Суэц каналына балама

4763

Ресей, Үндістан, Иран Суэц каналын алмастыратын жаңа көлік жолын салу мәселесін талқылайды. Және де Үндістан Қазақстанға жететін жаңа дәлізді зерттеуге кірісті.

Суэц каналына балама

Осы айдың соңында Ресей, Үндістан, Иран ұзындығы 7200 шақырым болатын Халықаралық Солтүстік-Оңтүстік Көліктік Дәлізінің  (ХСОКД) іске қосу мәселесін талқылайды. Ол дәстүрлі Суэц каналымен салыстырғанда, "арзан әрі қысқа". Мұны Иранның Press TV ақпарат агенттігін бірер күн бұрын хабарлады.

Үндістанның Сауда және индустрия министрлігінің мәлімдеуінше, ХСОКД  –Үнді мұхиты мен Парсы шығанағын Иран арқылы Ресеймен, Солтүстік Еуропамен жалғастыратын көпмодалды транспорттық жол.

Жаңа жобаға теміржол ғана емес, кемемен тасымалдау жүйесі де кіреді. Үндістан тауарлары  ең алдымен Иранның Парсы шығанағы жағалауындағы Бандар Аббас қаласына жеткізіліп, содан кейін Иранның Каспий теңізі маңындағы Бандар Анзали қаласына апарылады. Әрі қарай сол өнімдер Каспий арқылы Ресейдің Астрахань қаласына жөнелтіліп, ол жақтан пойызбен  Еуропаға әкетілуге тиіс.

Суэц каналымен салыстырғанда, Халықаралық Солтүстік-Оңтүстік Көліктік Дәлізі Үндістанның Мумбайынан Мәскеуге дейінгі жүк тасымалдау уақытын 20 күнге дейін  қысқартады.  Және де ХСОКД арқылы жылына 20-30 миллион тонна тауар тасуға болады.

Қазанның 27-де Делиде Ресей кәсіпкерлерімен өткен кездесуде Үндістанның Сауда және индустрия министрі Сюреш Прабху мәлімдемегендей, "Халықаралық Солтүстік-Оңтүстік Көліктік Дәлізін пайдалануға беру төңірегіндегі мәселелер мейлінше тезірек шешілу керек".

Айта кетсек, бұл жаңа дәлізбен жүк тасымалдау сынақтары 2014 жылдың тамызы мен 2017 жылдың сәуір айларында өткізілді.

Үндістан Гүрджаратты Қазақстанмен де байланыстырғысы келеді

"Иранға қарсы жаңа санкциялар жарияланып жатса да, Үндістан Гүджарат пен Батыс Бенгалияны Иранның Бандар Аббас порты арқылы Қазақстанмен, Шығыс Ресеймен байланыстыратын дәліз салғысы келеді", – деп хабарлайды Econimic Times газеті.

Басылымның мәліметінше, Дели Гүджараттағы Мантра портын Бандар Аббаспен жалғастыра отырып, Иран-Түркіменстан-Қазақстан теміржол желісі арқылы Шығыс Ресейге шығуды жоспарлап отыр. Үндістан бұл  идеяны жүзеге асыра отырып, әлемдік мұхитпен байланысы жоқ аймаққа жетіп қана қоймай, сол аймақтан табиғи ресурстарды бұрынғыдан қысқа мерзім ішінде импорттаудан үмітті.

Үнді үкіметінің ойынша, ХСОКД-ның шығыс тармағы – Иран-Түркіменстан-Қазақстан теміржол желісі Халықаралық Солтүстік-Оңтүстік Көліктік Дәлізімен қатар қызмет етуі тиіс.

"Жаңа дәліз – Ресейге де демеу. Өйткені, Мәскеу Ресей-Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Оман-Үндістан дәлізін салу туралы Делимен келіссөзге кірісіп жатыр. Ал, Қазақстан мен Өзбекстанның ресурстарға бай, өркендеп келе жатқан экономикалары мұхитқа шыққысы келеді. Ондай жол Иран арқылы ғана өтеді. Сондықтан, Орталық Азияның алып екі республикасы санкцияларға қарамастан өздерінің ұлттық мүддесі үшін Тегеранмен өзара байланыс орнатуға тырысып жатыр", – деп хабарлайды аталған газет.

Қарашаның 1-інде мәлім болғандай, Делиде Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Үндістан трансшекаралық байланыстары жөніндегі төртжақты кездесу өтіп, онда Халықаралық Солтүстік-Оңтүстік Көліктік Дәлізін қолданып, Еуразияға Үндістан бизнесі мен инвестициясын тарту мәселесі қозғалды.

Бұл басқосуды Қазақстанның Үндістандағы елшілігі Үндістандағы Экспедиторлар қауымдастықтары федерациясымен және "Қазақстан темір жолы" компаниясымен бірлесіп, Үндістан сауда және индустрия министрлігінің қолдауымен өткізді.

Econimic Times-тің дерегіне жүгінсек, бұл жүздесу үндістандық кәсіпкерлерді Халықаралық Солтүстік-Оңтүстік Көліктік Дәлізі шығыс тармағының логистикалық мүмкіндіктерімен таныстыра отырып, оларды осы жолды кеңірек пайдалануға тартуды мақсат тұтқан.

Сол күні "Қазақстан темір жолы – Экспресс" акционерлік қоғамы мен Үндістанның  Tuberose Logistics компаниясы көліктік-экспедиторлық қызмет туралы келісімге қол қойды. Және де тараптар келесі жылдың басына дейін Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Үндістан желісі арқылы тауар тасымалдауды пилоттық дәрежеде жүзеге асыруға уағдаласты.

Болжамдарға қарағанда, бұл жол кеңінен пайдаланылатын болса, тауар жеткізу уақыты айтарлықтай қысқарып қана қоймай, Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда айналымы қазіргі 1 миллиард долларлық деңгейден екі-үш есеге артуы мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу