Үкімет 5,5 деңгейіндегі шыңға өрмелеуді бастады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1990

Ел үкіметі Қазақстан экономикасының жыл сайын 5,5%-дық қарқынмен өсуіне қол жеткізеді. Бүгін Астана экономикалық форумына қатысқан премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осындай уәде берді.

Үкімет 5,5 деңгейіндегі шыңға өрмелеуді бастады

Астанада X Астана экономикалық форумы ашылды. Оған биыл "Жаңа энергия – Жаңа экономика" тақырыбы арқау болды. Жыл сайын Астанада әлемнің 80 елінен 5 мыңнан астам делегат – әлемдік экономикалық қауымдастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылым әлемінің беделділері және бизнесмендер жиналады. Бұл дәстүр биыл да жалғасты.

АЭФ-2017 аясында ертең мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен пленарлық отырыс өтеді. Сондай-ақ Нобель сыйлығының лауреаттарымен, экономика саласындағы өзге де ғалымдармен, аты әлемге мәшһүр сарапшылармен кездесулер өтеді. Іс-шаралар арасында АЭФ-тің биылғы басты тақырыбына арналған шамамен 20-ға тарта панельдік сессиялар ұйымдастырылады. 

Ал бүгін АЭФ-тің басты шарасына – Дүниежүзілік банктің Қазақстанмен ынтымақтастығының 25 жылдығына орайластырылған, еліміздің жүйелік диагностикасы бойынша Дүниежүзілік банк есебінің таныстырылымына үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаевтың өзі қатысты және форум қатысушыларына құттықтау сөзін арнады.

Премьер Астана экономикалық форумы 10-шы рет өткізіліп отырғанын және ЭКСПО-2017 өткізумен сәйкес келгенін атап өтті. Осы уақыттың ішінде форум маңызды мәселелерді талқылауға арналған мәртебелі алаңға айналды. АЭФ-те әзірленген ұсынымдар барлық қатысушыларға біздің заманымыздың сын-тегеуіріндеріне жауап табуға көмектеседі.

Бақытжан Сағынтаев ел үкіметі Дүниежүзілік банкпен бірге ұлттық экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігінің өсімімен, жаңа жұмыс орындарын ашумен, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырумен, сондай-ақ экологиялық дамудың тұрақтылығымен байланысты міндеттерді орындау үшін жұмыс істегенін мәлімдеді.

Дүниежүзілік банктің қолдауының арқасында Қазақстанда 1300 шақырым жол салынып, жаңғыртылды. Сырдария өзенінің арнасын және Арал теңізінің солтүстік бөлігін реттеу Арал маңындағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді.

Үкімет экономиканы жылдамдатылған технологиялық жаңғыртуда, бизнес ортаны түбегейлі жақсартуда, өнімді жұмыспен қамтуда, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде, адами капиталдың сапасын жақсартуда белсенді жұмыс атқарып келеді.

"Бүгінде Қазақстанның алдында кезең кезеңмен, 2021 жылға дейін, шамамен 5,5%-дық экономикалық өсім қарқынына шығу міндеті тұр. Бұл әлемнің ең мықты 30 экономикасы қатарына сенімді ілгерілеуге мүмкіндік береді. Бұл – "Қазақстан-2050" стратегиясындағы басты жалпыұлттық мақсат", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Дүниежүзілік банк өткізген "Қазақстанның Жүйелік диагностикасы" болса, үкіметке объективті баға алуға, мүмкіндіктер мен тәуекелдерді, проблемалы тораптарды анықтауға және оларды шешу бойынша ұсынымдар алуға көмектеседі.

"Қазір күрделі жағдай қалыптасуда, бірақ біз шикізаттың қазіргі бағасына бой үйреттік, бейімделдік деуге болады. Экономиканың басқа да секторлары еңсе тіктеп, жұмыс жасай бастады. Экономика өзгеруде, жаңа салалар, жаңа кәсіптер пайда болуда. Сондықтан Қазақстан алдында қол жеткен жетістіктерді бекітіп, жаңа жаһандық шынайылық жағдайында қарқынды даму бойынша ғаламат міндеттер тұр" – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бұл мақсатқа жету үшін үкімет бес бағытта қимылдамақ, бұлар – экономиканы жеделдетілген түрде технологиялық жаңғырту, бизнес ортаны жақсарту, макроэкономикалық тұрақтылық, өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және дами капитал сапасы жақсарту.

Сонымен қатар, елді дамытудың 8 бағыты белгіленіпті: бұлар – отын-энергетикалық кешенге, экономиканың базалық салаларына, агроөнеркәсіптік кешенге, көлік және логистикаға, туризм, сауда, білім беру және денсаулық сақтау салаларына сүйенеді.

"Осы әрбір бағыт бойынша мақсатты индикаторлар анықталды және әрбір министр қай жылы неге қол жеткізуге тиістігін біледі" деп мәлімдеді үкімет жетекшісі.

Өз кезегінде Дүниежүзілік банктің вице-президенті Сирил Мюллер Қазақстан үшін шикізаттық тауарлар арқылы дәуірлеудің "суперциклы" аяқталғанын хабарлады. Тиісінше, қазір еліміз төменгі өсім траекториясында тұр: жылына 2-3%-дап өседі.

"5,5%-дық өсімге шығу бойынша ғаламат жоспарларыңыз орындалуы үшін үшін салмақты өзгерістер талап етіледі. Мемлекеттік сектор мен мемлекеттің инвестициялары бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші бола алмайды. Соңғы 15 жылдағы инфрақұрылымға төгілген өте ірі инвестициялар Қазақстанды жақсы тұғырға шығарды, мемлекет енді елді халықаралық нарықтарға кіріктіріп, өзінің стратегиялық тұрғыдан географиялық орналасу жағдайын тиімді пайдалана алады. Бірақ Қазақстанның табысы осы инфрақұрылымды транзит үшін пайдаланумен байланысты емес, ол Қазақстан экономикасы өсімінің моторы қызметін атқарады, бұл табысқа жету үшін ел жылдам өсуші үдемелі өңірге интеграциялана алуы керек" – деді Дүниежүзілік банк басшысы.

Оның байламынша, Қазақстан кері кетіп бара жатқан Ресей нарығына басыбайлы байланбай, онымен шектелмей, Қытай, оңтүстік Азия және Еуропаға экономикалық тұрғыдан кіріге түскені абзал. Қазақстанға сондай-ақ жұмыспен қамту, сот төрелігін қамтамасыз ету және басқа салаларда да трансформациялануын жеделдетіп, анағұрлым икемді бола түсуге кеңес берілді.

Транформация демекші, осы күні АЭФ аясында "Самұрық-Қазына" қоры трансформация мен жекешелендіру тақырыбындағы пікірталас сессиясы өткізді. Сессияда қор топ-менеджерлерінен бөлек Астана Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, Халықаралық қаржы корпорациясының аймақтық директоры Моаззам Мекан, Қордың "Қазақстан темір жолы", "Эйр Астана", "Қазатомөнеркәсіп" сияқты қоржындық компанияларының басшылары және басқалар қатысты.  

"Самұрық-Қазына" басшысы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасының шеңберінде 800 кәсіпорын жекеменшікке шығарылады. Бағдарламаның басты мақсаты – ЭЫДҰ елдеріндегі деңгейге сәйкестендіріп, ел экономикасында мемлекеттің үлесін 15%-ға дейін төмендету. Тізімдегі 215 актив "Самұрық-Қазына" қорына тиесілі. Қазіргі күнде олардың жартысына жуығы компаниялар тобының құрамынан шықты, кезекте – ең ірі және маңызды активтер.

"Бұл бағдарламаны сәтті іске асыру – қордың негізгі мақсаттарының бірі, – деп атап өтті қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.  – Біз тек активтерді сатып қана қоймай, оларды сатуға дайындық жасау мәселесіне мән беріп отырмыз, яғни, компаниялардың операциялық және қаржылық қызметін жетілдіреміз, есеп беру жүйесін біркелкілендіреміз, ұжымдық құрылымын оңтайландырамыз, осылайша қор компанияларының тиімділігі мен бәсекелестігін арттырамыз.

IPO-ға шығарылып немесе стратегиялық серіктестерге сатылатын ірі активтерді санамағанда, қор объектілерінің басым бөлігін 2018 жылдың аяғына дейін сатып біту жоспарланған.  Ірі активтерді 2020 жылдың соңына дейін IPO арқылы немесе стратегиялық инвесторларға сату жоспарланған, алайда қор макроэкономикалық көрсеткіштер мен нарықтағы жағдайға қарап шешім қабылдайды. Жекешелендіру объектілері туралы толық ақпарат privatization.sk.kz сайтында орналасқан.

"Қор өзінің ең ірі активтерін жекешелендіруге былтыр дайындай бастады, – деді "Самұрық-Қазына" активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры Берік Бейсенғалиев. – Компанияларда стратегиялар жаңартылып, трансформация жүзеге асырылып жатыр. Біз қоржындық компаниялармен бірге инвесторлармен кездесіп, бизнес-моделі, инвестициялық тарихы туралы алдын-ала ақпарат жинап, инвесторлардың пікірін жинаймыз. Сатуға неғұрлым дайын компанияларды нарыққа 2018 жылы шығарамыз, әрине, егер нарық капиталы мен компаниялардың өздері әбден дайын болса...

Осы күні форум қатысушылары "Қара аққу" теориясының авторы, Нью-Йорк университетінің профессоры Нассим Талебтің дәрісін тыңдады. Оның айтуынша, әлем электронды жүйеге басы байлана түскен сайын тәуекелі де арта береді.

"Ірі электронды жүйелер ешқашан толығымен сенімді қорғала алмайды. Ерте ме, кеш пе, онда апат болады. Қолма-қолсыз жүйені өрістетіп жатырсыз ба? Бұл өте нәзік дүние. Егер интернет бүкіл елде, не бүкіл әлемде сөніп қалса, бұл жүйеде ешқандай транзакция, операция жүргізіле алмайды. Сонда мемлекеттің қол астында оны ауыстыра алар физикалық элементі дайын болуы керек" деді профессор.

Ол Нью-Йоркте 2003 жылы болған бір оқиғаны мысалға келтірді. Сонда әлемдік басты биржа орталығында толығымен жарық өшіп, "блэк-аут" болды. "Нью-Йорк бұған мүлдем дайын болмай шықты. Мен тіпті қолымды да жуа алмай қалдым. Өйткені суды жіберу жүйесі электр арқылы қозғалысқа келтірілетін. Қалада ешкім ештеңені пайдалана алмай қалды. Бұл алапат хаос 48 сағатқа созылды. 100 миллион адам электрсіз отырды" дейді Нассим Талеб.

Сондықтан ол "қолма-қол ақшасыз қоғам" құруға қарсы екенін жеткізді.

АЭФ аясындағы қызықты әңгімелер мен маңызды мәлімдемелер ертең де жалғасады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу