Ұлттық тестілеу орталығының экс-басшысы қазір не істеп жүр?

2149

"Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов Ұлттық тестілеу орталығынан неге кеткенін, басшы болғанда кімдер пара ұсынғанын, оның мөлшерін, бүгінде сыбайлас жемқорлықпен қалай күресіп жатқанын,  мемлекеттік қызметте әлеуметтік желідегі белсенділігінің бір ұшы өзіне таяқ болып тигенін inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

Ұлттық тестілеу орталығының экс-басшысы қазір не істеп жүр?

– Дидар Нұркенұлы, сіз биыл 30 мамырда Ұлттық тестілеу орталығының директоры қызметінен өз еркіңізбен кеттіңіз. 1 айдан соң "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінде жұмыс істей бастадыңыз. 500-ден аса қызметкер жұмыс істейтін, жылдық бюджеті 3 млрд теңге болатын орталықтағы жайлы орныңызды неге босаттыңыз? Шешім қабылдау қиын болған жоқ па?

– Иә, жайлы орын болғаны рас. Бірақ Ұлттық тестілеу орталығындағы жұмыс қиын, әрі жауапкершілігі өте жоғары болды. Мұнда мол тәжірибе жинадым. Бұл қызметке 2019 жылы маусымда келдім. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов маған "Орталықты басқарасың ба?" деп ұсыныс жасады. Мен министрге "маған жұмыс істеуге 100% еркіндік беріңіз. Сіздің тарапыңыздан заңсыз тапсырмалар берілмесін. Мұндай тапсырма берілсе, өз еркіммен қызметімнен кетемін" деп талабымды айттым. Министр келісті. Нәтижесінде 2 жыл орталықта еркін жұмыс істедім, өз міндетімді атқардым, әрі жоғарыдан заңсыз тапсырмалар берілген жоқ. Жалақым жоғары болғанына қарамастан басшылық қызметтен өз еркіммен кеттім.

– Жалақыңыз қанша еді?

– Ұлттық тестілеу орталығының директоры ретінде 700 мың теңге жалақы алдым. Мемлекеттік қызметкерлерге мерекеге орай сыйақы берілетіні белгілі. Оны қосқанда бір айдағы жалақым 1 млн теңгеден асатын. Бұл ақша отбасыма және ипотеканы төлеуге жеткілікті болды.

– Қазіргі айлық табысыңыз қанша?

– Біріншіден, қазіргі жалақымды айта алмаймын. Себебі арнайы құжатқа қол қойғанмын. Екіншіден, бүгінде үкіметтік емес ұйымда жұмыс істеймін. Бірақ орталықтағы жалақым бұдан да жоғары еді.

– Ұлттық тестілеу орталығындағы жұмысыңызға көңіліңіз тола ма?

– Орталыққа келген кезде "ҰБТ-дағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтамын, оның форматын өзгертемін" деп алдыма мақсат қойдым.

Маған бұл жұмыстарды жүргізу қызық болды. Біріншіден, ҰБТ-ның форматы өзгерді. 20 жыл бойы оқушылар ұлттық бірыңғай тестілеуді қолына қалам, қарындаш алып, қағаз түрінде тапсырса, енді компьютерде тапсыратын болды. Менің ойымша, мұны білім саласындағы тарихи оқиға деуге болады.

Екіншіден, барлық іссапарды тоқтаттым. Мысалы, бұрын Ұлттық тестілеу орталығына жұмыс сапарымен өңірлерден жылына 10 мың адам келетін, әрі ҰБТ-ны ұйымдастыру үшін қызметкерлер өңірлерге баратын. Олардың жол шығыны мен қонақүйде жатқан орны төленетін. Бұл жұмысты онлайн жүргізетін болдық. 2019 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру үшін іссапарға 1 800 адам жіберілсе, 2020 жылы ҰБТ-ны жаңа форматта өткізгенде, бірде-бір адамды іссапарға жіберілмеді. Нәтижесінде, қомақты қаржыны бюджетке қайтардық (1 млрд 40 млн теңге).

Сондай-ақ мен бір орында 3-5 жыл отыра алмаймын. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Себебі 3 жылдан соң жұмысыңда жаңа көзқарас, серпіліс болмайды. Сондықтан 3 жылға алдыңа нақты мақсат қойып, оны жүзеге асыруға тырысу керек. Осы уақытта реформа жүргізуге болады. Егер сіз қызметіңізден кетіп, сіз құрған жүйе жұмыс істесе, бұл сіздің мықты маман екеніңізді көрсетеді. Бұл менің жеке пікірім.

Мен қызметтен кеткеніме еш өкінбеймін. Бүгінде Ұлттық тестілеу орталығын Руслан Емелбаев басқарып отыр. Ол – білім саласының қызметкері, жоғары тәжірибелі маман, тарихшы. Руслан Емелбаев ҰБТ сұрақтарының сапасын арттырады деген үміттемін. Мен оған сенемін.

Орталықта тиісті жұмысты жүргізіп, алдыма қойған міндеттерді орындадым. Мен өз мақсатыма жеттім деп ойлаймын.

– Ұлттық тестілеу орталығын сізге дейін басқарған басшылар пара алып, сотталғаны белгілі. Директор болған кезде сізге пара ұсынғандар болды ма?

– Маған дейін ұлттық тестілеу орталығын басқарған басшылар мемлекеттік сатып алу кезінде келісімшарт жасап, одан "откат алған". Толық ақпаратты БАҚ-тан тауып, оқуға болады. Олар қалаға келуші адамдарды орналастыратын қонақүйлерді таңдауға қатысқан. Бұл жұмыс қазір онлайн жүргізілетінін жоғарыда айттым.

Ұлттық тестілеу орталығының бір жылдық бюджеті – 3 млрд 200 млн теңге, жылына 200 млрд теңгенің грантын студенттерге үлестірдік. Ашығын айтсам, орталықта сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары. Онда саған жұмыс барысында кез келген адам пара ұсынуы мүмкін.

Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарда 5 жылдан аса уақыт еңбек еттім. Ұлттық тестілеу орталығын 2 жыл басқардым. Осы уақытта маған біраз адам пара ұсынды. Оның арасында мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар да болды.

Мысалы, 2020 жылы шілдеде ҰБТ-ны онлайн өткізу үшін Жетісай қаласына (Түркістан облысы – автор) бардым... ҰБТ-ға оқушыларды кіргізу барысында 16 жастағы оқушы қыз "Дидар аға, мені ҰБТ-ға телефоныммен кіргіңіз. Ақша бар, мен оны сізге берейін. Мәселені шешіп беріңіз" деп 200 мың теңге пара ұсынды. Мен жағамды ұстадым. Себебі мұндай жағдайды өмірімде алғаш рет кезіктірдім.

Жетісайда маған пара ұсынған 5-6 оқушы болды. Барлығы ҰБТ-ға телефонмен кірмек болған, қалталарында 100-150 мың теңгесі бар.

– Сіз оқушылар ұсынған параны алдыңыз ба?

– Әрине, жоқ.

– Сізге ұсынылған аса ірі параның мөлшері қанша болды?

– 50 мың доллар (21 млн 726 мың 335 теңге, 1 доллар – 434,53 теңге). Магистратураға түскісі келетіндер Ұлттық тестілеу орталығында ағылшын тілінен емтихан тапсырады. Бір күні маған ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясына түскісі келетін үміткер келді. Ол "1 сұрақ 1 мың доллар, маған оқуға түсу үшін 50 балл керек" деді. Бұл кезде менің орталыққа келгеніме 1 ай ғана болған, яғни 2019 жылдың шілдесі еді.

Болашақ сот қызметкерінің ұсынысынан бірден бас тартып, "Менің қай жерде жұмыс істегенімді білмейтін шығарсың, уәкілетті органдарға хабарласамын" дедім. Ол кетіп қалды.

– Дидар Нұркенұлы, "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігіне қалай келдіңіз? Ол не үшін құрылды? Бірлестікті қандай ұйым қаржыландырады?

– "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігін басқару туралы ұсыныс өткен жылы қарашада түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы, ұстазым Алик Шпекбаев хабарласып "Дидар, жеке бастама бар. Жаңа қоғамдық бірлестікті құрдық. Ондағы жұмысты жүргізуге қабілетің жетеді. Дайынсың ба?" деді. Маған бұл ұсыныс ұнады. Тек 6 айдан соң ҰБТ-ны өткізіп келемін дедім. Ұстазым келісімін берді.

"Әділдік жолын" құрудағы мақсат – Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күресу. Біздің қоғамдық бірлестік мемлекеттен бір тиын да алмайды. Біз әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыс істейміз. Мемлекеттік сатып алулар бойынша зерттеулер жүргіземіз. Оны Facebook-тегі менің жеке парақшамнан көрген шығарсыз.

Бірлестіктің негізгі демеушісі – "Алтын қыран" қоры. Ол туралы ақпаратты интернеттен таба аласыз. Біз Қазақстанның басқа қорларымен жұмыс істеуге дайынбыз. Бүгінде бірлестіктің беделін қалыптастыру, әрі халықтың сеніміне ие болу үшін жұмыс істеп жатырмыз.

 – Қандай жұмыстар екенін айта аласыз ба?

– Иә, бізге қазақстандықтардан және сенімді дереккөзден ақпарат өте көп түседі. Мысалы, келесі тақырыбымыз "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ға қатысты болады. Компания 5 жыл бойы (2016 жылдан 2021 жылға дейін) қымбат дәретхана қағазын тек бір компаниядан сатып алып отыр. Бұл зерттеуді биыл тамызда бастадық. Компанияның (дәретхана қағазын сатып алу туралы – автор) келісімшарты ашық дереккөзде жоқ. Демек оны кез келген мемлекеттік орган тексере алмайды. Мысалы, басқа квазимемлекеттік компанияны алсақ, sk.kz сайтына кіріп, оның қандай сомаға келісімшарт жасағанын біле аласыз. "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның келісімшарты жасырын түрде жасалған сияқты. Бұл құжаттарды бізге сенімді дереккөзі жіберді.  

"Жолаушылар тасымалы" АҚ – квазимемлекеттік компания. Ол халықтың ақшасына жұмыс істеп отыр. Осыған қарамастан олар 5 жыл бойы бір компаниядан дәретхана қағазын қымбатқа сатып алған, ал нарықта дәретхана қағазын шығаратын қаншама компания бар. Мысалы, 2016 жылы "Жолаушылар тасымалы" АҚ 2 қабаты бар 1 дәретхана қағазының бағасын 58 теңге деп көрсеткен. Олар 1 млн рулон дәретхана қағазын алған. Бүгінде нарықтағы дәретхана қағазы 45-47 теңге тұрады. Олар оны 11 теңгеге қымбатқа сатып алған. Сондай-ақ 3 қабаты бар дәретхана қағазының бағасы келісімшартта 104 теңге деп жазылған. Нарықтағы баға – 57-60 теңге, яғни олар тауардың бағасын 50 теңгеге жоғары көрсеткен. Мұны Сот сараптамасы институтының мамандары дәлелдеді. Ең қызығы, "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ға қымбат дәретхана қағазын сатқан компанияға хабарластық. Олар бізге прайс-лист жіберді. Онда аталған тауардың бағасы төмен. Алайда компания "Жолаушылар тасымалына" 2016 жылдан бері дәретхана қағазын қымбатқа сатып отыр.

– Аталған компания 5 жылда неше теңгеге дәретхана қағазын сатып алған?

- Бізде 4 жылдың құжаты бар. Ол бойынша "Жолаушылар тасымалы" АҚ 2016 жылдан 2020 жылға дейін 5 тауарды (орамал, дәретхана қағазының 2 түрін, унитазға қоятын қағазды) сатып алуға 1 млрд 434 млн теңге жұмсаған. Сот сараптамасы институты жүргізген сараптаманың қорытындысы бойынша тауарлар 486 млн теңгеге қымбатқа сатылған. Егер бұл жұмыс ашық жүргізілсе, тауарлар 1 млрд теңгеге сатылар еді. Бірақ аталған компания дәретхана қағазын сатып алуға 1 млрд 434 млн теңге жұмсаған, яғни олар 486 млн теңгені артық жұмсаған. Бұл қылмыс болып саналады, оны аяғына дейін жеткіземіз.

– Дидар Нұркенұлы, сіздің ойыңызша Қазақстанда коррупцияны түпкілікті жоюға бола ма?

– Кез келген мемлекетте сыбайлас жемқорлықты 99% жою үшін бір ғана тәсіл бар, бұл заңсыз жолмен байығандарды жауапкершілікке тарту. Мысалы, мен өмір бойы мемлекеттік қызметте істедім делік. Басқарма басшысы болдым, жалақым 250 теңге еді. Бірақ көлігім Toyota Land Cruiser Prado, әйелімнің көлігі Lexus, әрі 3 қабатты зәулім үйде тұрамыз. Ақшаны қайдан алдым? Ол жағы белгісіз. Бірақ бейресми түрде халық қалай байып жатқанымды біледі.

Қазір біз мұндай жемқорларды сыйлап, қонаққа шақырып жүрміз. Бүгінде үйдегі төрге сондай адамдар шығып жүр, балалардың тұсауын кесіп жүр. Сондықтан Қазақстанда заңсыз жолмен байығандар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуі керек деп ойлаймын. Нәтижесінде елде 7-10 жылда жемқорлық дерегі азаяды. Оған мен кепілдік бере аламын. Мысалға, Тайвань, Сингапур, Гонконг елдерін алуға болады. Олар жемқорлық дерегін азайтып, 20-30 жылда дамыған елдердің қатарына енді. Менің ойымша, бұған халық дайын.

– Сіз сұхбат барысында "өзімді мемлекеттік қызметте еркін сезіне алмадым" деп қалдыңыз...

– Иә. Мысалы, әлеуметтік желідегі жариялаған кейбір жазбам ҚР Президентінің әкімшілігіне ұнамаған... Желіде әртүрлі тақырыпта пост жариялап жүрмін. Оны өзіңіз де көрген шығарсыз... Сондықтан өзімді (мемлекеттік қызметте – автор) еркін сезіне алмадым. Мемлекеттік қызметте жүргенде желіде жазба жарияламас бұрын ұзақ ойланатын едім... Мемлекеттік қызметте пікіріңді ашық айта алмайсың, ал маған 100% еркіндік керек болды. Бүгінде әлеуметтік желіде пікірімді ашық айтып жүрмін, әрі ешкімнен рұқсат сұрамаймын.

– Дидар Нұркенұлы, сіз осыған қарамастан лауазымды қызметтерді атқардыңыз. Мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

– Сіз мемлекеттік қызметке баю үшін келсеңіз, ол ойыңыздан нәтиже шықпауы мүмкін. Мысалы, менің сыныптастарым мемлекеттік қызметке баю үшін барған. Алайда олар жемқорлық үшін сотталып, түрмеден жазасын өтеп шықты. Мемлекеттік қызметке халыққа қызметке ету үшін келу керек деп ойлаймын. Бай болғыңыз келсе, оның басқа жолдары бар: кәсіп ашу, стартап және тағы басқа.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу