Үкімет қазақстандықтардың бір тобының жалақысы өсіп жатқанын жариялады

10546

Орман үшін от кешкендердің төлемдері неге кешігіп жатқаны белгілі болды.

Үкімет қазақстандықтардың бір тобының жалақысы өсіп жатқанын жариялады Фото: news.myseldon.com

Биылғы жылғы топан су орман шаруашылығы қызметкерлеріне төлем төлеуге кедергі болыпты-мыс. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр хабарлады.

Ол орманшылардың жалақысын көтеруге қатысты Президенттің былтырғы тапсырмасының әлі күнге орындалмай жатуының "себебін" баяндады.

Склярдың айтуынша, Мемлекет басшысы айта салысымен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман күзеті қызметінің қызметкерлеріне лауазымдық жалақысының 100%-ына дейінгі мөлшерде қосымша ақы белгіленді. Нәтижесінде:

  • орманды қорғау жөніндегі инспектордың орташа жалақысы 2022 жылғы 141 мыңнан енді 276,7 мың теңгеге дейін,
  • орманшылықтар басшысының орташа жалақысы 181 мыңнан 357 мың теңгеге дейін,
  • басшылық құрамдағылардың жалақысы 198 мыңнан 361 мың теңгеге дейін ұлғаюға тиіс болған.

Осы қосымша төлемді толыққанды төлеу үшін 2024 жылға 7,4 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланды. Сондай-ақ бюджетті қайта қарап, нақтылау аясында биылғы жылдың соңына дейін қосымша 2,6 миллиард теңге бөлінуі керек еді.

"Дегенмен, елді су тасқыны жайлап, күрделі жағдай қалыптасуына байланысты бұл қосымша қаражат бөлінбеді. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, басқа бағыттардың шығынын қайта бөлу және үнемдеу шеңберінде республикалық емес, жергілікті бюджеттер есебінен қалған соманы табу мәселесін пысықтады. Сол арқылы 2024 жылдың соңына дейін орман мекемелерінің қызметкерлеріне көзделген үстемеақылар толық көлемде төленетін болады", – деп уәде етті Роман Васильевич.

Орманшылардың ауыр жағдайы кейінгі жылдары Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан және басқа облыстарды жайлаған, оннан аса адамның өмірін жалмаған дала және орман өрттері кезінде белгілі болды. Бұл жағдай қоғамның қатаң сынына және салаға жауапты Экология министрінің отставкасына тамыздық болды. Осыған үн қатқан Мемлекет басшысы былтырғы маусымда Үкіметке орман шаруашылығы саласының және өрт сөндірушілердің тым төмен жалақысын көтеру міндетін жүктеді.

Алайда биылғы жылдың басында – бір топ сенатор, таяуда – бір топ Мәжіліс депутаты орманшылардың уәде етілген үстемеақыны сол бойы алмағанын жариялады. Роман Скляр бұған биылғы сәуірдегі топан су кедергі келтірді деп отыр.

"Семей орманында өрт болып, ондаған отандасымыз опат болғанда Үкімет өкілдері "2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың айлығы өседі" деп кесіп айтқан еді. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса, орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді. Аталған мәселе былтырғы қыркүйекте Мәжілістің төрінен көтерілгенде Үкімет өкілдері мен салалық министр "жалақыны өсіреміз!" деп уәдені үйіп-төкті. Тым болмағанда осы жолы оттан "көйлек" киіп, орман өртімен күресетін мамандардың еңбекақысы өсер деп қатты үміттендік", – делінген "AMANAT", "Қазақстан Халық партиясы" фракциялары өкілдері және бір мандаттылар кірген депутаттық топтың Үкіметке сауалында.  

Айта кету керек, билік өткен жылы сөз бергенімен, Премьер Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы қаулыға тек бір жыл өткенде, 2024 жылдың 1 шілдесінде ғана қол қойды.

Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатында "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді.

Құжатқа сәйкес, шілде айынан бастап, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді.

Депутаттардың мәліметінше, қаулының игілігін көрушілер қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары болуға тиіс.  

Бірақ 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар әзірге 2024 жылы да дәл сол жағдайды бастан кешуде. Ел Парламентіне биылғы жыл бойы Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай, Жетісу, Павлодар облыстарынан, Арал ауданынан "қаулы орындалмады!" деген арыз түскен.

Мәжілісмендер орманшылардың жалақысын көтерудің жүгін Үкіметтің республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке аудара салғанына қынжылыс білдірді. Өйткені депутаттардың айтуынша, "әкімдердің қазынасында қаржы жоқ екен". Қалаулылар Үкімет басшысының қаулы қабылдап, оны қаржымен қамтамасыз етпегеніне қайран қалды.

Салдарынан, биыл саладан мамандардың, қатардағы жұмысшылардың кету үрдісі жалғасты. Жалақының төмендігінен жастар орманшы кәсібіне келгісі келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді, жұмысшы тапшы.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары орманда өрт сөндіру станцияларының қызметкерлеріне, соның ішінде орман өрт сөндіру станцияларының бастықтарына, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілеріне, өрт сөндіру-бақылау мұнарасының бақылаушыларына, өрт сөндірушілерге және басқасына олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс үшін қосымша ақы төлеу мәселесі қарастырылатынына сендірді.

Алайда тағы да гәп бар: қосымша ақы көлемі әрбір өңірдің бай-кедейлігіне байланысты болады.

"Бұл үстемақы жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді. Қазіргі уақытта Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстарында қосымша ақы "қаржыландыру жоспарына" сәйкес жүзеге асырылады. Өз кезегінде Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу, Ұлытау облыстарында қаржыландыру бойынша кешіктірулер орын алды. Бұл ретте қажетті үстемеақылар қайта бөлу және үнемдеу есебінен биылғы жыл соңына дейін толық көлемде төленетін болады", – деп жаңа уәде берді Роман Скляр.

Егер бұл уәделердің бәрі жыл аяғына дейін орындалмаса, былтыр жария етілген жағымды жаңалыққа сеніп, содан бері сан мәрте сан соққан орманшылардың жанайқайы және депутаттардың сауалдары келесі жылы да күн тәртібінде көрініс беруі мүмкін.

"Іс бітті, қу кетті" деп, яғни, орман өрттері маусымы артта қалды деп, Үкімет бұларға да уәдесін тарс ұмытып кетпесе болғаны.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу