Вакциналық бәсекеде Ресей Батысты алаңдатып отыр

5815

Америка ғалымдарының ойынша, РФ жасап жатқан екпе тиімсіз әрі қауіпті болып шығуы мүмкін.

Вакциналық бәсекеде Ресей Батысты алаңдатып отыр

Ресей таяуда COVID-19-ға қарсы вакцинаны мақұлдаған бірінші ел атанатынын мақтанышпен жариялап отыр. Сонымен қатар, ол әлі клиникалық сынақтан толық өтпеген екпесін қазанда халыққа жаппай еге бастамақ. Ал, әлем ғалымдары бұған алаңдап, мұндай асығыстықтың жағымсыз салдары болатынын ескертеді.

Мәскеудің қазіргі әрекеттері оның өткен ғасырдағы пропагандалық жеңістерін еске салады. Мысалы, "советтер" 1957 жылы Кеңес одағының ғарышқа әлемде бірінші болып жерсерік ұшыруын үлкен үгіт-насихат науқанына айналдырды. Бірақ, Ресейдің коронавирусқа қарсы экспериментальдық вакцинасы алғаш рет осыдан екі айға жетер-жетпес уақыт бұрын небары 50 шақты адамға ғана сыналды. Және де сол екпенің өзгелерден артық екенін көрсететін ғылыми дәлел де жарияланған жоқ. Ғаламдық вакцина жарысына кеш қосылған ел неліктен қазір көш басында тұруы керек?

"Мені алаңдататын жайт сол – Ресей жасаған вакцина тиімсіз әрі қауіпті болып шығуы мүмкін. Бұлай жұмыс істемейді. Ең алдымен сынақ. Мұның маңызы зор", - дейді АҚШ-тың Джорджтаун университетінің ғаламдық денсаулық сақтау жөніндегі сарапшысы Лоуренс Гостин.

Ресейде екпе жасау ісін қаржыландырған Тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриевтің айтуынша, Мәскеудегі Гамалея зерттеу институтында жетілдірілген вакцина ғалымдар сынақтың үшінші фазасын аяқтамай тұрғанда, яғни, бірнеше күнде-ақ мақұлдануы мүмкін. Айта кетсек, әдетте экспериментальдық вакцинаның қауіпсіздігі мен жарамдылығын анықтау үшін зерттеудің шешуші кезеңіне мыңдаған адам тартылады. Себебі, жаңа препараттың зиянсыздығын тексерудің өзге жолы жоқ.

РФ Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко мәлімдегендей, "тәуекел еткен топтарға" вакцина осы айда ұсынылады. Алайда, сол адамдар вакцина "шартты түрде мақұлдау" алғаннан кейін жүргізілетін сынақтың үшінші фазасына кіре ме? Бұл жағы әзірге белгісіз.

Ресей премьер-министрінің орынбасары Татьяна Голикова уәде еткендей, жаңа екпені "индустриалық өндіру" жұмыстары қыркүйекте, ал Мурашконың сөзінше, оны халыққа жаппай егу науқаны қазанның басында басталады.

АҚШ-тың инфекциялық аурулар жөніндегі бас маманы, доктор Энтони Фаучи жаңа дәріні толық сынамай қолдануға қарсы. "Мен шын үміттенемін, Қытай мен Ресей вакцинаны әркімге салмас бұрын, оны сынақтан өткізіп алады. Себебі, тексерілмеген екпені таратуға дайынбыз деу - проблема", - дейді ол.

Осынау вакцина төңірегіндегі дау АҚШ, Ұлыбритания, Канада өкілдері өткен айда Ресейді Батыстан вакцинаны зерттеу мәліметтерін ұрлау үшін хакерлерді пайдаланды деп айыптаған соң өршіп отыр.

Вакцинаны бірінші болып жеткізу Кремль үшін – ұлттық мақтаныш мәселесі. Қазір Ресей АҚШ-пен де, Қытаймен де бәсекелесе алатын ғаламдық держава ретінде өз имиджін қалыптастыруға күш салып жатыр. Екпе жағынан да "әлемде бірінші болу" Ресейдің мемлекеттік ақпарат саясатында да үстемдік етіп, жергілікті медиада талай шенеунік вакцинаның сынақтан өтуі туралы жаңалықтарға жарыса мақтау айтты.

Биыл сәуірде президент Владимир Путин үкімет өкілдеріне түрлі дәрілердің клиникалық сынақ мерзімін қысқарту туралы бұйрық берді. Солардың қатарында коронавирусқа қарсы потенциалдық вакциналар да бар.

Ресей Клиникалық зерттеулер ұйымдары қауымдастығының мәліметінше, бұл бұйрық ғалымдарды өз алдарына қол жетпес мақсат қойып, билікке жағу үшін көзсіз жарысқа қосылуға мәжбүрлеп отыр.

Мамырдың соңында бұл ассоциация Гамалея институтының басшысы, профессор Александр Гинцбург пен өзге зерттеушілердің вакцинаны өздеріне сынағанына алғаш рет алаңдаушылық білдірді.

"Бұл қадам – клиникалық зерттеулердің негізін, Ресей заңдарын және жалпы мойындалған халықаралық нормаларды өрескел бұзу", - деп жазылған қауымдастықтың үкіметке жолдаған ашық хатында. Және де бұл топ сол үндеуінде ғалымдар мен денсаулық сақтау өкілдерін клиникалық зерттеулердің стандарттарын ұстануға шақырды.

Арада бір ай өткенде РФ Денсаулық сақтау министрлігі "Гамалея" препаратын клиникалық сынақтау өткізуге рұқсат берді. Маусымның 17-де басталған тәжірибеге 76 ерікті қатысты. Олардың кейбірі қарулы күштерден таңдалып, билік жауынгерлерді сынаққа қатысуға мәжбүрледі деген күдік туындады. Қатысушылардың жартысына вакцина сұйық формада егілсе, екінші бөлігіне екпе ерітілген ұнтақ ретінде берілген. Кейбір ақпарат

құралдарының хабарлауынша, әскерилердің ешқайсы жанама әсер байқалмағанын айтса, екінші топ өзге әсерлер туралы сөйлеген.

Дегенмен, бұл сынақтың нәтижелерін сипаттайтын ғылыми мәліметтер әлі жарияланған жоқ. Сондықтан, кейбір сарапшылардың ойынша, үкіметтің "жаңа препарат қажетті иммундық жауапты қайтара алады және оның жанама әсері жоқ" деген сөзіне илану қиын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, барлық кандидат-вакциналар жаппай егілерден бұрын сынақтың әр сатысынан өтуі керек. "Мұның белгіленген тәжірибесі мен принциптері бар", - дейді осы ұйымның өкілі Кристиан Линдмайер.

"Егер бұл вакцина адамдарды өлтіре бастаса немесе оларды ауруға шалдықтырса не болады?" - дейді Джорджтаун университетінің ғалымдары.

АҚШ-тың Халықаралық қатынастар кеңесінің денсаулық сақтау жөніндегі ғаламдық бағдарламасының директоры Томас Боллык "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында мәлімдегендей, тестілеудің барлық этапынан өтпеген вакциналар денсаулыққа кері әсер етіп, жалған қауіпсіздік сезімін туындатып, жалпы вакцинаға деген сенімді сетінетуі мүмкін.

"Кез-келген дәріні жасауға бірнеше жыл кетеді. "Гамалея" вакцинасын 76 адамға ғана сынап, тәжірибенің тек 1-2 фазасынан өткізіп, оны дайын өнім ретінде сату дұрыс емес", - дейді Ресей Клиникалық зерттеулер ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры Светлана Завидова.

Тағы бір айта кететін жайт, ДДСҰ-ның адамдарға сыналып жатқан кандидат-вакциналар тізімінде "Гамалея" сынақтың 1-ші фазасындағы өнім ретінде ғана көрсетілген.

Бұл – Ресей жасаған алғашқы даулы вакцина емес. Жыл басында Путин отандық ғалымдардың "Эболаға" қарсы ойлап тапқан препаратының "әлемде өте тиімділігін" және Африкада індетпен күреске шынайы үлес қосқанын мәлімдеген еді. Бірақ, Associated Press агенттігінің хабарлауынша, бұл вакцинаның "Қара құрлықта" кеңінен қолданылғанына дәлел жоқ. Сонымен қатар, 2018 жылы барлық сынақтан өтті деген ресейлік екпе былтыр ДДСҰ-ның кандидат-вакциналапр тізімінен ғана көрінген.

Ресей COVID-19 қарсы вакцинасын қазан айында жаппай еге бастамақ. Бірақ, соған дейін "Гамалея" сынақтың үшінші фазасынан өтіп үлгере ме, өтсе, оның нәтижесі қаншалықты сенімді болады? Болжамдарға қарағанда, тәжірибеге 1600 адам ғана тартылмақ. Салыстырып көрсек, мұндай зерттеулердің 3-ші әрі шешуші кезеңіне АҚШ-та 30 мың адам қатысайын деп отыр.

Дмитриевтің сөзінше, ресейлік вакцинаға Бразилия, Үндістан тәрізді бірқатар елдер қызығушылық танытып отыр.

Бірақ, Лоуренс Гостин мұны да алаңдатарлық жағдай деп есептейді. "Әлемде көп адам бар этиканы ойламай, тек вакцинаны қажет ететін", - дейді америкалық сарапшы.

Арыс Әділбекұлы


Telegram каналымызға жазылыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу