Ұлттық компаниялар кімдерге бонус төлеп жүр

2893

Қаржылық есептер бір-бірін жоққа шығарып тұр. 

Ұлттық компаниялар кімдерге бонус төлеп жүр

"Самұрық-Қазына" холдингі топ-менеджерлерге төлейтін айлық пен бонусты үштен бірге қысқартқанын жар салып жүр. Бірақ ұлттық компаниялардың қаржылық есебін мұқият қараған адам  "сиқырлы" сандардың сәйкессіздігіне тап болады, деп хабарлайды Inbusines.kz тілшісі

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының  шоғырландырылған қаржылық есебіндегі мәліметтерге сүйеніп, 2020 жылдың аяғында (31 желтоқсан) холдингтің негізгі басқарушы персоналына 6,2 млрд теңге төленгенін айтуға болады. 2019 жылы бұл сома 8,8 млрд теңге болған еді. Яғни, биылғы көрсеткіштен 30 пайыз көп болатын.

Дегенмен, бұл мәлімет әл-ауқат қорының топ-менеджерлері мен биік эшалондағы басшылары компаниядан алатын табысын шынымен қысқартты деп толық сеніммен айтуға жеткіліксіз. Өйткені мұндағы деректердің шоғырландырылып берілгенін ескеру керек. Ал "Самұрық-Қазына" құрамына кіретін әрбір еншілес ұлттық алпауыттардың жалақы мен бонустарға жұмсаған шығысын жеке-жеке есептесек, ортақ шығын 2 еседен аса өсіп шыға келеді. 

Мысалы, "ҚазМұнайГаз" компаниясының 2020 жылғы есебінде  еншілес кәсіпорындар мен компанияның өзіндегі топ-менеджерлерге 8,16 млрд теңге бонус пен айлық төленген. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының топ-менеджерлері былтыр  602 млн теңге тапса, "Қазақтелеком" – 1,74 млрд теңге, "ҚазАтомӨнеркәсіп" – 1,2 млрд теңге, KEGOC – 381,8 млн теңге, "Самұрық-Энерго" – 210,8 млн теңге төлеген.

Демек, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы персоналға жалпы жиыны 6,2 млрд теңге төленді деген ақпараты шындықтан алшақ.

Біз айтып отырған шоғырландырылған есепте "Самұрық-Қазына" сапында қанша адамның топ-менеджмент маманы ретінде айлық алатыны нақты көрсетілмеген.  Холдингтің бас компаниясындағы топ-менеджерлер 2019 жылы 1,1 млрд теңге бонус пен айлық алғаны айтылған. Ал 2020 жылы қанша ақша төленгені туралы мәлімет әлі жоқ.

Компанияның корпоративтік сайтында әл-ауқат қорының директорлар кеңесі сегіз адамнан тұратыны көрсетілген. Олар: ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, Тұңғыш Президент-Елбасының көмекшісі Данияр Ақышев, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, тәуелсіз директорлар Вячеслав Ким, Сингапур азаматы Онг Бун Хви, Италия азаматы Сутера Лука, Ұлыбритания азаматы Дудас Джон, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

Қордың басқарма құрамы бес адамнан тұрады. Олар: Алмасадам Сәтқалиев, басқарушы директорлар Назира Нұрбаева, Ернар Жанәділ, Андрей Кравченко, Марат Әйтенов.

Аталған есептен холдингтің қарыз жүктемесі өсіп, жылдық дивидендтік төлемдері кемігенін көруге болады. Бір жыл ішінде қордың борышы 618 млрд теңгеге артқан.  2019 жылғы 6,8 трлн теңге болса,  2020 жылы 7,4 трлн теңгеге жеткен. Аудиттелмеген есеп бойынша, 2021 жылдың 31 наурызында бұл сома тіпті 7,548 трлн теңге жеткен. Яғни, 3 айда тағы 148 млрд теңге борыш үстмеленген.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу