Үш соғыстың құрбандарына пара-пар пандемия

4568

АҚШ-та коронавирус құрбандарының саны жарты миллионнан асты. 

Үш соғыстың құрбандарына пара-пар пандемия

АҚШ-та  COVID-19-дан  қаза тапқандардың қатары дүйсенбіде 500 000-нан асты. Бұл - Екінші дүниежүзілік, Корей және Вьетнам соғыстарында құрбан болған америкалықтардың санына сәйкес келетін таңқаларлық көрсеткіш, деп жазады  inbusiness.kz тілшісі.

Президент Джо Байден Ақ үйде күн батқанда үнсіздік жариялап, шырақ жағу рәсімін өткізіп, алдағы бес күнде федералдық үкімет ғимараттарындағы мемлекеттік туларды төмен түсіруге бұйрық берді.

"Америкадағы осынау жаппай қырғынның ауқымын мойындай отырып, әр адамды және олар сүрген өмірді жадымызда сақтайық дегім келеді", – дейді Байден қоңырау соғылғаннан кейін сөйлеген сөзінде.

Джон Хопкинс университеті жариялаған жартымиллиондық межеге Америка қыс қаһарына енді мініп, клиникалар жабылып, коронавирусқа қарсы вакциналарды жеткізу бәсеңдеп, он мыңдаған адамға екпе салынбай қалған шақта жетіп отыр.

Бұл мемлекетте 28 миллионнан астам адамның COVID-19 ауруына шалдыққаны және 500 264 америкалықтың одан қаза тапқаны дүйсенбі күні түстен кейін жария болды.

АҚШ – әлем бойынша коронавирустан ең көп адам жоғалтқан ел.  Дүниежүзінде коронавирустан қайтыс болған 2,5 миллионнан астам адамның 20 пайыздайы осы елде тіркелді.

Құрама Штаттарда бұл вирустан алғашқы азамат 2020 жылы ақпанда жан тәсілім етті. Бірінші 100 000 өлімге жету үшін төрт ай қажет болса, қыркүйекте құрбандар саны 200 мыңға, желтоқсанда 300 мыңға жетіп, содан кейін 300 мыңнан 400 мыңға жету үшін бір айдан астам уақыт, ал 400 мыңнан 500 мыңға көтерілуге тағы бір ай ғана керек болды.

Салыстырып көрсек, АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыста 405000, Вьетнам соғысында 58000, ал Корей соғысында 36000 адам жоғалтқан екен.

Бірқатар бақылаушының пікірінше, Американың пандемиядан ең қатты зардап шегуіне бұрынғы президент Дональд Трамп әкімшілігінің бір ғасырдағы ең үлкен денсаулық сақтау дағдарысын еңсеру мәселесінде штаттармен ынтымақтастық орнатпауы, медицина мамандарының кеңесіне құлақ аспауы және біртұтас ұлттық жауаптың болмауы себепші.

Америкалықтар вирус жұқтырған аналары мен әкелерінен, күйеулері мен әйелдерінен, бауырлары мен қарындастарынан және достарынан айырылды. Көптеген адам демі таусылуға таяған жақындарын ауруханаларда немесе қарттар үйлерінде көре алмады. Себебі  вирустың таралуын тоқтату үшін федералдық үкімет физикалық алшақтық ережелерін енгізгені белгілі.

АҚШ-та соңғы бірнеше аптада тәуліктік орташа өлім-жітім көрсеткіштері күрт төмендеді деуге болады. Коронавирустан қаңтардың кейбір күндерінде 4000-нан астам америкалық өлсе, кейін сол құрбандар саны орта есеппен 1900-ге дейін түсті және инфекцияны жұқтыру оқиғалары алты аптадан бері азайып келеді.

Бірақ кейбір сарапшы коронавирустың Ұлыбританияда, Оңтүстік Арфикада, Бразилияда анықталған жаңа варианттары бұл үрдісті өзгертуі мүмкін екенін ескертеді. Оның үстіне талай америкалыққа әлі вакцина салынған жоқ.

Медициналық статистикаға жүгінсек, 44 миллионнан астам америкалық Pfizer немесе Moderna екпелерінің ең болмағанда бір дозасын алған. Және де соңғы аптада күніне шамамен 1,6 млн адам вакцинаның бірінші немесе екінші дозасын қабылдады.

Сонымен қатар, J&J компаниясының бір реттік COVID-19 вакцинасы мақұлданатын болса, АҚШ-та екпе салу науқаны айтарлықтай кеңейеді деген үміт бар.

J&J наурыздың соңына дейін Құрама Штаттарға 20 млн доза бере алатындығын, ал маусым айының соңына дейін америкалықтарға 100 миллион вакцина жеткізетінін атап өтті. Ал, әлемдік масштабта бұл компания биыл 1 млрд доза шығаруды мақсат етіп отыр.

J&J вакцинасы тек бір рет егуді қажет етсе, Pfizer мен Moderna екпелерін бірнеше аптада екі мәрте салу керек.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу