Президент 11 қаңтарда, Мәжіліс отырысындағы сөйлеген сөзінде Қазақстанның Қарулы күштерінің қазіргі жағдайын "баса назар аударуды қажет ететін проблема" деп бағалағаны мәлім.
Мемлекет басшысы көптеген жастар Отан алдындағы борышын өтеуден ашықтан-ашық қашатынын қынжыла жеткізді. Әскери билетке ие болу біздің жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық армия беделін көтеруді тапсыра келе, оның қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия екенін жас ұрпақ бойына сіңіру керектігін атап өтті.
Елбасы кезінде бейбіт өмір мәңгі тұратындай босаңдық пайда болғаны жасырын емес. Бұл қорғаныстың белгілі бір дәрежеде деградациялануына әкелгендей. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізген арнайы талдау көрсеткендей, қазіргі кезде азаматтарды әскерге шақыру саласынан мән кетіпті. Антикор оны әкімдіктер үшін де, тіпті Қорғаныс министрлігі үшін де "екінші дәрежелі шараға" айналғанын айтады.
Осының салдарынан, қазіргі бейбіт заманның өзінде өңірлердегі жергілікті әскери басқармалар ғимараттарының 70%-дан астамы тозған, әлдебір шабуылды бастан кешкендей мүскін күйде, күрделі жөндеуді қажет етеді.
Сорақысы сол, жергілікті әскери басқармалардың небары 40%-ының ғана автокөлігі бар болып шықты. Қалғаны қаражаяу. Тағы бір масқарасы олардың бар-жоғы 18%-ы байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Еліміздегі барлық әскери басқармалардың 80%-ында компьютерлерінің бағдарламалық қамтылымы жаңартылмайды, себебі заманауи бағдарламалар талаптарына сәйкес келмейді.
Солдаттарға қандай жеңілдік ұсынылмақ?
Президент тапсырмасымен, ұлттық армияның беделін көтеріп, онда қызмет етуді мәртебелі ету үшін Қорғаныс министрлігі мен Парламент заң жүзінде жауынгерлерге бірқатар артықшылықтар мен жеңілдіктердің топтамасын ұсынуға ниетті. Атап айтқанда, егер заңнамалық түзетулер қабылданса, біріншіден, Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан солдаттар жоғарғы оқу орнына түскенде мемлекеттік білім гранты соларға бірінші кезекте берілуге тиіс болады. Екіншіден, мемлекеттік қызметке тұруға оларға басымдық берілуі мүмкін. Үшіншіден, күш құрылымдарында жоғары лауазымды қызметтен үміттене алады.
Төртіншіден, жастарды материалдық ынталандыру шаралары ендірілмек. Нақтылай кетсек, азаматтарға мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде "кредиттік каникул" ұсынылады. Яғни ол жұмыстан шығып қалса, басқа да жағдайға тап болып, несиесін төлей алмаса, әскерге кетіп қалуына болады. Сонда оның несиесіне 1 жыл бойы ешқандай өсімпұл, айыппұл, үстемеақылар есептелмейді.
Бесіншіден, әскерде жүргенде, оның отбасына, ата-анасына коммуналдық қызметтер төлемінде белгілі бір мөлшерде жеңілдік беру қарастырылады. Алтыншыдан, армия деген, кейбір жас ойлайтындай, бір жыл өмірді босқа құрту болмайды. Осы уақыт ішінде солдаттар азаматтық салаларда қажет болар бейбіт техникалық мамандықтарды, мысалы, бағдарламалауды үйренеді, тиісті оқудан өткенін және біліктілігі барын растайтын құжатқа ие болады.
Жастар денсаулығы жіті тексеріледі
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың байламынша, Қарулы күштерде қордаланған мәселелер жетерлік. Депутаттар, ардагерлер оларды бұрыннан көтеріп келеді, бірақ жүргізілген жұмыстар жеткіліксіз.
"Мысалы, әскерге аса қауіпті, жұқпалы аурулары бар адамдарды алуға болмайды. Әрине, Қорғаныс, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері және басқа ведомстволар өз құзыреті шегінде жұмыс жүргізеді. Алайда Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде, шақырылғандар арасында АИТВ-ВИЧ инфекциясын жұқтырған, ашық түрдегі туберкулезбен және басқа аурулармен ауыратын жас жігіттер табылған. Демек заңдағы талаптың сақталуында мәселе бар. Бұған жол берген жергілікті мамандар заң алдында жауап беруге тиіс. Әйтпесе, ары қарай өз ісіне салғырт қарайтын болады", – деп алаңдайды Б. Смағұл.
Әскерге аман-сау жіберген арысы, баласы ол жақтан "СПИД" не басқа атын естісе адам жаны түршігетін дерт жұқтырып келсе, ол жігіттердің, жарының, ата-анасының жағдайы не болмақ? Сондай-ақ "сап-сау" деп танылған бозбала кенет "жүректен кетуі" ықтимал, себебі барлық шақырушы кардиолог маманға жіберіліп, терең тексеруден өте бермейді.
Депутаттың дерегінше, дәрігер-мамандардың қателіктері салдарынан 2021 жылы Қарулы күштерден, басқа әскерлер мен әскери құрылымдардан "денсаулық жағдайы бойынша", бірақ "әскери қызмет өткерумен байланысты емес диагноздармен" 98 адам босатылыпты: Қарулы күштерден – 24, Ұлттық ұланнан – 54, Шекара қызметінен – 10, Төтенше жағдай министрлігі желісінен – 10 адам.
"Оған жол бермеу үшін істеу керек? Әскерге шақырылушылардың ауруларын диагностикалауды жетілдіру және жасырын кеселдерін уақтылы анықтау қажет. Бүгінде Қорғаныс министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, 14–17 жастағы жасөспірімдерді қосымша профилактикалық қарап-тексеруді енгізу үшін тиісті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауда. Оның барысында жүрек-қан тамыр, орталық жүйке жүйелерінде болуы мүмкін патологияларды анықтау үшін ЭКГ-зерттеу, көз қысымын өлшеу, офтальмоскопия, электроэнцефалографиялық зерттеулер жүргізу көзделген. Тегін кепілдендірілген медкөмек және МӘМС аясында жасөспірімдерді зерттеп-қарау көлемі кеңейтілді, яғни осы істі қаржыландыру көздері пайда болды", – деді Бақытбек Смағұл.
Тағы бір проблема – жастардың үлкен бөлігінің патриоттық сезімінің төмендігі.
"Көптеген жастар батыр ата-бабаларымыздың, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерліктері туралы, еліміздің төл Қарулы күштерінің тарихы жайында ештеңе біле бермейтіні белгілі болды. Бұл әскери-патриоттық тәрбиенің тым жеткіліксіз екенін көрсетеді. Салдарынан, ондаған мың жас әскерден қашып жүр. Бұдан бөлек, 2021 жылы әскерге шақырылған 2 мыңға жуық жігіт мерзімді әскери қызметін өтуден үзілді-кесілді бас тартқан. Бейбіт заманда осылай! Сондықтан мемлекет мектептерде, жоғарғы сынып оқушылары арасында патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізуі керек. Елімізде қаптаған жекеменшік мектептер бар, олар мұндай жұмыстан қалыс қалған", – дейді депутат.
Келесі бір түйткіл – әскери бағыттағы мектептерге қатысты.
"Бізде 4 әскери мектеп жас балаларды оқытады, бұлар – Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы "Жас ұлан" республикалық мектебі, Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды "Жас ұлан" республикалық мектебі, Сабыр Рақымов атындағы Шымкент "Жас ұлан" республикалық мектебі, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебі. Бұдан бөлек, "Арыстан" мамандандырылған интернат-лицейі бар. Мен оны жабық мектеп деп айтпаймын, олар біздің жалпы стандарт аясында оқиды. Бірақ онда қандай идеологиялық және тәрбиелік жұмыс жүргізіліп жатыр? Кейбір деректер бойынша оны бітірушілердің 80%-дан астамы кейін Ресей армиясына қызмет етуге кетеді екен. Мұны сонда қызмет еткен офицерлер айтты. Ауылдан келген ата-аналар ондағы пәндердің бірде-бірі мемлекеттік тілде жүргізілмейтіндіктен, балалары қиналатынын айтып, шағымданды", – деді депутат.
Қорғаныс министрлігі Парламентпен бірігіп, әскердегі мерзімді қызметтен жалтарғаны үшін жазаны күшейтуді пысықтамақ. Жалпы, бұл проблема күн тәртібінен түсіп қалғандай еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан әскерге шақыратын азаматтарды таппай, қиналды. Армия күйзеліске түскен кез еді. Кейін күш құрылымдарында, прокуратура органдарында, тіпті қарапайым күзетші болып қызмет еткісі келетін жігіттер әскери билет алу үшін әскерге ағыла бастады. Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруда бір орынға бірнеше адамнан келетінін, енді армияға екінің бірі алына бермейтінін мақтана мәлімдеп жүрді.
Қазір бұл толқын сұйыла бастапты. Тиісінше, әскерден қашуды тию мәселесі өзекті болуда. Бұрындары жұмыс берушілер әскери міндетті азаматтың өзіне жұмысқа тұрғанын военкоматтарға хабарлауға міндетті болатын. Кейін бұл талап жойылды. Салдарынан, бүгінде құзырлы органдар әскерге шақырылуға тиісті азаматтың қайда жүргенін, нақты қандай мекенжайда тұратынын білмей, дағдарады екен. Сол себепті аталған талапты қайтару ұсынылып отыр.
Жанат Ардақ