Ұлттық банк 2017 жылға дейінгі алтын құймаларға тыйым салмақ

8027

Ондай алтынды 10% дисконтпен ғана өткізе аласыз. 

Ұлттық банк 2017 жылға дейінгі алтын құймаларға тыйым салмақ

Қазақстандықтар арасында алтын құймаларын сатып алу сәнге айналып келеді. Оны туған күнге не тойға сыйлау, немерелерге мирасқа қалдыру дәстүрі таралуда, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Сонымен қатар ол бүгінде ақшаны инвестициялаудың сенімді бір құралы.

Мұны Ұлттық банктің мәліметтері де растайды. Мысалы, 2021 жылғы қаңтар айында ғана ел тұрғындары екінші деңгейлі банктерден және жекелеген айырбастау пункттерінен 2 мың 414 құйма сатып алды. Оның жалпы салмағы 111,5 келі болады.

Айта кетсек, былтырғы 2020 жылдың өзінде ел азаматтары жалпы салмағы 890 келі тартатын 21 мың 99 дана құймаға қол жеткізген. Осылайша, 2019 жылмен салыстырғанда өсім 34%-ға жетті.

Ұлттық банк халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы қолға алған болатын. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы мемлекет халыққа жалпы салмағы 1,68 тоннаға бара-бар 44 мың 993 дана алтын құйма өткізді.

Бүгінде саудада алтын құймалардың бес түрі: 5, 10, 20, 50 және 100 грамдығы ұсынылған. Ұлттық банктің дерегінше, ел арасында 10 грамдық құйма ең көп сұранысқа ие: жалпы сатылымдағы оның үлесі 26% немесе 11 мың 654 дана.

Одан кейін азаматтар 100 грамдық құймаға ынтық: 10 мың 572 данасы (жалпы сандағы үлесі 23%) сатып алыныпты. Айтқандай, тойларда көбіне осы түрі сыйға тартылады. Үштікті 20 грамдық құйма тұйықтайды: 2017 жылдан бері 10 мың 123 данасы (22%) өткізілді. Ал 5 грамдық ең кішкентайы (7 мың 177 дана, 16%) және 50 грамдығы (5 мың 467 дана, 12%) сонша танымал емес.

Негізінен өлшенген алтынды Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларының тұрғындары көбірек алады.

Бұл ретте өткізілген алтынның басым көпшілігі нарыққа кері қайтпайды екен: қазақстандықтар 4 жыл ішінде небары 3,5 келі болатын 133 құйманы банктер мен айырбастау бекеттеріне қайта сатыпты.

Атап өтер жайт, биылғы жыл басынан бері тек екі адам ғана 50 грамдық 2 құйманы кері өткізген. Басқа кері сатушылар жоқ.

Жұртшылық, әсіресе, ауқатты азаматтар мынау аласапыран, аумалы-төкпелі заманда қағаз бен электронды ақшаға көп сенбей, алтынды сандық-сейф түбіне салып қоюды жөн көреді. Кейбір сарапшы бұдан халықтың тарихи жадының жаңғырығын байқапты: ХХ ғасырда байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу және жаппай қудалау жүргенде қолында тайтұяқ алтыны болған отбасылар шекарадан еркін өтіп, Қытай, Түркия, Германияға дейін жете алған көрінеді.

Қазіргі кезде қазақ елі бодан емес, өз тізгіні өз қолында. Ұлттық банктің тұспалдауынша, "қазақстандықтар құймаларды ұзақ мерзімді инвестициялау үшін алып жатыр".

"Ескі" алтынды тек 10% дисконтпен алады

Халықтың құймаларды қайта сатпауы Ұлттық банкті алаңдататын болса керек. Оның үстіне осы тонналаған алтынды нақты кімдердің сатып алып жатқанын ол білмейді.

Осы орайда Ерболат Досаевтың ұжымы өзінің 2019 жылғы 4 сәуірдегі "ҚР қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" №49 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа қаулы жобасын әзірледі.

Құжат жаңашылдыққа толы. Біріншіден, айырбастау пункттеріне жеке куәлігін ұсынбаған адамға алтын сатуға тыйым салынады.

"Ұлттық банк басқармасының жаңа қаулы жобасы арқылы құйма алтынға қатысты операцияны жүргізуден бас тарту негізі қосылды", – деп түсіндірді ҰБ-ның Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов.

Екіншіден, алтын сатуды бақылау күшейтіледі. Айырбастау пункттері бұдан былай әрбір өткізген алтын құймасы туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді тиісті нысан-формаға толтырып, Ұлттық банк шығарған "Аффинирленген құйма алтынмен операцияларды есепке алу электрондық журналында" есепке қоюға тиіс. Мұндай журнал айырбастау пунктінің әрбір операциялық кассасында, аппараттық-бағдарламалық кешенде жеке-жеке жүргізілуі қажет.

Сонымен бірге осы ақпаратты олар жасалған күннен бастап 5 жыл бойы сақтауды қамтамасыз етуге тиіс! Осы уақыт ішінде кез келген құзырлы органнан тексерушілер сау ете қалып, әлдебір тұлғаға қатысты ескі ақпаратты сұратуы мүмкін.

Үшіншіден, айырбастау пункті есепке алу электрондық журналына 500 мың теңгеден асатын сомаға алтын құймасын сатып алған барлық адамның мынадай деректерін мұқият енгізуге міндеттеледі: 

1) клиенттің тегі, аты және болса, әкесінің аты;

2) клиенттің ЖСН-і;

3) клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың деректері – құжаттың түрі, берілген күні, нөмірі, қолданылу мерзімі;

4) клиенттің заңды мекенжайы-адресі тіркеледі.

Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша Қазақстанда 1 грамм алтынның құны 23,8 мың теңгеден асты. Демек, 5, 10 және 20 граммнан басқа құймаларды сатып алған азаматтар өз үйінің мекенжайына дейін айтып беруге міндетті болады.

Ал 500 мың теңгеден аз сомаға сатып алушылардың тек аты-жөні мен ЖСН-ы тіркеледі. Алайда бұлар да жеке куәлігін көрсетуі керек, әйтпесе, құйма сатуға рұқсат етілмейді.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, бұл түзету жеке тұлға айырбастау пункті арқылы 500 000 теңгеден астам сомаға алтын құйма сатып алса, "қаржылық мониторинг органдары ол клиентке қатысты тиісті тексеру шараларын жүргізу қажеттілігі туып отыр".

Сарапшылардың айтуынша, 2019 жылы қабылданған қаулыда да ірі клиенттердің мекенжайын анықтау және жазу талабы қарастырылған-тын. Бірақ ол бойынша мұндай талап тек 2 млн теңгеден көп сомаға алтын сатып алғандарға қатысты қолданылатын.

Содан өз мекенжайын паш еткісі келмеген кейбір азаматтар 500 мың теңгеден бөлшектеп сатып алуға көшіпті. Бұл ретте олар тіпті жеке куәлігін де ұсынбайтын болған. Ал жаңа қаулы күшіне енген соң оған тосқауыл қойылады: сома 2 миллионнан 500 мың теңгеге дейін төмендетіледі. Ұсақ клиенттерге де құжатын беруге тура келеді. Яғни, бір адам әртүрлі пунктте 500 мың теңгеден ұсақ құймаларды сатып алса, бәрібір құзырлы орган оны біліп қояды.

Жаңа қаулы жобасында елең еткізерлік тағы бір жаңалық бар: ол арқылы Қазақстанда "Ұлттық банк 2017 жылға дейін шығарған, сертификатталған аффинирленген инвестициялық алтынды сатуға" биылдан бастап тыйым салынады.

Бұл не үшін жасалып отыр?

Ел Үкіметі азаматтарға алтын құймаларын 2017 жылдан бастап сатуға кіріскені айтылды. Әйткенмен, сол кездегі қаржылық реттеушінің өзі шығарған, қазіргі үлгідегі орамасы жоқ құймалар бизнесмендер, ауқатты азаматтар қолында айналымда жүрді.

Жомарт Қажымұратовтың мәліметінше, Ұлттық банк "арнайы орауы ашылған, арнайы ораусыз, сондай-ақ ескі үлгідегі аффинирленген құйма алтынды кері сатып алуды" бастайды.  

Тиісінше, егер әлдебір тұлға, бизнесмен 2017 жылға дейін сатылған алтын құймасын алып келсе, айырбас бекеті оны басқа клиентке сата алмайды. Дерек ҰБ-ға жіберуі керек.

"Ескі үлгідегі аффинирленген құйма алтын сатып алуы үшін Ұлттық банкке жіберіледі. Айырбастау пунктті Ұлттық банкке ескі үлгідегі аффинирленген құйма алтынды сатып алу мақсатында жібергені үшін оның номиналды құнының 10%-ынан аспайтын комиссиялық сыйақыны дербес белгілейді", – делінген жаңа қаулы жобасында.

Яғни, "ескі" алтындар 10 пайыз жеңілдікпен ғана қабылданады.

Қазіргі уақытта 2017 жылдан кейін шығарылған жаңа алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jýsan Bank және ЦентрКредит банкінде, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу