Үкімет арнайы экономикалық аймақтарға бақылауды жоғалтып алды

3301

Президенттің өткен жылдың басында берген тапсырмасын Смайылов Үкіметі әлі күнге орындаған жоқ. 

Үкімет арнайы экономикалық аймақтарға бақылауды жоғалтып алды Фото: google.com

Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) оффшорға ғана емес, тіпті ғарыштағыдай "қара құрдымға" айналып кетті: оның ішінде не болып жатқанын билік те білмейді.

Жалпы, елімізде АЭА-лар 2001 жылдан құрыла бастады: алғашқысы – елорданың жаңа нысандарын салуға тартылған инвесторларды салықтан босатуға қызмет еткен "Астана – жаңа қала" АЭА-сы болды.

Осы "оффшорлық" аймақтарды құру үрдісі ары қарай жалғасуда. Таяуда Үкімет "G4 City" АЭА басқарушы компаниясын құру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Жаңа аймақ Алматының 4 серіктес қаласын салу үшін қажет көрінеді. Үкіметтің дерегінше, бүгінгі таңда Алматы облысының аумағында 30 мың гектар аумақты қамтып жатқан "G4 City" арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл Лихтенштейн секілді 2 мемлекет сыйып кететін территория.

Бірақ қазақстандық АЭА-лардың бәрі қосылып, әлемдегі ең ауқатты елдердің бірі болып табылатын Лихтенштейннің тырнағына татымай тұр. Олар керісінше, мемлекетімізді шығынға батырып жатқан көрінеді.

Қаптаған арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын үйлестіру үшін билік ортақ оператор құрды. Ол QazIndustry аталады.

"Қазақстандағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың үйлестірушісі – "QazIndustry" қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ-ы. QazIndustry-дің Бірыңғай үйлестіру орталығы ретіндегі негізгі міндеттері – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын дамыту, ілгерілету және арттыру болып табылады", – делінген QazIndustry сайтында.

Алайда осы үйлестіруші өз қызметі туралы хабарламалар мен жаңалықтарды соңғы рет 2021 жылы жариялап, сонымен доғарыпты.

Жуырда, жоғарғы палатаның отырысында Сенат басшысы Мәулен Әшімбаев: "Арнайы экономикалық аумақтарымызға мемлекеттің тарапынан 4 триллион жұмсалған. Қазіргі күні біз салық ретінде соның тек 350 миллиард теңгесін алдық",– деген мәліметті жария етті. Бірақ осыған қарамастан, Парламент осы аптада Үкіметтің есебін құптай салды.

АЭА-ларға қатысты ахуал Президентті де қатты алаңдататын болса керек, ол Үкімет қатысқан ірі жиындарда осы мәселені үнемі көтереді. Мысалы, қанды қаңтар оқиғаларынан кейін елдегі билік тізгінін толығымен өз қолына алған Қ.Тоқаев Ә.Смайылов басқаратын жаңа Министрлер кабинетін қалыптастырды. Артынша 2022 жылғы 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, ісі көлеңкелі осы аймақтардың мәселесін сөз етті. Мемлекет басшысы бюджеттің кіріс бөлігін арттыру үшін ең алдымен, бюджеттегі тиімсіз әрі шығыны көп жобаларды анықтап, одан түбегейлі бас тарту міндетін қойды.

Тоқаев АЭА көпшілігі инвестиция әкелу үшін тиімді бола алмады деп бірнеше рет айтқанын еске салды. Оның мәліметінше, бұл аймақтарға және оның қатысушыларына бюджеттен жүздеген миллиард көлемінде салмақты қолдау көрсетілді. Қайтарымы қандай? Соңғы үш жылда АЭА аумақтарында өндірілген тауарлардың жалпы көлемі ЖІӨ-нің 1,5%-ынан да аспады. Ал олардың шетелге өткізе алған өнімдерінің жалпы экспорттағы үлесі бар-жоғы 0,1% болған.

"Осы мәселені реттейтін кез келді. Жаңадан тағайындалған Индустрия министрі бұл түйткілдің шешімін табады деп ойлаймын. Еркін экономикалық аймақтардың басшылығы  пайдалы әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруға құлықты емес. Олардың әкімшіліктерін тәртіпке шақырыңыздар. Үкіметке бір ай уақыт беремін. Заңға өзгеріс енгізуден бастап, қажетті шараның бәрін қабылдаңыздар. Іштен және сырттан инвестор тартыңыздар", – деді Қ.Тоқаев.

Жаңа министр де, Үкімет те 1 айда былқ етпеген соң, Президентке бұл талабын жыл соңында, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында қайталауға тура келді. Қ.Тоқаев Смайылов Үкіметіне "енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшуді" және осы аймақтарға Ресейден кете бастаған шетелдік брендтер мен компанияларды көптеп тартуды тапсырды.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 31 қаңтарда, Астананы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте бұл талабын тағы қайталады. Тоқаев "өңдеу өнеркәсібін, ІТ секторды және жаңа технологияларды дамытуға баса назар аудара отырып, АЭА жұмысын қайта ұйымдастыратын уақыт жеткенін" нықтады. Оларда сапалы жұмыс орындарын ашу керек. Ол үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Дегенмен Президенттің байламынша, бұл бағыттағы жұмыс көңіл көншітпейді.

Одан бері де бақандай бес ай мерзім өтті. Үкімет не өзгертті? Салада қандай реформа жүргізбек ойы бар? Сорақысы сол, Үкімет бұл тұрғыда тіпті тиісті нормативтік құжаттарды, заңнаманы жетілдіру де қажет емес деп санайды екен. Ең құрыса, қағаздарды жетілдіруді шенеуніктерден сенаторлар сұраған еді. Сонда саланы реформалау туралы Президенттің өзі қойған міндетті Үкіметтің қалай орындағалы отырғаны белгісіз. Бәлкім ары қарай да орындамайтын шығар?

Сенат депутаты Серік Шайдаровтың айтуынша, елімізде арнайы экономикалық аймақтарды құрудың негізгі мақсаты – шикізаттық емес экспортқа және жоғары технологиялық өндіріске инвестициялар тарту болып еді. Бірақ олар бұл міндет үдесінен шыға алмады.

Жоғары аудиторлық палата атап көрсеткендей, АЭА-лардың жалпы ел экспортындағы үлесі 2022 жылы небары 0,8%, ал өндірілген өнімнің экспорты 6,1% ғана болды. Сондықтан АЭА қызметіне байланысты сұрақ та, шағым да көп. Бүгінде 13 арнайы экономикалық аймақтың үшеуінде – "Оңтүстікте", "Инновациялық технологиялар паркінде" және "Қорғас–Шығыс қақпасында" ғана инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған.

Басқасында инфрақұрылым құрылысын аяқтау мерзімінің кейінге шегерілуінің негізгі себептері – әкімдіктерде инфрақұрылымды дамытуға қажетті бюджет қаржысы тапшы, жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу ұзаққа созылып кеткен және жобалау сапасы нашар.

Сенатор Шайдаровтың байламынша, "уәкілетті орган тарапынан АЭА қызметінің жұмыс істеуіне және инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингіне бақылау мүлдем жоғалған". Олардың кейбірінің қызметі тіпті тиімсіз. Мысалы, "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі", Химпарк, "Қорғас" шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметі тиімсіз. Соңғысы қазақстандықтарға қытай тауарларын сататын алаңға айналды. Сондықтан Парламент Үкіметке бұл аймақтарға қатысты қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді ұсынды.

Үкімет одан бас тартып отыр. Бұл ұстанымды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

"Тиісті нормативтік құжаттарды жетілдіру қажет етілмейді. Былтыр заң аясында 5 нақты өзгеріс енгізілді және арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын ары қарай жетілдіру бойынша нормативтік құқықтық шаралар қабылданды. Жалпы, басты мәселе – ол жаққа не үшін жобалар көп келмеді? Өйткені әрбір АЭА-ның басым бағыты бекітілді. Мысалы, жиһаз өндірісі басымдық болса, металлургия саласы ол жақта істей алмады. Ал жаңа басым бағыттарды қосу, өзгерту тек Үкіметтің қаулысымен жүзеге асты. Ол үшін басқа меморгандардың келісімін алу, Республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысын алу керек еді. Мысалы, бір инвестор келеді, ол жобасын бастауға дайын, бірақ сіз оған АЭА-да жер бере алмайсыз. Ал жаңа басым бағытты қосу 6 айдан 1,5 жылға дейін ұзады", – деді Марат Қарабаев.

Бірақ бұл ескі тәжірибе: министр бұдан былай мұны дәйектеме ретінде алға тарта алмайды. Президенттің дебюрократизация саясаты аясында министр айтып отырған шешім Үкіметтің қаулысы деңгейінен министрдің бұйрығы деңгейіне дейін түсірілді. Енді Қарабаев ешкімге қол жаймай, АЭА-лар ісін өзі жетілдіре алады.

Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап, билік АЭА-ларды басым бағытпен шектеу саясатынан да бас тартты.

"Былтыр "аралас режим" деген жаңа ұғым енгізілді. Аралас режим дегеніміз тіпті басым бағыты сәйкес келмесе де, кез келген инвестор мен бизнес кез келген арнайы экономикалық аймаққа барып, жұмыс істеуіне болады. Бірақ онда ол мемлекеттік преференцияны қолдана алмайды, АЭА инфрақұрылымын пайдалана алады. Бұл осы аймақтарды жобалармен толықтыруға мүмкіндік береді", – деді Индустрия министрі.

Ол еліміздегі ең қымбат АЭА-ны атады. 13 АЭА-ның инфрақұрылымына салынған 400 миллиардтан астам қаржының 43 пайызы немесе 172 миллиарды Атыраудағы арнайы экономикалық аймаққа шығындалыпты. Әрине оның да елді өркендетуге қуатты үлес қосып жатқаны шамалы. Атыраулық АЭА-ның озық жобалары қатарында министр полипропилен шығаратын зауыттың іске қосылғанын, полиэтилен, бутадиен жобаларының құрылысы басталып жатқанын айтты.

Жоғарғы аудиторлық палатаның дерегінше, Атырау облысындағы осы "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" АЭА-сының қатысушылары 2013 жылдан 2020 жыл аралығында, яғни 7-8 жылда небары 16 миллиард теңге салық төлеген. Яғни, оған салынған ел қаржысының он пайыздан азы ғана қайтты. Орасан зор қаржы шығындалды, сонымен бірге бұл АЭА инфрақұрылымы тек 17% дайын көрінеді. Инфрақұрылымының 80 пайыздан астамы салынбаған.

Жоғарғы аудиторлық палатаның дерегінше, АЭА-ға салынған инвестициялар толығымен дерлік немесе 99,6% – квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компаниялардың инвестициялары болып шықты. АЭА шетелдік, ең құрыса отандық бизнесті тарту үшін құрылады. Ал ұлттық компаниялар арнайы аймақсыз да қаржысын сала беретін еді. Дұрысы, олар басқа өңірді дамыту үшін өндірісін сонда ашқаны жөн.

Депутаттардың айтуынша, АЭА құратын болсақ, оған аста-төк ел қаржысын шығындасақ, одан салық түрінде небары 10 пайыз қайтарым болса, бұл ретте оған квазимемлекеттік компаниялардың қаражаты жұмсалса, онда арнайы экономикалық аймақтың не керегі бар? Бұлардың қызметінің тиімділігі туралы не айтуға болады?

Он үш АЭА-да бүгінде 283 жоба ғана толығымен іске қосылды және 24 мың адам жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ол жобаларға 2,7 триллион теңге жеке инвестиция келіпті. Тағы 185 жобаның құрылысы қолға алынбақ.

Мұндай аймақтардың алдының пайда болғанына 20 жылдан аса уақыт өтті. Арабтар 20–30 жылда құм бораған шөлде ғажайып Дубайды тұрғызды. Қазақстан Үкіметі осы кезеңде барлық АЭА қатысушыларының 353 млрд теңге (784 млн доллар) салық төлегеніне мәз.

Бұған Парламент тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы, депутаттардың Үкіметтің айтқанына бас шұлғи беруі де ықпал етеді. Мысалы, Сенат төрағасы АЭА мәселелері бойынша бірлескен парламенттік және үкіметтің жұмыс тобын құруды ұсынған. Ол топ АЭА жобаларының тиімділігін талдап, заңнаманы жетілдіру бағытында ұсыныстар дайындауы қажет еді. Бірақ Үкіметтің өкілі "жетілдіру қажет емес" деген соң табандамады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу