Үкімет жарнамаға талаптарды қатайтады

2693

​Жарнама әрдайым кірісті бизнес саналады. 

Үкімет жарнамаға талаптарды қатайтады Фото: canva.com

Жарнамасын жұрт күн сайын көруі үшін қоғамдық автотұраққа немесе жол шетіне тасталған тіркемелер кейбір қазақстандықтың кіжінісі мен шағымына себеп болыпты.

Бизнесмен Алексей Полищуктың айтуынша, тіркеме-прицептегі жарнама өз иесіне көп табыс әкелмейді.

Біріншіден, ірі жарнама берушілер, беделді компаниялар көбіне тіркемедегі жарнаманы салмақты қабылдамайды, "кедейлерге арналған билборд" деп те атайды екен.

"Екіншіден, оның шығыны да жетерлік. Қолданыста болған, жеңіл көлікке арналған стандартты тіркеме шамамен 350 мың теңгедей тұрады. Оған орнатылатын каркас-конструкция 50 мың теңгеден көп қаржыны талап етеді. Бұдан бөлек, жарнама жазылатын винилге, баннерлік қағазға, арнайы матаға не басқа материалға, типографияның кең форматты баспа қызметіне шығындалу керек. Ол жарнама жиі бүлінуі, оны жел немесе қаскүнемдер жыртып тастауы мүмкін", – деді кәсіпкер.  

Үшіншіден, жарнама берушілер мұндай тіркемені айына 200-300 мың теңгеден артыққа жалдағысы келмейтін көрінеді.

Төртіншіден, ірі қалаларымыздағы, әсіресе, бұқаралық танымал көшелердегі қалалық автотұрақтардың көбі ақылы болып кетті.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар да тіркемені тастап кетуге рұқсат етпейді, эвакуатор шақыртып, әкеттіреді.

Сондықтан Алматы мен Астанада және облыс орталықтарында тіркемедегі жарнама немесе "мобильді билбордттар" сирек кездесетін болды. Компаниялар одан гөрі өз брендтерін, логотиптерін төл автомобильдеріне, жүк көліктеріне, "Газельдерге" жапсыруды жөн санайды.  

Соған қарамастан, ел Үкіметі "мобильді билбордтарды" заң аясында қатаң реттеуге кірісті. Осы мақсатта қолданыстағы "Жарнама туралы" заңының 12-бабына толықтырулар енгізіледі.

Оған сәйкес, біріншіден, тіркемедегі жарнамаларды орналастыруға қатысты "хабарлама тәртібін" енгізу ұсынылады. Яғни, оның иесі көлік құралын қалаған жерге тастап, жөніне кетпей, алдымен оны қойғаны туралы жергілікті әкімдікке тиісті формада хабарлауға міндетті болады.  

Екіншіден, автокөлік тіркемелерінде орналастырылатын жарнамадан да сыртқы көрнекі жарнама есебінде ақы жиналады.

Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, "Жарнама туралы" заңына сәйкес, елді мекендердегі ғимараттардан, үй-жайлардан тыс, сырттағы ашық кеңістікте "сыртқы (көрнекі) жарнаманы" орналастыратындар ол туралы хабарлауға тиіс. Бірақ заңнамадағы бұл реттеу автокөлік тіркемелерінде орналасқан жарнамаға қолданылмайды. Олар тыс қалған. Енді хабарлау процедурасын соларға да тарату қарастырылуда.

"Мұндай талапты енгізудің негізі бар. Себебі, автомобиль тіркемелерінің иелері жарнама туралы қолданыстағы заңнаманы айналып өтіп, ол құралдарын жарнаманы орналастыру үшін жаппай пайдалануының фактілері тіркелді. Мысалы, 2023 жылдың басынан бері, бір ғана Астана қаласында тұрғындардан автотіркемелердегі жарнама конструкцияларына қатысты жалпы саны 385 шағым түсті. Соның ішінде: eOtinish сервисі арқылы – 320, "iKOMEK109" қызметі арқылы – 65 инциденті тіркелді", – деді министрлік сарапшылары.

Жұрт неге шағымданады?

Қалқайған жарнамасы бар тіркемелер сауда нысанының алдына қойылатын кездер аз емес. Содан ол өзге көліктердің, соның ішінде жүк жеткізетін көліктің жолын жауып, қозғалысына кедергі келтіруі мүмкін немесе, сауда орнының, дүкеннің атауын қалқалап, клиенттерінің оны алыстан байқауына мүмкіндік бермеу жатады.

Бір орында айлап, тіпті жылдап қалдырылатын, дөңгелексіз тіркемелер жетерлік. Олар мысалы, қар тазалаушы, көше сыпырушы көліктерге кедергі жасайды. Олар автотұрақ орындарын алып тұрғанымен де азаматтардың наразылығын туғызады.

Олардағы қате, кейде тіпті анайы, алабажақ жарнамалар қаланың сәулет бейнесін бұзатыны, "визуалды шу" туындататыны да дәйектемеге келтірілді.

Бұл ретте тіркемелердегі жарнама объектілері қағажу, елеусіз орында емес, халық пен көлік көп қозғалатын қаланың танымал орындарында орнатылады.

Ал олардың сыртқы көрінісі, оларды ресімдеуге, күтіп ұстауға және орналастыруға қойылатын талаптар ешқандай құжатпен реттелмеген.

Ведомство осы реттеуді енгізу арқылы "жарнама берушілер арасындағы теңдікті қамтамасыз етуге" ниетті. Себебі, көшедегі стационарлы билбордтарға қатысты көптеген талап қарастырылған. Ол мысалы, ұзақ бос тұрып қалса, немесе қажетсіз болса, иесі бұл жайында әкімдікке хабарлауға міндетті. Сонда билік ол билбордта "әлеуметтік маңызды жарнама" орналастырады. Мемлекет басшысының, көрнекті тұлғалардың дана сөзін-цитатасын жазып қояды.

Басқаны айтпағанда, билбордтар қалалық бюджетке жергілікті мәслихат белгілеген тарифпен ақы төлейді.

Ал тіркемелердегі жарнамалар құқықтық реттелмейді және олардан ақы алынбайды. Заң қабылданған соң олардан да ақы жиналады. Әрі сыртқы пішіні мен жарнамасының көрінісі қаланың дизайн-кодына сәйкес келуі талап етілетін болады.

Бұл талап қашан енгізілмек?

Бұл Парламенттің тиісті заңнамалық өзгерістерді қаншалықты тез қабылдайтынына байланысты болады. Заң Президент қол қойып, ол баспасөзде жарияланған соң, 21 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Әрі қарай әрбір өңірдегі жергілікті маслихат жаңа заң негізінде "Сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, елді мекендерден тыс жердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде орналастыру қағидаларын бекіту туралы" қолданыстағы төл шешімдеріне өзгерістер енгізуі керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу