Ұлттық олимпиадалық комитет Қазақстанның спорт саласына қандай үлес қосып отыр?

1193

ҰОК тәуелсіздік пен спорттың келешегі үшін қалай күресіп жатқанын айтты. 

Ұлттық олимпиадалық комитет Қазақстанның спорт саласына қандай үлес қосып отыр? Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитеті ашық диалог пен өзара түсіністік рухында елдің спорттық қызметіне байланысты мәселелерді белсенді талқылауды бағалайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бірақ та, Ұлттық олимпиадалық комитет (ҰОК) Парламент Мәжілісі депутаттарының соңғы мәлімдемелері мен үндеулері аясында ҰОК-тың елдің спорттық саласындағы рөлі мен қызметіне қатысты түсініктеме беруді жөн деп санайды.  

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті – үкіметтік емес, коммерциялық емес, дербес, қоғамдық ұйым. ҰОК өз қызметінде ҚР Конституциясын, Халықаралық олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және ұйымның Жарғысын басшылыққа алады. Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттің қоғамдық бірлестіктердің ісіне заңсыз араласуына, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктердің мемлекет ісіне араласуына жол бермейді.

Бұдан бөлек Олимпиадалық хартия ҰОК-тың автономиясын сақтау, барлық қысымға, оның ішінде саяси қысымға қарсы тұру міндеттемесін белгілейді. Ұлттық олимпиадалық комитеттің қызметіне араласу кез-келген елдегі ҰОК имиджіне, Олимпиадалық хартияның ережелеріне сәйкес оның автономия және дербес мәртебесіне теріс ықпал етеді. Спорт автономиясын қамтамасыз етуде және спортшыларды қорғауда олимпиадалық қозғалыстың миссиясын көздейтін Халықаралық олимпиада комитеті кешенді халықаралық жарыстарда осындай елдердің спортшыларының ұлттық ту астында өнер көрсетуіне шектеу қоя алады.

ҰОК қызметі мемлекеттік бюджетке байланысты емес қаржы көздерінен қаржыландырылады. ҰОК – қоғамдық бірлестік, ол өз қызметін қайырымдылық пен демеушілік қаражатқа іске асырады. Депутаттың мәлімдемесінде келтірілген сандардың ҰОК қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Бұл аталған мемлекеттік қаражат елдегі спортты дамытуға, спорт резервін дайындауға бағытталады әрі оны жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар әкімшілендіреді.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мемлекеттік тапсырманы (2018-2022 жылдар) орындауына келер болсақ, оны іске асыруға бөлінген қаржы нысаналы мақсатта, атап айтқанда спортшылардың оқу-жаттығу процесін қамтамасыз етуге, спорттық жарыстарға қатысуына жұмсалды. Осы тұста ҰОК-тың ұйым ретіндегі екінші негізгі қызметі ешқашан мемлекет есебінін қаржыландырылмаған және қаржыландырылмайды да. ҰОК Халықаралық олимпиада комитеті мен континенттік олимпиада ұйымдарының қолдауымен өтетін Олимпиада ойындарына, басқа да кешенді халықаралық іс-шараларға қатысу аясындағы өкілдік функциялары мен өкілеттіктері үшін жауапты.

Ұлттық олимпиадалық комитет өз миссиясын орындауда қазақстандық спорт қозғалысының игілігі үшін тартылған құрылымдар арасындағы жемісті әрі үйлесімді ынтымақтастықты дамыту, қолдау мақсатында мемлекеттік билік органдарымен ынтымақтастық орнатады. ҰОК миссиясы – ел аумағында олимпиадалық қозғалысты дамыту және қорғау, Олимпиадалық хартияға сай олимпиадалық құндылықтарды – сыйластық, достық, кемелдікті ілгерілету. Айта кету керек, Қазақстанда спорт командалары мен спорт резервін дайындау әрі оны қаржыландыру жүйесін жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар іске асырады. Депутаттардың мәлімдемелерінде келтірілген қаражат сомасының ҰОК қызметімен байланысы жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу