Үкімет барлық ескі көлікті пайдалануға тыйым салуды қарастыруда

31393

Көлік иелеріне салынатын 1,4 миллион теңгелік айыппұл енгізілмек. 

Үкімет барлық ескі көлікті пайдалануға тыйым салуды қарастыруда Фото: inbusiness.kz

Еліміздің әр өңірінде жергілікті экология органдарының мамандары қасына полицейлерді ертіп, көшелерді аралайды, жол бойында тұрақты рейдтер жүргізеді. Бұл "меморгандардың бақылау-қадағалау іс-шаралары" деп аталады.

Оның барысында әртүрлі автокөліктер – жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк көліктері және басқасы тоқтатылып, газоанализатор, тахометр және басқа аспаптардың көмегімен машинаның шығарынды газдары өлшенеді.

Егер тексеру қорытындысында ауаны ластау көрсеткіші рұқсат етілген нормалардан асып түссе, онда дереу көліктің мемлекеттік нөмір белгісі тәркіленеді, ондай машинаны ары қарай пайдалануға тыйым салынады.

Ұлттық экономика министрлігі мүдделі меморгандармен бірлесіп, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне тиісті өзгеріс енгізетін және осы суреттелген көріністі шындыққа айналдыратын заң жобасын әзірледі.

Оған сәйкес, қолданыстағы кодекстің 797-бабында көзделген жаза, яғни "тыйым салудың себептері жойылғанға дейін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін алып қою арқылы көлік құралдарын пайдалануға тыйым салу" енді аталған экологиялық талапқа да таралатын болады.

"Осылайша, қолданыстағы әкімшілік жаза қатайтылуда. Нәтижесінде, пайдаланылған газдарындағы зиянды заттардың мөлшері жоғары көлік құралын эксплуатациялауға – сол бұзушылық толық жойылғанға дейін тыйым салынады. Бұл тыйым, бұзушылық тіркеле сала, бірден күшіне енеді. Әйтпесе, қолданыстағы редакцияда мемлекеттік нөмірлік белгілерді алып қоюға тек құқық бұзушылық бірнеше рет жасалса, бір жыл ішінде қайталанса ғана рұқсат етіледі. Жаңа талапты Қазақстандағы барлық жеке тұлғаларға, сондай-ақ меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан, барлық заңды тұлғаларға қатысты енгізу ұсынылады", – деп түсіндірді министрлік сарапшылары.

Басқаша айтқанда, залалды заттары шектен тыс көп газдарымен ауаны ластайтын ескі автокөліктерді және басқа да жылжитын құралдарды ешкімнің де пайдалануына жол берілмеуге тиіс.

Үкімет бұл қадамға мәжбүрліктен барып отырғанын алға тартты. Экологиялық рейдтер жиі өткізілмейді. Өткізіле қалса, оның барысында халықты көк түтінге қақалтқан ескі-құсқы, темір-терсек көліктер мыңдап әшкереленеді. Алайда құзырлы органдар заң талабына сәйкес, олардың иелерінің 80%-ын бірінші жолы тек "ескертумен" қоя беруге мәжбүр. Қалған 20 пайызы – бұрын анықталған бұзушылығын бір жыл ішінде жоймағандар.

Ал алғашқы ұсталғандар бір жыл ішінде, келесі тексеру барысында қайта тұтылмайды. Сөйтіп, жазадан құтылады.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, Әкімшілік кодекстің "Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерінен асыра отырып, автомотокөлiк құралдары мен басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану" аталатын 334-бабы аясында:

• 2020 жылы – 7 849 әкімшілік іс қозғалған, соның 6 570 жағдайында ескерту ғана жасалды;

• 2021 жылы – 26 600 әкімшілік іс қозғалып, 20 412 көлік иесі ескертумен жайына жіберілді;

• 2022 жылы – 26 643 әкімшілік іс ашылып, 21 751 жағдайда ескерту жасаумен тынды.

Былтырғы көрсеткіш те осыған ұқсас болатын түрі бар.

Яғни, бұзушылықтар саны тұрақты түрде өсіп, статистика нашарлауда. Елімізде автопарктің жаппай ескіріп жатқанын ескерсек, бұзушылықтар легі жүз мыңдық белесті оңай бағындыруы ғажап емес.

Сондықтан ахуалды әрі қарай ушықтырмау үшін заң өзгертіліп, полицияға бірінші жолы қолға түскенде-ақ ауаны ластаушы машиналардың мемлекеттік нөмірін сыпырып алуға өкілеттік беріледі.

Осыдан кейін ақауларды толық жоймай, жөндемей, катализаторын, шығарынды газдардың нормативтен артуына жол бермеу үшін фильтрлерін ауыстырмай, техбайқаудан қайта өтпей, қожайыны өз машинасының рөліне қайта отыра алмайды. Әрі қарай айдап жүріп ұсталса, 1,4 миллион теңгелік айыппұл төлеуі мүмкін.

"Жаңа талап авто иелерін тәртіпке келтіріп, жөнге салады, көлігіне уақытылы жөндеу жүргізіп тұруға баулиды. Ал қолданылып жүрген "ескерту" түріндегі жауапкершілік тиімсіздігін паш етті. Бұзушылықтардың жойылуына ол пәрменді ықпал етпейді. Салдарынан, автокөліктер атмосфералық ауаны ластайтын негізгі көздердің біріне айналып кетті. Көлігі көп ірі қалаларымызда ауадағы аэрозольдердің шоғырлану көрсеткіші қалыптағыдан 10 есе жоғары, газдар – 25 есе көп. Соның ішінде автомобильдердің газбен ластаудағы үлесі 60–70%-ға дейін барады. Алматы қаласында ауаға түсетін зиянды заттардың жалпы көлемінің 80–90%-ы – көліктерге тиесілі", – деп мәлім етті экология министрлігі.

Дәрігерлер де дабыл қағып жатыр. Қалаларды қалың тұмандай басатын улы газдар халықтың денсаулығына орны толмастай нұқсан келтіреді. Қалалық жасұрпақ арасында демікпе, аллергия сияқты дерттер артты. Халық арасында тыныс алу жүйесіндегі аурулар, гайморит, ларинготрахеит, бронхит, бронхопневмония, өкпе рагы, басқа да кеселдерге шалдыққандар көбейген.

Көліктердің шығарынды газдары климаттағы, қоршаған ортадағы теріс өзгерістерге соқтыратыны, жаһандық жылынуға, қышқылды жаңбырлардың жаууына әсер ететіні, өсімдік атаулыны, ауыл шаруашылығы дақылдарын улайтыны – бөлек әңгіме. Қазақстан бұл құбылыстармен күресуге қатысты халықаралық міндеттеме алды.

Сондықтан Үкімет алдын алу және жолын кесу шаралары енді тек қатайтылатынын ескертті. Осы орайда түтіні будақтаған, көнерген "темір тұлпарлардың" көшеге, жолға шығуына тыйым салу – тиімді бір шара ретінде қабылданғалы тұр.

Қорыта айтқанда, заңды әзірлеуші Ұлттық экономика министрлігінің ұстанымынша, бұл қатаң талап халық денсаулығын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.

Автоэксперт Сергей Зорин ерте ме, кеш пе, Үкімет мұндай қатаң шараларға бәрібір баратынын айтады.

"Бұл әлемдік тенденция. Ескі көлікті пайдалану тиімсіз бола береді. Мысалы, болашақта көлік салығын машинаның қозғалтқышының қуатына қарай емес, оның экологиялық класына, яғни қоршаған ортаны ластауына қарай есептеу туралы ұсыныстар айтылып жүр. Тиісінше, көлік неғұрлым жаңа, экологиялық таза болса, салығы да аз болар еді. Жұрт та жаңасына ұмтылар еді. Бүгінде Еуропада парник газдарына да салық енгізілген. Бұл адамдарды барынша үнемді, шағын, экологиялық "темір тұлпарды" ерттеп мінуге ынталандырады. Естуімше, Үкімет шығарынды газдарында ластаушы заттары нормативтен асатын көліктерді пайдалану үшін айыппұл көлемін де еселеп арттырғалы жатыр", – деді С.Зорин.

Ондай бастама Үкіметте қосымша пысықталуда. Атап айтқанда, "Шығарындыларындағы ластаушы заттардың құрамы, сондай-ақ жұмыс кезінде олар өндіретін шудың деңгейі белгіленген нормативтерден асатын" автокөлік, мотокөлік және басқа жылжымалы құралдар мен қондырғыларды пайдаланса:

• жеке тұлғаларға – 10 АЕК (2024 жылы 36 920 теңгеге тең),

• шағын кәсіпкерлерге не коммерциялық емес ұйымдарға – 50;

• орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100,

• ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 айлық есептік көрсеткіш (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салу ұсынылып отыр.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта ұсталса, жеке тұлғалардың айыппұлы – 20, шағын кәсіпкерлер мен коммерциялық емес ұйымдардыкі – 100, орта кәсіпкерлікке – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК-ке (1 476 800 теңгеге) дейін, яғни екі еседей артып шыға келмек.

Бұған жеткізбеу үшін мамандар шығарынды газдардың уыттылығын едәуір төмендетуге көмектесетін каталитикалық түрлендіргішті (катализатор) орнатуға кеңес береді. Катализатор азот оксиді, көміртегі тотығы және жанбаған канцерогенді көмірсутектер сияқты қоршаған ортаға зиянды компоненттерді өңдеп, залалсыздандырады.

Катализаторлардың қолданыс мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейін барады. Содан кейін оларды уақытылы ауыстыру маңызды. Өйткені сүзгі бітеліп, экологиялық функциясын орындауды тоқтатып, пайдасыз болып қалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу