Жаңа жылда маңызды қос құжат өмірге жолдама алады. Олар "ҚР Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңы мен "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңы деп аталады.
Екеуі де ел тарихында ешқашан болмаған тарихи рекорд орнатады. Сарапшылар мұны "бюджеттік дағдарыс" деп бағалап отыр. Бұл депутаттарды да алаңдатуда.
Мәжіліс депутаты Татьяна Савельеваның түсіндіруінше, Парламент қабылдаған бірінші заңға сәйкес, 2025 жылы Үкімет Ұлттық қордан алдымен 2 триллион теңге кепілдендірілген трансферт алады.
"Бұған қоса, екінші заңмен бекітілген республикалық бюджет аясында Ұлттық қордан тағы 3,3 триллион теңге нысаналы трансферт қаражат алынады. Сонда келесі жылы Ұлттық қордан республикалық бюджеттің ағымдағы шығыстарына жалпы сомасы 5,3 триллион теңге жұмсалып кетеді. Ұлттық қорды дәл осылай қарқынды шығындау бұрын ешқашан болмаған! Үкіметтің Ұлттық қордан алып қоятын қаражаты қорға түсетін түсімнен көп асып кетті. Шығыс ауқымы арғы жылдарда да артады. Бұл алаңдаушылығымызды туғызып отыр. Мұндай қарқынмен Үкімет 2030 жылы Ұлттық қордың валюталық активін 100 миллиард долларға жеткізу жоспарын орындай алмайды. Бұл ретте Үкіметтің Ұлттық қор қаржысын ұтымды пайдалану уәдесі бос ұран болып қалды", – деді депутат.
Шенеуніктердің тірлігіне Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың да көңілі толмады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Үкімет Ұлттық қордан трансферттерді үсті-үстіне ұлғайтып, бюджетті теңгерімді ұстай алмады.
"2025 жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген және нысаналы трансферттер көлемі 5,3 триллион теңгеге жетеді. Мемлекет басшысы трансферттерді қысқарту қажеттігі туралы бірнеше мәрте тапсырма берген. Қордан үдемелі түрде, әрі үлкен көлемде қаражат әкету оның активтерін 2030 жылға дейін 100 миллиард доллар көрсеткішке жеткізбеу қаупін тудырады. Сондықтан қор қаражатын ағымдағы қажеттіліктерге пайдалану практикасын доғару қажет. Бұл болашақ ұрпаққа арналған қор екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінде 7 миллиондай бала Ұлттық қордан төлем алады. Сондықтан бүкіл ел, әр отбасы осы қор қаражатының жұмсалуын жіті қадағалап отыр", – деді Мәжіліс спикері.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ең құрыса 78 миллиардқа жеткізіп алу мұң болып тұрғанын жеткізді. 100 мың деген меже әзірге үміт қана екен.
"Бізде параметр бар: Ұлттық қордың жинақтарын 2027 жылға қарай 78,7 миллиард долларға жеткізіп алуымыз керек. Есептемелер де осы мақсатқа қол жеткізуді қарастырады. 2030 жылға дейін 5 жыл уақыт бар. Бұған жетуге мүмкіндік беретін бірінші фактор – мұнай өндірісінің көлемі. 2030 жылға қарай өндіріс шамамен 105 миллион тонна межесінде тұрақтануға тиіс. Ал, мұнайдың әрбір бөшкесінің орташа бағасы 75 доллар болады деп болжануда", – деді еліміздің бас экономисті.
Қара алтын құны әзірше одан төмен. Қазіргі кезде Brent маркасының әр баррелінің бағасы 72 доллардан көп ұзай алатын емес. Сауд Арабиясы өндіріс көлемін арттыруға ниетті. АҚШ-тың жаңа Президенті Дональд Трамп Америкада шикізат өндірісіне қойылған шектеуді алып тастайтынын жариялады. Яғни, 2025 жылы нарық астатөк мұнайдың астында қалғалы тұр. Бұл қара алтынның бағасын тағы құлдыратады.
"Екінші фактор – Ұлттық қордан алып қойылатын қаражат көлемін азайту. Есебімізше, бұған қол жеткізу үшін біз 2026 жылдан бастап алып қою көлемін 5 миллиард долларға дейін төмендетуге тиіспіз. Егер осы екі шешуші фактор жүзеге асса, Ұлттық қордың активі межелі ауқымға дейін артады. Үкімет қазіргі уақытта өте көп көлемде алып қойып жатқан қор трансферттерін басқа қаржы көздерімен алмастыруға тырысады. Бюджеттің кіріс бөлігін толтыру бағытында жұмыс істеу міндеті қойылды. Осы мақсатта жаңа Салық кодексі қабылданады, басқа да шаралар жоспарланған", – деді Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Жаңа Салық кодексі жобасында отандық кәсіпкерлерді, кәсіпорындарды қолдауға бағытталған көптеген жеңілдікті, преференцияларды жою, бұқара мен бизнеске салықты арттыру ұсынылды.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Ұлттық қор қаражатын шығындауда тарихи рекордқа амалсыздан барғандарын айтады.
"Үкіметтің жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған. Барлық іс-әрекетіміз соған байланысты. 2025 жылдың бюджетін қарағанда бізге 32 триллион теңгеге өтінімдер түсті! Бірақ қолымыздағы бар қаражат 15 триллион ғана (қор трансферттерін есепке алмағанда, 2025 жыл бюджетінің кірісі 15,6 трлн теңге). Осы қаражаттың шеңберінде біз барлық жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз. Әрі қарай экономикамызды дамытып, елде жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет. Сонда бюджеттің кірістері өсіп, уәделердің барлығы орындалатын болады", – деді Үкімет басшысы.
Үкіметтің бос үмітіне, қиялға құрылған уәдесіне сенаторлардың да көңілі көншімей тұр.
"Ұлттық қорды 100 миллиардқа жеткізу бойынша Президенттің Үкіметке қойған нақты тапсырмасы бар! Оған қалай жетесіңдер деп сұрасақ, жауапты шенеуніктер тек екі аспектіні айтады. Біріншісі – 2030 жылға дейін елімізде мұнай өндіру көлемін 105 миллион тоннаға жеткіземіз дейді. Екіншісі – 2026 жылдан бастап қордан алынатын қаражатты 5 миллиард доллармен шегереміз дейді. Бірақ меніңше, олар қорды жұмсауды азайтуға фискалдық тәсілмен, яғни, кейбір салықтардың ставкасын көтеру арқылы қол жеткізбек. Алайда Президент шегелеп тұрып, бұған: "болмайды!" деп айтты. Сонда қайтпек керек?" – деді Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров.
Оның айтуынша, Ұлттық қорды тауысып тастамау үшін біріншіден, экономикалық өсімге қол жеткізу керек, екіншіден, елге қомақты инвестиция әкелу қажет. Сонда ғана елде бизнес өркендеп, олар ұланғайыр салық төлеп, салықтық базаны кеңейтеді.
"Ал, Үкіметтің айтып отырғаны жай үміт сияқты. Оның үстіне ақталмайтын үміт. Неге? 2029 жылдан бастап, Қазақстандағы көп кен орындарында мұнай өндірудің көлемі құлдырайды. Мәселен, "ҚазМұнайГаз" компаниясы тобының өзінде 15%-дан 30%-ға дейін түсіп кетеді деп күтілуде. "Қашаған" кен орнында өндірістің көлемі 2017 жылғы пикке, шырқау шыңына шықты және 2021 жылдан бері 30-40%-ға дейін құлдилаған екен. Ендеше бұлардың айтып отырған уәждері, үміттері ұлттық жоспарға да сәйкес келмейді. Бұл бірінші аспекті. Екіншісі бойынша егер инвестиция өспесе, экономика қарыштап дамымаса, салық та артпайды. Демек, Үкіметтің алға тартқан жаңағы екі аспектісін алып тастағанда Үкіметте нақты жоспар қалмайды", – деді сенатор Бекбол Тілеумұратұлы.
Ол шенеуніктердің ел болашағы – балалардың қалтасын қағып жатқанын айтты. Өйткені былтырдан бері "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында қордың инвесткірісінің 50%-ы 18 жасқа толмаған барлық балаға үлестірілуі керек. Егер қордың 5,3 триллион теңгесінен көбін Үкімет ағымдағы шығыстарына шығындап қойса, жас ұрпаққа не қалады?
Негізі, осы тұста "келесі жылы Ұлттық қордан тартып алынатын рекордтық шығындар қайда бағытталады?" деген сауал туындайды. Депутаттың айтуынша, 10 триллиондай ақшаны инфрақұрылымға бөліп жатыр. Себебі, Үкімет "елге инвестиция келуі үшін инфрақұрылымымыз дайын тұруы керек" депті. Парламент осыған құп деген.
Экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ұлттық қордан алынатын рекордтық трансферттердің қайда жұмсалатынын жеткізді.
"Біз Ұлттық қордан қаржыландырылатын маңызды ұлттық жобаларды айқындадық. Экономиканың дамуы, өсуі ғана бюджеттің кіріс көздерін арттыруға мүмкіндік береді. Салық салу базасын кеңейту – алдымызда тұрған бірінші міндет. Сондықтан біз енді инфрақұрылымдық жобаларды, сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен ірі индустриалдық жобаларды да қолға алып жатырмыз. Қазірдің өзінде олардың саны – 17. Менің ойымша, одан көп болады. Оның бәрін жүзеге асыру, әрине, қомақты қаржыны қажет етеді. Біз бұл жобаларға кірісіп кеттік. Келесі жылдан бастап Үкіметтің негізгі назары осы ірі жобаларды жүзеге асыруда болады", – деді министр Байбазаров.
Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов іргеде соғыс өрті өршіп, геосаяси ахуал ұшынып тұрған қазіргі заманда теріс айналып жатқан шетелдік инвесторларды Қазақстанға қайта оралту үшін оларды қызықтыратын түрлі құндылықтар, батыл қадамдар керектігін білдірді.
"Үкімет мүшелері Ұлттық қордың көлемін 100 млрд долларға жеткізудің ең басты негіздері ретінде мұнай өндірісін арттыруды, оның бағасының көтерілуін және жаңа Салық кодексін атады. Мәжілісте талқыланып жатқан жаңа Салық кодексінде концептуалды өзгерістерді көріп отырған жоқпыз. Олай болса, жаңа Салық кодексі де елімізде инвесторлардың көбеюіне ықпал жасай алмайды. Сонда мұнайдың көлемі мен бағасы ғана қалады. Менің ойымша, бұлар да бұлыңғырлау. Өйткені оларға техникалық мүмкіндіктер, геосаяси мәселелер қолбайлау. Инвесторлар қаптап келмей ел экономикасы артпайды. Солай болуы үшін сапалы Салық кодексі керек. Бұрыннан қалған классикалық салық жүйесін қойып, елде жаңа салық жүйесін жасақтау қажет", – деді мәжілісмен Жұбанов.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек 2025 жылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының базалық сценарийінде Үкімет мұнайдың бағасын "баррелі үшін 75 доллар" деп алғанына назар аудартады.
"Алайда қазірдің өзінде мұнай бағасы төмендеп жатыр. Көмірсутектен бас тартуға бағытталған жаһандық саясат та бағаның құлдырауына ықпал етеді. ЕуроОдақ көміртек бейтараптылығы аясында шектеулер енгізетін директивалар, заңдар топтамасын қабылдауды жоспарлап қойды. Ал, біздің республикалық бюджет сол бұрынғыдай шикізаттың әлемдік бағасына шектен тыс тәуелді болуын жалғастырды. Үкіметтің пессимистік сценарийі де бар екенін білемін, онда мұнай құны 60 долларға дейін құлдырайтыны айтылған. Сондықтан Үкіметте "В" жоспары, елді құтқару жоспары болғаны жөн", – деді депутат Базарбек.
Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ондай жоспарлар бар екеніне сендірді.
"Ондай жоспарлар әрине бар! Пессимистік сценарий 60 долларға дейін төмендейтінін көрсетеді. Ондай жағдайда не істеу керектігі, бюджеттің параметрлерін қалай қайта құру қажеттігі туралы барлық есептемелер жасалған. Қажеттілік туындаса сол бағытта жылжимыз. Баға одан да төмен түсіп кетсе, "С" жоспары болады. Біз мұнай бағасы 40 долларға түскен кезеңді еңсергенбіз. Мұндай жағдайда Үкімет антикризистік бағдарламаны жүзеге асырады. Бюджет барынша қысқартылады және тек басымдықты бағыттарға шығындалады. Мемлекеттің резервтері жұмылдырылады. Ол кезең туындаса, Парламентпен бірге дағдарыстық жоспарды талқылаймыз", – дейді министр Нұрлан Байбазаров
2015 жылғы 17 қарашада қара алтынның бағасы шынында да 40 доллардан төмендеп кеткен еді. Бірақ сол 2015 жылы республикалық бюджеттің тапшылығы тек 1 трлн 257,7 млрд теңге болатын.
2025 жылдың республикалық бюджетінің тапшылығы, Мәжілістің дерегінше, 4,1 триллион теңгеге жетті. Бұған қоса, үкіметтік борыш 2025 жылы 32,8 триллион теңге, 2029 жылы 48,5 триллион теңге болады деп жоспарланған. Ол қарызын төлемесе, Қазақстанда дефолт болады.