Ұлттық компаниялар басшылыққа сыйақы төлеуге аста-төк қаржы жұмсады

3545

Квазимемлекеттік сектордың пандемия және дағдарыс жағдайында сыйақыға қанша қаражат шығындағаны жария болуда, деп жазады Inbusiness.kz.

Ұлттық компаниялар басшылыққа сыйақы төлеуге аста-төк қаржы жұмсады

Видео түсіру бюджетін тегіс Instagram-блогерлерге беріпті

"Қазақ Туризм ұлттық компаниясы сыйақы төлеуге 44 миллиард теңге жұмсады", – деп жазды блогерлік платформалардың бірі. Рас, Telegram-арналардың түзетуінше, әңгіме миллиардтар емес, миллиондар жайында болып отыр. Бірақ соның өзі тым көп болса керек.

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы 2020 жылға арналған аудиторлық есебін жариялады. Сарапшылардың жазуынша, ондағы цифрлардың бәрі – көңілсіз. Бұл ұлттық компанияның не бітіріп жатқаны расында, түсініксіз. Себебі, бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан шекарасын тарс жауып, карантинде отырғанда, туризмге жауапты осы ұлттық компания бюджеттің 1,5 миллиард теңгесін игеруге ақылы жетіпті. Онымен қоймай, басқармадағыларға 42,3 миллион теңге сыйақы мен бонус төленген көрінеді. Бұл ковидке дейінгі 2019 жылғыдан шамалы ғана аз.

"Осы ұлттық компания Мәдениет және спорт министрлігі беретін ақшаны Қазақстан туралы промо-роликтер жасауға шығындайды. Біресе YouTube-ке видео түсіреді, біресе сайттарын кезекті рет жаңғыртады, енді бірде Facebook-те жарнамаға төлейді. Дүркін-дүркін блогерлерді елге пресс-турға шақырады. Негізі, бұл жұмысты ешқандай директорлар кеңесінсіз-ақ, министрліктегі қарапайым бөлім еңсерер еді. Бірақ біз бай елміз ғой, бізде шығын шығару үшін тұтас ұлттық компания құру керек. Оларға басқарма төрағаларын тағайындап, тұрақты бонус төлеу маңызды", – деп әжуалайды yseti атымен танымал автор.

Әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан "ондаған миллион сыйақы" туралы хабарға "Kazakh Tourism" басшысы Ержан Еркінбаев түсініктеме берді. Ол мұндай посттарды жай ғана "қызықты" деп атады және "осы тәріздес материалдар таратушыларды жұрт көзінше әшкерелеуге құлқы жоғын" мәлімдеді.

Дегенмен, "сондай адамдардың жетегінде кетіп қалатын адамдар" үшін түсініктеме бере кетуге ұйғарыпты.

"Көрсетіліп отырған сома – ешқандай да сыйақы және бонус емес, бұл – бір жылғы жалақы. Бәлкім, авторларды есептегі "сыйақы" деген сөз жаңылыстырған шығар. "Kazakh Tourism"-де қызметкерлерге сыйақы және бонус төлеу тәжірибесі 2019 жылдан бері жүргізілмейді. Біз барлық қызметкердің жалақысын былтыр 20% азайттық. Бюджетті оңтайландырдық. Компанияның штаттық санын қысқарттық. Жалға алынатын офистер аумағын 2 еседен астамға кеміттік. Бірақ бұл туралы Telegram-да ешкім жазбайды. Қазіргі кездің күрделі екенін түсіне отырып, ұжым оңтайландыру шараларына түсіністік танытты. Оны аз десеңіз, 2020 және 2021 жылдары бюджеттің бұрынғыдан екі еседей азайғанына қарамастан, біз сала үшін пайдалы әрі салмақты жобаларды жүзеге асырдық", – деді Ержан Еркінбаев Instagram парақшасында.

Сөз соңында ол компания іске қосқан жобалар туралы алда әңгімелеп беруге уәде етті.

Бұл деректі Туристік өнімді дамыту директоры Даниял Арғын растады.

"Қанша жылдан бері "Kazakh Tourism"-де істеймін. Үнемі біздің жалақымызды талқылаумен келеді. Егер шын ақпарат жарияланса, өкпелемес те едік. Көбіне, цифрларды әркім өз білгенінше манипуляциялайды", – деді ол.

Әлеуметтік желіде пікір білдірушілер бұл ұлттық компанияның еліміз және оның көрнекті орындары туралы түсірген бейнероликтерін сапасыз, қызықсыз деп сынады. Бірқатар адам Instagram-дағы кейбір қыз-жігіттер әлдеқайда әсерлі видео түсіре алатынына және аз ақша сұрайтынына назар аудартты.

"Біз дәл солай жасадық. Биылғы жылы бізге видеоларды @saken_kagarov, @adilet_rakhmetolla секілді Instagram-дағы тревел блогерлер түсіріп жатыр", – деп хабарлады "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма мүшесі Талғат Аманбаев.

Ұлттық компания шығынын ұлттан жасырмауға тиіс

Мемлекетке қарасты өзге квазимемлекеттік ұйымдар да өз есептерін жариялады. Нәтижесінде, "Самұрық-Қазына" және "Отбасы банк" басшылығының табысы әшкереленуде. Олардың да күрделі кезеңде тым сыпайы сыйақылармен шектелмейтіні аңғарылады.

Ашық ақпарат көздерінде жарияланған деректерге жүгінсек, 2020 жылы "Самұрық-Қазына" басқармасының 5 мүшесі 266 миллион теңгедей табыс тапқан. Яғни, орта есеппен басқарманың 1 мүшесіне ай сайын 4,4 миллон теңгеден келеді.

2020 жылы сыйақының жиынтықты мөлшері 30%-ға өскен көрінеді: 2019 жылы сол бес адамға төленген қаражат 199,4 миллион теңге болған.

Бұл ретте ұлттық әл-ауқат қорының жеке жылдық есебіне сәйкес, 2020 жылы қор 3 миллиард 236 миллион теңгені тек жалақы ретінде жұмсаған (2019 жылы бұл сома 3 миллиард 139 млн теңгені құраған еді).

Демеушілік-спонсорлық көмек ретінде "Самұрық-Қазына" 7,4 миллиард теңге шығындаған (2019 жылы – 7,5 млрд). Бұдан бөлек, кеңес-консультациялық, ақпараттық шығыстары 1,2 миллиард теңге болды (2019 жылы 1,06 млрд).

Сонымен бірге, қордың таза табысы былтыр небары 8 млн теңгеге ғана (1%-дан аз) өсіпті. Ал жиынтықты жалпы табыстары алдыңғы жылғыдан 15%-ға азайған.

2020 жылға арналған жылдық есебінде айтылғандай, "Отбасы банкі" өзінің директорлар кеңесінің мүшелеріне – тәуелсіз директорларға және басқарма мүшелеріне 288,6 миллион теңге сыйақы төлепті.

Еске сала кетсек, 2019 жылдағы жұмысы үшін мембанк өз басқармасының 7 мүшесін 267,3 миллион теңге жиынтықты сыйақымен ынталандырған болатын.  

Кейбір экономистер есептердегі жиынтықты сыйақыға барлық ақшалай төлемдер – жалақы, сыйақы, бонус, үстемеақы және басқа да ақшалай ынталандырулар кіретінін еске салады.

Экономикалық сарапшы, "QRA" рейтинг агенттігі жобаларының ғылыми жетекші Василий Калабин ұлттық компаниялардың операциялық және қаржылық нәтижелерін ашық жариялауын жақсылыққа жориды.

"Ақпараттың жоқтығы компания менеджменті жүйесінде проблемалар барын көрсетеді. Мысалы, кейбір ұлттық компаниялар жылдық есебінде корпоративтік басқару жүйесін сыртқы бағалау туралы тіс жармайды, яғни бұл ондай бағалау жүргізілмеді дегенді білдіруі мүмкін. Кейбір компания өз қызметкерлерінің жалпы сыйақысын көрсетеді де, басшылықтың сыйақысын жасырып қалуға тырысады. Ал ашықтықтың жоқтығы немесе тиісті дәрежеде болмауы ұйымдағы корпоративтік басқарудың сапасы төмендігін паш етеді және құзырлы органдарға ойазық болса керек", – дейді сарапшы.

Жалпы, аты айтып тұрғандай, ұлттық компаниялар ұлтқа қызмет етуі керек. Ал қанша қаржыны құртқанын ұлттан жасырса, ондай компанияларды жекешелендірген не жауып тынған абзал.

Сонымен қатар Үкімет пен құзырлы органдарға ел Президентінің таяудағы жолдауында берген тапсырмасын орындап, "шығынға батқан жекелеген ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың бірінші басшыларын жауапкершілікке тартуы" қажет.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу