Мұнай бағасы – барреліне 80 АҚШ доллары болғандықтан, инфляция 6-8 пайыз деңгейінде сақталып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. Ол 2024 жылға арналған республикалық бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің нақтыланған болжамына тоқталды.
– Осы жылдың басынан бері 2024 жылға арналған макро көрсеткіштер болжамын қалыптастырудың бастапқы параметрлері ел экономикасының дамуына сәйкес келеді. Бұл ретте, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, мұнайдың орташа бағасы барреліне 79,9 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Осыны ескере отырып, 2024 жылға арналған бастапқы параметрлер бұрынғы деңгейде, яғни мұнай бағасы – барреліне 80 АҚШ доллары, инфляция 6-8 пайыз деңгейінде сақталды, – деді ол.
Министр 2024 жылға арналған макро көрсеткіштердің параметрлері 2024-2028 жылдарға арналған мақұлданған болжам аясында сақталғанын жеткізді. Республикалық бюджеттің кірістері 14,1 трлн теңге көлемінде бағаланған, бұл бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмен болып отыр. Негізгі төмендеу корпоративтік табыс салығына, қосылған құн салығына және мұнайға экспорттық кедендік баж салығына тиесілі екені белгілі.
– Корпоративтік табыс салығы бекітілген жоспарға қарағанда 1,1 трлн теңгеге төмендей отырып болжанды. Бұған металдардың белгілі бір түрлеріне бағаның төмендеуі, жекелеген ірі кәсіпорындар бойынша өндіру мен өндіріс көлемінің қысқаруы, осы жылдың төлемдерін өткен жылы алдын ала төлеу әсер етті. Қосылған құн салығы бойынша бекітілген жоспарға қарағанда түсімдердің 1,5 трлн теңгеге төмендеуі, бюджеттен қосылған құн салығын қайтаруды 595 млрд теңгеге ұлғайту, импорт көлемін 8,3%-ға төмендеуі және биылдың 9 айындағы түсімдер фактісі бойынша есептерді нақтылау есебінен болжанады. Мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша мұнай өндіруді 95,4 млн тоннадан 90,3 млн тоннаға дейін төмендету есебінен түсімдер 266 млрд теңгеге төмендеуі мүмкін, – деді Н.Байбазаров.
Оның сөзінше, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету және өңірлік өсу деңгейін қолдау мақсатында Бюджет кодексінің 23-бабының талаптарын ескере отырып, Ұлттық қордан 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансфертті қосымша тарту қарастырылған.
– Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2024 жылы 58,2 млрд АҚШ долларын құрайды деп болжанған. Шығыстар мен тапшылықтың нақтыланған көлемдерінде былтырғы бюджет қаражатының 61 млрд теңге мөлшеріндегі қалдықтары да ескерілді. Бұл ретте, 2024 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 24 трлн теңге көлемінде, ал бюджет тапшылығы мен мұнай емес тапшылық деңгейлері жалпы ішкі өнімге 2,7 және 7,8 пайыз түзетілген деңгейінде сақталады, – деп сөзін қорытындылады Нұрлан Байбазаров.