Үкіметтің револьверіндегі оқ тосыннан таусылып қалды

12068

Банктердің былығы кесірінен биліктің барабаны бос айналуда. 

Үкіметтің револьверіндегі оқ тосыннан таусылып қалды

Осыдан бес жыл бұрын ел Үкіметі Қазақстанда құрастырылатын автокөліктерді арзан кредитпен үлестіруге кірісті. 4%-дық несие халыққа шынымен жақты. Сондықтан билік бұл бағдарламаны бір жылмен шектемей, ары қарай жалғастыруға шешім қабылдады: бұған "револьверлік тәсіл" деген ат берді.

"Oxford сөздігіне" жүгінсек, револьвер (revolver) сөзі – "айналатын барабан түріндегі оқшантайы бар, көп оқталатын атыс қаруы" дегенді білдіреді. Автоөнеркәсіптік бағдарламаға қатысты бұл – бюджеттен салынған қаражаттың бюджетке кері оралмайтынын, борышкерлер қайтарған әрбір теңгені банктер келесі автокредит беруге қайта жұмсайтынын білдірді. Демек, бағдарлама ондаған жылға созылуға тиіс болатын: қарыз алғандар несиесін ұзақ жылдар бойы төлейтіні мәлім.

Бірақ Үкіметтің осы "револьверінде" кенет оқ таусылып қалып, барабаны бос айналып жатқаны әшкереленді. Мұны халықтың өзі анықтады: себебі, қаншама адам банктің батасын алып, кезекте тұр.

Мысалы, ауған соғысының ардагері Александр Борзилов Қостанайдағы көлік құрастыратын автозауытта жұмыс істейді. Оның кәсіпорын қақпасынан шығып, автосалондарға жол тартатын, көздің жауын алатын "темір тұлпарларға" жұтына қарап жүргеніне көп болыпты.

"Сбербанк 4 пайыздық автонесиені алу жөніндегі өтінішімді мақұлдады. Табысым оны өтеуге жетеді. Алайда сол несиеге қаражаттың бөлінуін осымен 5 айдан бері зарыға күтіп жүрмін. Банк оған мемлекет қаражат бөлмей отыр, күтіңіз дейді. Қанша күту керек? Жалпы, бұдан өзі үміт бар ма, жоқ па? Ештеңе де белгісіз", – деп қамығады ардагер.

Оның қорқынышы негізсіз емес. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметтің 2017 жылғы 29 қарашадағы және 2019 жылғы 21 ақпандағы қаулыларына сәйкес, Қаржы министрлігі республикалық бюджеттен бағдарлама операторына, яғни "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингіне отандық автоөндірушілерді қаржыландыруға арналған барлық соманы толық көлемде аударғанын айтады. Миллиардтар комбанктерге құйылыпты. Олар ары қарай жеңіл автонесиеге айналуға тиіс болған. Бұл қаржының шағын бір бөлігі арнайы мақсаттағы автокөлік пен техниканы лизингке сатып алатын компаниялар мен жеке кәсіпкерлерге тиюі керек еді. 

Нәтижесінде, автонесиелендіру бағдарламасына бөлінген 20 миллиард теңгенің 16 миллиарды жеке тұлғаларға жеңіл көлік алуға берілген.

"Сонымен, 2020 жылғы қараша айының басындағы мәлімет бойынша екінші деңгейлі банктер отандық автоөндірушілердің өнімін сатып алушыларға жалпы сомасы 22,6 миллиард теңге көлемінде барлығы 4 мың 78 кредит ұсынды. Бұл ретте биылғы 2020 жылдың республикалық бюджетінде қазақстандық автоөндірушілерді қаржыландыру үшін бюджеттік кредит бөлу қарастырылмаған", – деді қаржы министрі.

Биліктің бір ресми мәліметі екіншісіне қайшы

Ерұлан Кенжебекұлы Үкімет пен Ұлттық банктің Отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша 2015 жылғы бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, бұрын бағытталған бюджеттік миллиардтардың "револьверлік" тәсілмен қайта айналымға түсуіне "Бәйтерек" холдингі құрамындағы "Қазақстанның даму банкі" АҚ-ы мониторинг жүргізуге тиістігін еске салды.

Мембанктің ақпараты мүлдем басқаша. "Қазақстанның даму банкі" (ҚДБ) дерегінше, 2020 жылдың қараша айы басындағы жағдай бойынша 6 банк отандық көлік өндірушілердің автокөліктерін сатып алуға жалпы сомасы 64 миллиард 279,5 миллион теңгеге 14 мың 274 кредит берді.

Жалпы, бұл салада қарапайым адам түгіл, экономистер түсіне алмайтын қайшылықтар қордалануда. Мысалы, аналитик Нұрсұлтан Рахметовтың айтуынша, ҚДБ 2015 жылдан бері жеңілдікті автокредиттеуге 6 транш немесе жалпы сомасы 82 миллиард теңге бөлген.

"Атап айтқанда, Ұлттық қордан 2015–2016 жылдары жалпы көлемі 26 миллиард теңге болатын 2 транш, сондай-ақ 2018–2019 жылдары республикалық бюджеттен жалпы құны 16 миллиард теңгені құраған 2 транш бағытталды. Қазіргі уақытта отандық өндірістің жеңіл автокөліктерін сатып алушыларды несиелендіру бағдарламасы Ұлттық банк басқармасының 2019 жылғы 31 мамырдағы қаулысы аясында жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламамен 2019–2023 жылдар аралығында жыл сайын 20 миллиард теңгеден бөліп отыру көзделген. Ұлттық банктің осы бағдарламасы аясында ҚДБ комбанктерге 40 миллиард теңгеге 2 транш жолдаған", – дейді ол.

ҚДБ-ның есептерін зерделей келе, сарапшы кереғар жайтқа жолығыпты.

"Есептерге жүгінсек, "Еуразиялық банкке" ең үлкен сома тигені байқалады. Алайда дәл осы банк жеңілдікті автонесиелендіру бойынша халықтан өтініш қабылдамайды. Оның үстіне банктің ресми сайтында биылғы мамырда 20 миллиард теңге бөлінгені туралы ақпарат та жоқ. Менің ойымша, әлдекімдер жекеменшік банктердің лоббиін жүргізіп отыр. Банктер ақша таусылып қалғанына шағымданады. Сонда бағдарлама револьверлік сипатта жүреді, яғни жеке тұлғалардың өз қарызын өтегеннен босайтын қаражат жаңа өтініштерді несиелендіруге жолданады дегені қайда?" – дейді Н.Рахметов.

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов автонесиелендіру аясында комбанктерге жаңа қаражат бөлу бүгінде Ұлттық банктің былтырғы қаулысы негізінде жүзеге асырылатынын растады.

"Оған сәйкес, 2019–2023 жылдары жыл сайын 20 миллиард теңгеден бөлініп отырады. Келесі транш 2021 жылы жолданады, нақты датасы әзірге белгісіз. Бағдарлама шынында револьверлік сипатқа ие. Нәтижесінде, банктер қазақстандықтардан жаңа өтініштерді үздіксіз қабылдай алады. Бірақ қазіргі уақытта банктердің өзінде бос қаражаттың болмауына және жеңіл кредитпен көлік алғысы келетіндер кезегінің үлкендігіне байланысты кейбір банктер жаңа өтініштерді қабылдауды өз бетінше тоқтатты", – деді Айдар Әріпханов.

Ол "Еуразиялық банкке" қатысты да түсініктеме бере кетті: "Бәйтерек" басшысының мәліметінше, осы банк 2015–2016 жылдары Ұлттық қордың және 2018–2019 жылдары республикалық бюджеттің қаражатынан аталған бағдарламаға ақша алған.

"Әйтсе де, Еуразиялық банк Ұлттық банк басқармасының 2019 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бекітілген автокредиттеу бағдарламасына қатыспайды. Ол 2020 жылғы мамырда бөлінген траншты игеруге де қатыспады", – деді Айдар Әбдіразақұлы.

ҚДБ хабарлауынша, "Еуразиялық банкке" шынымен ең көп сома берілген: ол 18 млрд 468,1 млн теңгеге 4 мың 67 автонесие таратыпты.

"Сбербанк России" – 14,2 млрд теңгеге 3 мың 47, "Қазақстанның Халық банкі" – 13,6 млрд теңгеге 3 мың 368, "Банк ЦентрКредит" – 9,3 млрд теңгеге 1 мың 892, "Forte Bank" – 4,3 млрд теңгеге небары 979, ал "АТФ банк" – 4,2 млрд теңгеге бар-жоғы 921 автонесие ұсына алды. Осылайша, 64,2 млрд теңгеге 14 274 кредит үлестірілді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу