Таяуда BofA (Bank of America Corporation) ОПЕК ұйымына кірмейтін елдердің мұнай өндірісін арттыруына байланысты қара алтын бағасы 65 долларды құрауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл бюджеті мұнай салықтарына телмірген Қазақстан секілді елдерді алаңдатпай қоймайды.
ОПЕК-ке қысым көбейді
Алдымен нарыққа қарасақ, қазір Brent маркалы мұнай нарықта баррельіне 77,41 доллардан саудаланып жатыр. Бірақ бұл жоғарылау баға уақытша ғана болуы мүмкін.
Себебі BofA сарапшылары ОПЕК ұйымының құрамындағы мемлекеттер биыл мұнай өндірісін шектеуге мәжбүр болады деп тұжырымдайды. Ал ұйымға кірмейтін елдер керісінше, өндірісті арттырып, ОПЕК-ке қысым тудырмақ. Мамандардың пайымдауынша, мұнай тұтыну көлемі тек 2030 жылға қарай тұрақтануы ықтимал.
Ендігі мәселе – Қазақстан бюджет жоспарының мұнайға тәуелділігі. Қара алтын бағасының арзандауы да, ОПЕК ұйымының мұнай өндірісін шектеу мерзімін ұзартуы да Қазақстан үшін тиімді емес екенін білеміз.
Еліміз бюджеттің пессимистік жоспарында мұнай бағасы биыл барреліне 60 долларға дейін арзандауы мүмкіндігін қарастырған. Дегенмен сарапшылар мұнайдың 70 долларға дейін арзандауының өзі ел бюджетіне ауыр соғатынын айтуда. Өйткені ел қазынасы мұнайдан түсетін салыққа тәуелді.
Мысалы, 2024 жылдың 11 айында бюджетке табыс салығы мен корпоративті табыс салығынан 8 трлн теңге түседі деп жоспарланған еді. Алайда іс жүзінде 5,8 трлн теңге салық жиналып, 2,2 трлн теңгеге аз болып шықты. Демек мұнай арзандаса бұл теріс құбылыс жалғасып, бюджетке түсетін қаржы да азая береді.
Кейінгі жылдары еліміз мұнай өндірісінің жылдық көлемін 100 млн тоннаға жеткіземіз деп жоспарлауда. Әйтсе де ОПЕК мұнай өндірісін шектеу мерзімін ұзарта берсе, Қазақстанның Теңіз кен орнын кеңейтіп, мұнай өндірісін арттыру бастамасы іске аспай қалады.
Бұған дейін Bloomberg 2025 жылы Қазақстан мен OPEC+ арасында мүдделер қақтығысы шиеленісе түсетінін жазған. Еліміз өндірісті арттығысы келеді, бірақ ұйым мүмкіндік берер емес.
Мысалы, Қазақстан биыл мұнай өндірісін 97,2 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Алайда бұл мәлімдемеден кейін ОПЕК+ өндіріс саясатына ірі өзгерістер енгізілді.
Соған сәйкес, ұйымға мүше елдер 2025 жылы да мұнай өндірісін қысқарта тұруға тиіс.
Қордан алынатын қаржы көбеюі мүмкін
Қаржы министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың қорытындысында Ұлттық қорға жалпы 8,8 трлн теңге түскені мәлім болды. Дегенмен үкімет былтыр қордан 5,6 трлн теңге алды, яғни 3,2 трлн теңгеге ғана қосылды деуге болады.
2024 жылдың 1 қаңтарында қорда 29,8 трлн теңге қаржы жатқан болса, қазір 33 трлн теңгеден асыпты.
Қорды тілге тиек етуіміз бекер емес, оның өсіп не кемуінің, қаржы алынуының өзі тікелей мұнай бағасына қатысты. 2024 жылы Ұлттық қорға түскен 8,8 трлн теңгенің 3,8 трлн теңгесі – мұнай ұйымдарынан тікелей түскен салық. Қалғаны – инвестициялық табыс. Дегенмен Қаржы министрлігінің есебінде қордың тек 9 айдағы инвестициялық табысы көрсетілген. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Ұлттық қордың қаржысын басқарудан 5 трлн теңгеге жуық қаржы түскен.
Негізі 2024 жылы Ұлттық қордан алынған 5,6 трлн теңге рекордты көрсеткіш екенін айтқан жөн. Республикалық бюджетте 3,6 трлн теңге трансферт бөлінеді деп жоспарланғанымен, 2 трлн теңге артық алынды. Үкімет ел қазынасындағы қаржы тапшылығын қор қаржысымен жауып отыр.