Үндістан тұрғындарын вирус "жұтып" жатыр

5035

Крематорийлер коронавирус құрбандарын өртеп үлгере алмай жатса, ауруханаларда оттегі мен орын тапшы.  

Үндістан  тұрғындарын вирус "жұтып" жатыр

Өлім аузынан арашалап қалады деген оттегінің тапшылығынан талай отбасы COVID-19-ға шалдыққан жақындарын өз күштерімен ауруханадан ауруханаға тасуға мәжбүр. Мұндай жағдай Үндістанда инфекция алапат өршіген шақта қалыптасып отыр. Бірақ, оттегі бәріне бірдей жетіп жатқан жоқ. Сондықтан, адамдардың көбінің туыстарын құтқару әрекеті аза тұтумен аяқталып жатыр.

Әлеуметтік желілерде және теледидар кадрларында тауы шағылған тұрғындардың туыстары үшін оттегіні ауруханадан тыс жерде жалбарынып сұрағанын көруге болады. Ендігі біреулері ем күтіп қайтыс болып кеткен жақындарын жоқтап көшеде жылап жүр.

Бір әйел 50 жаста жан тәсілім еткен інісі үшін қайғырып отыр. Марқұмды екі аурухана қабылдамаған екен. Ал, үшінші госпитальде оттегі беретін ыдыс кенеттен босап қалып, жаңасына ауыстырылғанша азаматшаның бауыры тұншығып өліп кеткен.

Қара жамылған әйел бұл дағдарыс үшін премьер-министр Нарендра Модидің үкіметін айыптап отыр.

"Бұл басшылық әр үйде жерлеу отын тұтатты", - дейді ол жергілікті "Караван" журналына берген видеосұқбатта.

"Ковидтің" жаңа варианты өршіп, төртінші күн қатарынан Үндістан коронавирустық инфекцияны жұқтырудан рекорд жаңартып жатыр. Осылайша, үкіметтің пандемияны жеңдік деген асығыс мәлімдемесі негізсіз болып шықты.

Өткен тәулікте Үндістанда 349,691 жұқтыру оқиғасы анықталып, коронавирусқа шалдыққандарлың жалпы саны 16,9 миллионнан асып кетті. Оңтүстіказиялық ел бұл жағынан әлемде Америка Құрама Штаттарынан кейінгі екінші орынға шықты. Және де соңғы 24 сағатта Үндістанда тағы 2767 адам қайтыс болып, COVID-19 құрбандарының жалпы саны 192 311-ге жетіп отыр.

Өлгендер бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені күдікті жағдайлар тізімге қосылмаған. Сонымен қатар, COVID-19-дан келген талай ажалға өзге аурулар себепші деп көрсетілген.

Өршіп келе жатқан дағдарысты Үндістанның толып жатқан зираттары мен крематорийлерінен және оттегі жетіспеушілігінен ауруханаларға барар жолда өліп жатқан науқастардан-ақ айқын байқауға болады.

Мемлекет астанасы Нью-Делиде жер жетіспей жатыр. Мұндай жағдай пандемиядан қатты зардап шеккен өзге қалаларда да  қалыптасып отыр. Ал, орталықтағы Бхопал шаһарында кейбір крематорийлер бұрынғыдай күніне он емес, 50 адамның мәйітін өртейтін болды. Соған қарамастан, талай табыт сағаттап кезекте тұр.

Бхадбхада Вишрам Гхат қалалық крематорийіндегі жұмысшылар сенбіде 110-нан астам адамды кремацияладық дейді. Үкімет болса, 1,8 миллион халқы бар қалада вирустан сол күні 10 шақты кісі қайтыс болды деген мәлімет таратты.

"Бұл вирус қала тұрғындарын құбыжық тәрізді жұтып жатыр", - дейді крематорийдің ресми өкілі Мамтеш Шарма АР агенттігіне берген сұқбатында.

Мәйіттер көптеп әкелініп жатқандықтан, үнділер крематорийде жанды қайта туу циклінен босатуға бағытталған жеке рәсімдерді өткізіп жіберуге мәжбүр.

"Біз денелерді ешқандай рәсімсіз дереу өртеп жіберіп жатырмыз. Құдды бір соғыстың ортасында жүргендейміз”,- дейді Шарма.

Нью-Делиде пандемия кезінде 1000 адам жерленген ең үлкен мұсылман зиратына да мәйіттер былтырғыдан көп жеткізіліп жатқандықтан, орын қалмауы мүмкін. "Мен жақын арада кеңістік бітеді деп қорқамын", - дейді қабір қазушы Мохаммад Шамим.

Денсаулық сақтау қызметкерлері реанимация бөлімшелерін кеңейту және оттегі қорын көбейту үшін күрес жүргізіп жатыр. Бұл драма мен сәтсіздіктер үкіметтің "елде ешкім оттегісіз қалмайды" деген уәдесіне мүлде қайшы келіп отыр. Ал, премьер-министр биыл қаңтар ғана COVID-19-ды жеңдік деп жариялаған еді. Сонымен қатар, Үндістан дәрі өндіруден жаһандық көшті бастап, тіпті "Дүниежүзілік дәріхана" атанып, дамушы елдерге үлгі болған еді.

АҚШ-тың Оңтүстік Каролина медицина университетінің жұқпалы аурулар бөлімінің медицина кафедрасының доценті, доктор Крутика Куппаллидің ойынша, үнді билігі вирус бақылауға алынған өткен жылды дәрі-дәрмек жинауға және жаңа толқынның басталу ықтималдығын ескеріп, медицина жүйесін дамытуға қолдануы керек еді.

"Ең бастысы, олар әлемнің басқа бөліктерінде не болып жатқанын көріп, мұндай жағдайдың Үндістанға жетуі уақыттың еншісінде екенін түсінуге тиіс еді", - дейді Куппалли.

Мұның орнына, Үндістан үкіметі пандемияны жеңгенін күні бұрын жариялай отырып, халықты босаңсуға итермелеп, тұрғындар физикалық қашықтықты қатаң сақтау, бетперде кию және көпшіліктен аулақ жүру ережелерін сақтамайтын болды.

Сарапшылардың пікірінше, Модидің Үнді фестивальдері мен сайлауалды митингілеріне елдің көптеп қатысуына рұқсат беруі жұқпалы инфекцияның таралуын жеделдетіп отыр. Модидің өзі болса, Үндістанда бүгін қалыптасқан эпидемиялық жағдайды "коронавирус дауылы" деп атап, отандастарын барынша сақ болып, жаппай вакцина алуға үндеді.

Делиге АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия көмек көрсететіндерін жариялады. Олар Үндістанға екпе жасайтын материалдар, дәрі-дәрмек, вирустан қорғайтын және диагностикалық құралдар жібермек.

Болжамжарға қарағанда, Үндістанда пандемияның екінші толқыны мамырдың ортасында шарықтау шегіне жетеді. Сол кезде тәулігіне коронавирустың жергілікті жаңа вариантын жұқтырғандар саны жарты миллионнан асып кетуі мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу