Үш мегаполисте ірі митинг өтетін жерлер анықталды

2082

Бұл айналадағы үйлер құнының құлдырауына соқтыруы мүмкін. 

Үш мегаполисте ірі митинг өтетін жерлер анықталды

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты бейбіт жиналыстар мен шерулерді өткізуге арналған орындар және митинг ұйымдастыру тәртібінің жобасын ұсынды. Құжатта митинг-шеру қандай жағдайда мәжбүрлі түрде таратылуы мүмкін екені көрсетілген. Мысалы, оның ұйымдастырушылары қатысушыларға коронавирустың және басқа да індеттердің жұқпайтынына кепілдік беруі керек.

"Бейбіт жиналыс – сипатына қарай бейбіт, күш қолданылмайтын және қаруланбайтын, мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, денсаулық сақтауға, халықтың имандылығына, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қатер төндірмейтін Қазақстан азаматтарының жиналысы, митингі, демонстрациясы, шеру мен пикеттеуі болуы тиіс", – делінген жобада. Егер наразылық танытушылар арасынан шетелдік азаматтар ұсталса, митинг-шеру тоқтатылуы мүмкін. Себебі, бұл – өзге елдің ішкі ісіне қол сұғушылық.

Бейбіт жиналысты ұйымдастыру үшін енді рұқсат алу қажет емес. Тек он күн бұрын әкімдікке өтетіні туралы хабарлама жіберсе болды.

Сонымен, елордада бейбіт жиналыстар мен шерулер өткізуге болатын 4 орын анықталып отыр.

1) Ш.Құдайбердіұлы даңғылы мен А.Пушкин көшесі қиылысындағы саябақ. Ол жерде 1 мың адамға дейінгі митинг өткізуге рұқсат. Асып кетсе, таратылады. Саябақ жерінің аумағы –  4 мың 380 шаршы метр. Ол жер көше жарығымен, микрофон, динамик және басқа да құралдарды пайдалану үшін электр қуатына қосылу нүктесімен, бейнебақылау және бейнежазба камераларымен жабдықталған. 35 автокөлікке арналған тұрақ орны бар.

2) "Столичный" циркі жанындағы алаң. Онда да митингтің "шекті толу саны" 1 мың адамнан аспауы шарт. Жер учаскесінің аумағы – 2 мың 64 шаршы метр. Онда да әлгіндей жағдайлар жасалған. Жанында 60 машина тұра алатын жеке автотұрағы бар.

3) Жеңіс, Абай даңғылы, Т.Бигелдинов және Желтоқсан көшелері қиылысындағы жазғы алаң. Бірақ онда тек 500 адам жиналуына рұқсат. Өйткені жер учаскесінің ауданы – 1 мың 695 шаршы метр. Жарықтандырылған, демек, жиналып түнге дейін даурығысуға болады. 70 көліктік тұрақ орны бар. Полицейлер оны бейнебақылау және бейнежазба камералары арқылы еркін бақылай алады.

4) Нұр-Сұлтандағы шеру маршруты да белгіленіп отыр. Шеруге құмартқандар бас қаланың ескі орталығындағы Абая даңғылы мен Ә.Сембинов көшесіндегі Жазушылар аллеясында жиылып, содан шеру тартқан күйі Ш.Құдайбердіұлы даңғылы мен А.Пушкина көшесі қиылысындағы саябақтағы №1 митинг орнына дейін жете алады. Бағыт ұзындығы 2 шақырымнан шамалы асады (2055 метр). Есілдің сол жағалауындағы астананың әкімшілік орталығында шеру жасауға рұқсат берілмеген. Талап бойынша шеру 1 мың адамнан аспауы тиіс.

Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасының өкілі митинг өтерден бір күн бұрын оның ұйымдастырушысымен бейбіт жиналыс орнында кездесіп, бірқатар мәселелер бойынша өзара келіседі. Мысалы, ұйымдастырушылардың өкілдері айрықша белгісін (бейдж) тағып жүруі және шара біткенше алып тастамауы керек. Журналистер үшін лента немесе қоршаумен шектелген арнайы белгіленген орын сайлануы қажет. Фото-видео түсірілім және сұхбаттасу да сол жерде жүреді. Шерушілерге әкімдік қызметі шеру бағытын егжей-тегжейлі таныстырады.

Митинг-шеруге қатысушылар өз жолдарындағы не айналадағы үйлерге, ғимараттарға, шағын сәулет нысандарына, жасыл желекке, сондай-ақ өзге де мүлікке зиян келтірмеуі тиіс, сындырып, бұзып, өртеуіне тыйым салынады.

Осымен бір мезгілде астанаға іргелес жатқан Ақмола облысының Целиноград ауданының мәслихаты да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру ережелерін бекітуде. Аудан Нұр-Сұлтанмен аралас-құралас жатқан Қосшы, Талапкер, Караөткелде шеру өткізуге рұқсат етпеді. Бұл ауданның тұрғындары наразылығын білдіргісі келсе, екі орынға бет алуы тиіс. Біріншісі – Ақмол ауылындағы (бұрынғы Малиновка) "Гагарин көшесі, 12" мекенжайындағы аудандық Мәдениет үйінің алдындағы алаңға жиыла алады. Екіншісі – осы ауылдағы "Бақыт" ықшам ауданындағы жаңа стадионға қарсы алаң. Ал шеру жасауға ынтыққандар біріншіден, Ақмол ауылындағы "Қақ айырылған жұлдыз" стеласынан Гагарин көшесінің соңына дейін жүріп өте алады. Екіншіден, осындағы "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешенінен бастап "Қақ айырылған жұлдыз" стеласына дейін барады.

Еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматы қаласының мәслихаты да  қарсылық акциялары өткізілетін 4 орынды анықтады. Оның біріншісі – Махатма Ганди атындағы саябақ. Онда небары 200 адам ғана жиналуға құқылы. Паркте жасанды жарықтандыру, электр энергиясына қосылуға арналған орындар, бейнебақылау және бейнетіркеу камералары, 120 көлік тоқтай алатын тұрақ орны бар.

Екіншісі – бұрыннан митинг орны болып келе жатқан "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы гүлзар. Онда жиналатын саны 500 адаммен шектеледі. Шағын ғана скверде 20 тұрақ орны жасақталған.

Үшіншісі – Шевченко көшесіндегі Шоқан Уәлиханов атындағы гүлзар-сквер. Ол жерде 1 мың адам шоғырлана алады. Келушілерге 50 тұрақ орны қызмет етеді.

Төртіншісі шеру-демонстрация жасаушыларға арналған: оларға Ш.Уәлиханов атындағы гүлзардан М.Ганди саябағына дейін айғайлап-дабылдап баруға мүмкіндік беріледі. Шерушілер саны 1 мың адамнан аспауы міндет. Асса, әкімдіктен арнайы рұқсат алуына тура келеді.

Алматылық шеру бағыты – ірі қалаларымыздағы ең ұзыны: ол 4,6 шақырымға созылып жатыр. Яғни, отандық, шетелдік тележурналистер мен фототілшілерге асықпай кадр жинап алуына мүмкіндік мол.   

Жалпы, шерушілердің жүрісін шектеу дамыған елдерде де бар. Мысалы, АҚШ-та демонстранттардың қозғалыс маршруты 5 шақырымнан аспауы тиіс. Нью-Йорктегі қара нәсілділерді қорғауға арналған қарсылық акцияларының жүрісі одан да аз.

Алматы қаласы әкімдігінің өкілі бір күн бұрын ұйымдастырушылармен кездеседі. Бірақ онда талап жеңілдеу. Мысалы, елордадағыдай журналистер "қамалатын" ленталы қоршау жасаудың қажеті жоқ.

Президент Қ.Тоқаев қол қойған бейбіт жиналыстар туралы заң 6 маусымда күшіне енісімен еліміздегі ең жас мегаполис – Шымкент қаласы да осы мәселеде айқындалды. Шымқалада бейбіт жиналыстарды өткізу үшін келесі арнайы орындар белгіленіп отыр:

1) Әл-Фараби ауданындағы Бәйдібек би даңғылында орналасқан "Наурыз" алаңы, сыйымдылығы 1500–2000 адам.

2) Абай ауданындағы Қ.Рысқұлбеков көшесі, 3 "Г" мекенжайындағы "Даңқ" мемориалының алды. Сыйымдылығы: 400–500 адам.

3) Шымкентте шерулер мен демонстрация өткізу бағдары болып А.Байтұрсынов көшесі мен Қ.Қазиев көшелерінің аралығы анықталды. Яғни, шерушілер бүкіл Майлы Қожа көшесі бойымен жүріп өтеді.

"Жалпы, кейінгі кезде шеруге шығу, билікке наразылық білдіру сәнге айналды. Мен өз шаруаммен ғана айналысатын бейбіт адаммын. Наразылығым болса, оны нақты жауапты органға шағым жазу жолымен шешуге тырысамын. Дәл Америкадағыдай адамды нәсіліне, тегіне қарай өлтіре салу секілді сорақылық бізде жоқ. Билік бұл қадамға амалсыз барып отырғанын түсінемін. Алайда шеру жүретін көшелердегі және митинг өтетін саябақтар айналасындағы үйлердің тұрғындарын аяймын. Олар қарсылық акциялары өтетін күндері біраз шектеулерге маңдай соғуы ықтимал. Айқау-шудан маза кететіні де бөлек мәселе. Оның үстіне бұл сол аудандардағы баспананың коммерциялық құнына кері әсер етіп, құнсыздандыруы мүмкін. Өйткені клиенттер көбіне жалдайтын тұрғын үйдің айналасы тыныш болғанын қалайды", – дейді нұрсұлтандық риэлтор маман Антон Демченко.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу