Үкімет "Қазатомөнеркәсіпті" сатуды бастады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2992

Бұл еліміздегі ірі ұлттық компаниялардың алғашқысы болмақ.

Үкімет "Қазатомөнеркәсіпті" сатуды бастады Фото: kursiv.kz

"Қазатомөнеркәсіп" өз акцияларын ІРО-ға бірнеше лекпен шығаруды жоспарлады. Оның жалғыз акционері болып табылатын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры бірінші кезекте, төрткүл дүниенің әр атырабындағы инвесторлар мен қалталы адамдарға жаһандық атом алпауытымыздың айналымдағы акцияларының 15 пайызын сатып алуды ұсынуда. Негізі, жалпы алғанда акциялардың жалпы ауқымының төрттен бір бөлігін, 25 пайызын сатуға рұқсат алыныпты.  

Сондықтан, "Самұрық-Қазына" қоры Credit Suisse Securities Limited және J.P.Morgan Securities секілді халықаралық ұсынысты үйлестіруші банктермен кеңескеннен кейін осы опционды пайдаланып, сатуға жіберілетін құнды қағаздардың санын ең жоғарғы шекке дейін арттыруы ықтимал.

Құнды қағаздар саудасы Астана мен Лондонда өткізіледі деп күтілуде. Соның ішінде "Астана" халықаралық қаржы орталығының халықаралық биржасында қарапайым акциялары да, сондай-ақ GDR-і де ұсынылмақ.

ІРО-ны жүзеге асырғаннан кейін "Қазатомөнеркәсіп" елімізде жүріп жатқан жекешелендірудің екінші толқыны аясында акциялары халықаралық нарыққа шығарылған бірінші ірі ұлттық компанияға айналады.

Бұл бағдарлама аясында ел үкіметі Қазақстанда тиімді әрі бәсекеге қабілетті экономика қалыптастырып, мемлекеттің (тиісінше, шенеуніктердің) экономикаға араласуының үлесін ЖІӨ-нің 15 пайызына дейін азайту көзделіп отыр. Әйтпесе, еліміз "дамыған мемлекет" санала алмайтын көрінеді: дамыған елдер кіретін ЭЫДҰ стандарты осындай екен.

AIX-те (Astana International Exchange, АХҚО биржасы) тіркелген брокерлер атом алпауытының құнды қағаздарын сатып алғысы келетіндердің өтініштерін 2018 жылғы 12 қараша күнгі 17:00-ге дейін қабылдайды. Дегенмен, инвесторлардың әрқайсысына өз брокерлерінен өтініш қабылдаудың ақырғы межесін нақтылап алуға кеңес беріледі: әр брокерде ол әртүрлі. Мысалға, кейбірінде қабылдау мерзімі бүгін аяқталады.

Жеке адамдар биржада өз бетінше "Қазатомөнеркәсіп" акцияларын сатып ала алмайтынын ескергені жөн, бұл тек АХҚО биржасындағы саудаға жіберілген брокерге өтініш ұсыну арқылы жүреді. Демек, уран қазынасынан күреп табыс тапқысы келетін қалталы азамат алдымен AIX брокерлерінің бірін таңдауы қажет, содан кейін маман клиентіне қажетті кеңес-консультациялар береді және ұлттық компанияның бағалы қағаздарын сатып алуға өтініш жасау мен тиісті төлемдерді төлеу бойынша нұсқаулықты ұсынады.  

Елордалық халықаралық биржаға кіре алатын брокерлердің толық тізімі AIX сайтында жарияланған.

Егер әлеуетті инвестордың бұрын ашылып қойылған брокерлік есепшоты болса, ол өз брокерінің AIX биржасына мүше болып табылатынына көз жеткізуі қажет. Содан соң басқаны іздемей-ақ, сол брокерінің нұсқаулығына сәйкес, өтініш беруіне болады.

Өтініш беру кезінде инвестор өзінің брокерлік есепшотына өз өтінішінде көрсетілетін көлемде ақша аударуға міндеттеледі. Одан әрі брокер аталған өтінішті AIX алаңына жолдайды.

Қазіргі кезде бір акцияның құны қанша болатыны белгісіз. Себебі, акциялар мен GDR-ді орналастыру бағасы туралы ақырғы шешімді "Самұрық-Қазына" мен үкімет 13 қараша күні қабылдайтын болады. Ал оған дейін алдағы дүйсенбіде, яғни 12 қарашада "өтініштер кітабы" жабылып, барлық инвесторлардан жалпы көлемі қанша акцияға өтініш түскені мәлім болады. Үкімет пен ұлттық әл-ауқат қоры соған қарайламақ.

Әйткенмен, алдын ала баға өтініштер қабылдау қарсаңында жария етілді және 1 акция немесе 1 GDR үшін 11,6-15,4 доллар аралығын құрайды. 

Айта кету керек, шамалы ғана қаржысы бар азаматтар бұл додаға қатысудан дәмеленбесе де болады. Себебі, бұл жолғы сауда қарапайым бұқараға бағдарланған "халықтық ІРО" емес, ол бағдарламаны мемлекет 2015 жылы жауып тастады. Ал бұл іске миллиардтарын төгуден тайсалмайтын дәулетті инвесторларға жол ашық.

Сарапшылардың түсіндіруінше, қазақстандық компаниялардың акциялары тек қана теңгемен байланыстырылады. Ал GDR халықаралық инвесторлар үшін шетелдік валютада деноминациялау мәселелерін шешеді. Басқаша айтқанда, биржадағы GDR листингі біріншіден, қолында теңгесі жоқ, екіншіден, теңгенің құнсыздануына қатысты қауіп-қатерге басын сұққысы келмейтін, үшіншіден, қазақстандық биржа алаңына қолжетімділігі жоқ жатжұрттық инвесторларға арналады. GDR сондай-ақ тек шетелдік валютада инвестициялауға мүдделі отандық инвесторлар үшін де қызықты болмақ.

Әлдеқалай шешімін өзгертіп жатса, инвестор кез келген уақытта акциясын GDR-ге немесе керісінше ауыстырып ала алады. Бірақ бұл жерде акцияға қарағанда, жаһандық депозитарлық қолхаттарға иелік ету біршама қымбатқа түсетінін ескеру керек: өйткені жаһандық болғандықтан, депозитарий комиссиясы және үшінші тұлғалардың басқа да ілеспе комиссиялары үстемеленеді.

Бұл ретте "Қазатомөнеркәсіптің" құнды қағаздарын сату Астана халықаралық қаржы орталығы биржасының алғашқы қадамына айналғалы отырғанын атап өткен абзал.

Елордалық Astana International Exchange (AIX) әлемдік инвесторларға әп дегеннен-ақ осындай аса дәмді "майшелпекті" ұсыну арқылы оларды өзіне жалт қаратпақ ниетте. Мамандар ұлттық атом компаниясының құнды қағаздары шынымен де ықылас тудырар құрал екенін мойындайды.

"Қазатомөнеркәсіп" елімізде және шетелде 23 мың қызметкері, Қазақстанның 5 өңірінде 46 өндірістік объектісі бар жаһандық ірі өндіруші саналады. Ол әлемдегі көптеген АЭС-терге тек ядролық отынды, уран мен оның әртүрлі қосылыстарын ғана емес, сонымен қатар арнайы құрал-жабдықтар мен технологияларды жеткізеді.

Саладағы бүкіл дүниежүзілік өндірістің 20%-ы – жалғыз соған тиесілі. Осының арқасында ол нарықтағы жағдайға ықпал етіп, оны өз қалауынша өзгертуге қауқарлы.

Халықаралық сарапшылар бұл саудадан тараптар ұтатынын айтады. Мемлекет үшін бұл – бюджетке қосымша қаражат тартудың бір мүмкіндігі. "Қазатомөнеркәсіп" ІРО арқасында қызметінің ашықтығын арттырып, корпоративтік басқару рәсімдерін жолға қояды, сол арқылы алда тартатын қарыз қаражаттарының арзандай түсуіне қол жеткізеді. Елордалық биржа үшін бұл өзіне әлем назары мен инвесторлар ақшасын тартудың жақсы тәсілі. Егер оның ІРО-сын табысты өткізсе, бұл келесі орналастырулар үшін сенім базасын түзіп береді. 

Ақыр соңында, "Қазатомөнеркәсіп" құнды қағаздары инвесторлар үшін кіріске кенелудің бір жолы болмақ.

Freedom finance сарапшылары ұлттық компанияның акциялары мен GDR-ын сатып алу үшін төрт себепті атады:

"Біріншіден, бұл – компанияның тарихы: ол 20 жылдан астам уақыттан бері өсіп, қуатты экспансия жүргізуде. Екіншісі – мықты қаржылық портфелі: компанияның еркін ақша ағыны тұрақты және соңғы 4 жылда орташа есеппен 50 миллиард теңгені құрайды. Оның уран өндірісінің өзіндік құны – әлемдегі ең арзандарының бірі. Үшіншісі – компания бейінді емес активтерін қайта құрылымдауда. Бұл "Қазатомөнеркәсіпке" басқарушылық процестерді оңтайландыруға, бар күш-жігерін ядролық энергетикаға шоғырландыруға мүмкіндік береді. Төртіншісі – дивидендтік саясат. Компания тұрақты ақша ағыны есебінен жыл сайын дивиденд төлеп келеді. Соңғы төрт жыл ішінде "Қазатомөнеркәсіп" 215 миллиард теңге дивиденд төледі. 2017 жылы дивидендтері таза табысының 97%-ына жетті. Оның акциялары 25%-ға қымбаттауы мүмкін", – деді брокерлік компания.

Қазақстан атом алыбын сатумен шектелмейді. Алда астаналық биржаға Air Astana, "ҚазМұнайГаз", "Самұрық-Энерго", "Қазпошта", "Тау-Кен Самұрық", "Қазақтелеком" түсетін болады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу