бұл саладағы қайта құрылымдаудың жалғасы болуға тиіс. Мен бұған дейін осындай тапсырма берген болатынмын, бірақ ТЖ режиміне байланысты оның талқылануы ұзаққа созылып кетті. Енді шешім қабылдайтын кез жетті. Үкімет 1 шілдеге дейін өз нұсқаларын анықтауы керек", – деді.

Шілде айының аяқталуына санаулы күн қалды. Алайда үкімет мәселені шешкен жоқ. Зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсау мәселесі сол қалпы тұр. "5-10-20" бағдарламасы да басталған жоқ.

GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтың пікірінше, "5-10-20" ипотекалық бағдарламасы ел азаматтары үшін тиімді болады.

"2018 жылдың 4 шілдесінен бастап іске қосылған "7-20-25" бағдарламасы бұған дейін ең ұтымды ипотекалық бағдарлама саналды. Дегенмен халықтың дені алғашқы жарна ретінде үй құнының 20% тауып бере алмай қиналды. Бұған қоса аталмыш бағдарлама бастапқы нарықтағы үйлерді ғана қарастырды. Қайталама нарықтағы үйге несие рәсімделмеді. Ал "Нұрлы жер" мемлекеттік  бағдарламасының жаңа бағыты – "5-10-20" ипотекалық бағдарламасының несие мөлшерлемесі – 5%, бастапқы жарна -10%, несиелендіру мерзімі – 20 жыл. Алайда мұнда да шектеу бар. Бағдарламаға тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органда есепте тұрған азаматтар мен отбасының әр мүшесіне бөлгендегі табыс мөлшері 101 270 теңгеден аспайтын және соңғы 5 жылда баспанасы болмаған отбасылар ғана қатыса алады. Қалай болғанда да, бұл баспаналы болуды армандап жүрген жандарға қажет бағдарлама, – деді Мақсат Халық.

Айта кетейік, "5-10-20" ипотекалық бағдарламасы бойынша берілетін несиенің шекті мөлшері Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар үшін – 18 млн, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы үшін – 15 млн, басқа аймақтар үшін – 12 млн теңгеден аспайды.

"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған немесе құрылыс компаниялары ұсынған жаңа тұрғын үйлердегі пәтерлердің 1 шаршы метрін Алматыда – 240 мың, Нұр-Сұлтанда және оның аймағында – 220 мың, Шымкент қаласы мен Алматы маңындағы аймақта – 200 мың, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында – 180 мың, басқа аймақтарда – 160 мың теңгеден сатып алуға болады.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан "5-10-20" ипотекалық бағдарламасына күмәнмен қарайды.

"Экономикада сұраныс болмаса, халық тақыр кедей болса, кредитті қалай алады? Статистикаға қараңыз, "7-20-25" бағдарламасы өз-өзін ақтаған жоқ. Күл-пәршә болды. Қайта қателік жіберудің қажеті бар ма?" – деді ол.

Осыдан біраз бұрын "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова "5-10-20" бағдарламасы бойынша 18 мың адамды баспанамен қамту жоспарланып отырғанын мәлімдеген. Ол жоба шілде айынан бастап жүзеге асырулы тиіс екенін айтқан.

"Дағдарысқа қарсы жоспар бойынша үкіметтің қаулысын бекіту мен қаржы бөлу сияқты процедуралар бірінші жартыжылдықта атқарылуы қажет. Сондықтан 1 шілдеден бастаймыз деп сенеміз", – деген болатын басқарма төрағасы.

"5-10-20" бағдарламасын белгіленген уақытта жүзеге асыра алмаған үкімет 18 мың адамның үмітін үзді. Үзілген үміт қашан жалғанады? Дәл қазір осы сұрақ өзекті болып тұр.

Ekonomist.kz порталының жетекшісі Қасымхан Қаппаровтың пікірінше, "5-10-20" бағдарламасынан алғашқы жарнаны алып тастауға және оған қайталама нарықтан үй алу мүмкіндігін қосуға болатын еді. Бұл туралы ол: "Бұл бағдарлама бастапқы нарықтағы құрылыс саласын қолдауға бағытталған. Сондықтан қайталама нарықтағы тұрғын үйді қарастырмайды.

390 млрд теңге игерілгеннен кейін жағдай қалай болады? Бұл сұраққа жауап жоқ. Қазіргі экономикалық жайдайда, қазіргі инфляция мен қазіргі базалық мөлшерлеме деңгейінде бұл мемлекеттік бюджет үшін тиімсіз бағдарлама", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу