Универсиада: Алғашқы жүлдегерлер анықталды

1992

2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданың Қазақстанда өтуі көптеген мемлекетті таңғалдырып отыр.

Универсиада: Алғашқы жүлдегерлер анықталды Фото: almaty2017.com

Алысқа бармай-ақ қояйық, өзімізбен көршілес отырған мемлекеттердің өзінде бұл Универсиада туралы білмейтіндер көп болып шықты. 29 қаңтардан бастап Алматыда өтіп жатқан дүбірлі доданы тікелей телеэфирден бірнеше белгілі телеарна, оның ішінде шетелдік спорттық арналардан көріп қалып, мынадай үлкен ірі бәсеке Алматыда өтіп жатыр ма? – деп өз көздеріне сенбей жатқандар жетерлік екен. Әлеуметтік желілерде Универсиада төңірегінде неше түрлі әңгіме де айтылып жатыр, бірі қызыға да қызғана қараса, енді бірі көре алмай жатқанын анық байқатып отыр.

Қалай дегенде де қазіргі таңда біреудің аузына қақпақ бола алмаймыз. Не десе де, қазақ елін бүкіл әлем телеарнадан болсын, интернет пен баспасөз басылымдарынан болсын көріп, естіп, оқып біліп жатқан жайы бар. Бұл қай қазақты болмасын қуантарлығы сөзсіз.

Дүбірлі бәсеке күн өткен сайын қызып келеді. Тіпті алғашқы чемпиондар мен жүлдегерлер де анықталып қойды. Дегенмен бәрін басынан бастаған дұрыс шығар. Универсиаданың ашылу салтанаты болмай жатып, бір күн бұрын алғашқы жарыстар басталып кетті.

Ең бірінші болып шайбалы хоккейшілер сайысқа түсті. Жаңа салынған "Халық арена" стадионында "В" тобынан Ұлыбритания мен Словакия ерлер командалары су жаңа мұз айдынына шығып, топтық бәсекедегі алғашқы ойынын өткізді. Бұл матч толықтай словактардың басымдығымен өтіп, британиялықтар бірде-бір доп сала алмады (0:9).

Ал осы күнгі екінші матч тартысқа толы болды. "С" тобындағы жапондар латыштардың әбден есін шығарды. Тіпті Жапония жеңіп кете жаздады, бірақ ұтымды сәттерді дұрыс пайдалана алмады. Осылайша екі команда 3:3 есебімен тең түсіп, жеңімпаз тек овертаймда белгілі болды. Бұл 5 минутта Латыштардың жолы болды (4:3).

Бұдан соң "А" тобындағы Қазақстан құрамасының кезегі келді. Сол күні кешке "Халық арена" көрерменге лық толды. Біздің хоккейшілеріміз ұятқа қалдырмады. Қытай құрамасын балаша алдап, тым болмағанда бір шайба дарытуға еш мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде батыр елдің жігіттері қытайлықтарды тас-талқан етті. Есеп – 22:0.

Сол күні Балуан Шолақ спорт сарайында хоккейші қыздар қатар ойнап жатты. "А" тобынан бірінші болып Канада мен Қытай сынға түсіп, мұхит асып келген "үйеңкі жапырақтылар" қытай қыздарын 9:1 есебімен ойсырата жеңді.

Осы ойыннан кейін қазақ қыздары айдынға шығып, стадионға жиналғандардың да, телекөрермендердің де көңілін көтерді. Ұлыбританиядан келген ағылшын қыздарын әбден қыспаққа алып, қарсыласты 9:0 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп Қазақстан құрамасының қыздары турнир кестесінде топ жарды.

29 қаңтар күні дүбірлі доданың ашылу салтанатына дейін хоккей матчтары жалғасты. Дәлірек айтқанда, Ресей мен Америка Құрама Штаттарының қыздары өзара мықтыны анықтауға кірісті. Бұл бәсекеде фаворит саналған орыс қыздары АҚШ қақпасына 7 шайба салды, ал америкалық қыздар бір голмен ғана жауап бере алды (7:1). Ресей жеңді.

Универсиаданың медальдарын қазақстандықтар көптеп иеленгенін қалайтынымыз жасырын емес. Сол күндер де көп күттірмеді. Алайда алғашқы алқамыз қола болып қалғаны өкінішті-ақ. Анна Шевченко 5 шақырымдық жекелей шаңғы жарысында қола медаль иеленді. Бұл қашықтыққа жүгіруден ресейлік Лилия Васильева 14.08.6 көрсеткішімен алтын медальді еншілесе, тағы бір ресейлік спортшы Анна Нечаевская күміс медаль алды.

Бұдан кейін біздің қоржынға тағы екі медаль түсті. Фристайлшы қыздарымыз Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова фристайл-акробатикадан тамаша өнер көрсетіп, екінші және үшінші орындарға қол жеткізді. Ал алтын медаль қытайлық Чжу Иньиньге бұйырып тұр екен.

Үшінші орын алып қалған Жанбота Алдабергенова біраз қобалжу болғанын айтады.

"Фристайлда титтей қателік бәрін шешеді, мәселен, бүгін маған ауа-райы кедергі болды десем болады. Мен жарысқа шығардың алдында күннің көзі күлімдеп тұрды да, сырғанаған сәтте бұлт басып жоғалып кетті, ал ондай кезде қар бір демде қатып қалады, содан шаңғың қатты сырғи жөнеледі. Құлап қалатын себептеріміз де көбіне осы ауа-райының біркелкі еместігінен. Ертең командалық жарыс болады. Бағлан Іңкәрбекпен бірге бар күшімізді саламыз", – дейді жарыстан кейін берген сұхбатында біздің қола жүлдегеріміз Жанбота Алдабергенова.

Әрине қардың қалай жатқаны ең алдымен климатқа байланысты екендігі түсінікті. FISU өкілдері Шымбұлақ жолдарының талапқа сәйкестігін тексергенін білеміз.

"Біз бүкіл жарысты уақтылы өткізуге тырысамыз. Қардың тайғанақтығы да, сапасы да жақсы. Ертеңгі параллельді слаломнан ерлер мен әйелдер арасында медальдар сарапқа салынады. Ауа-райы ашық болады деп күтіліп отыр", – деп мәлімдеген болатын Ресей Сноуборд федерациясының вице-президенті мен FISU комитетінің сноуборд жөніндегі өкілі Денис Зезин.

Қазіргі Шымбұлақтың жолдары Әлем кубогының талаптарына сәйкестендіріліп салынған. Жарыс күндерінде де осылай болмақ. Қалай десек те, FISU және FIS өкілдері өз бағаларын берді", – деген еді Универсиада-2017 ұйымдастыру комитетінің сноуборд жолдарына жауапты өкілі. Мамандардың айтуынша, Шымбұлақтың бір ерекшелігі тұманның көп шоғырлануы. Бірақ бұл, тұман күні бойы сейілмейді деген сөз емес. Дегенмен әр спорт түріне қосымша екі күн қарастырылған.

Естеріңізге саламыз, Шымбұлақта фристайл, сноуборд және тау шаңғысынан жарыстар өтіп жатыр. Бұл күндері жарыс жолында тайып құлап жатқандар саны өте көп, соған қарағанда қар да спортшыларға өз кесірін тигізіп жатқанға ұқсайды.

Жарыстар жалғасады. Енді жалпы медальдар санына келер болсақ, әзірге Ресей құрамасы 9 медальмен алда келеді. Қазақстанға үздік үштікке кіру үшін 1 алтын ғана жетпей тұр.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу