Венесуэлада халық толқуы күш алып барады

3405

Елдің іс басындағы президенті наразылығы үшін ұсталғандарға енді еш аяушылық болмайтынын мәлімдеді.

Венесуэлада халық толқуы күш алып барады Фото: Pedro Rances Mattey/Anadolu/picture alliance

Венесуэланың Agenzia Nova агенттігінің хабарлауынша, Мадуро шеруге шыққаны үшін тұтқындалғандарды "өте ауыр әрекеттерге" айыптады: олар сайлау орталықтарын өртегені, Ұлттық сайлау кеңесінің өңірлік штаб-пәтерін күйретіп, жойғаны, басқасы үшін сотталды. Венесуэлада "президенттік сайлаудың ресми қорытындылары айналасында туындаған дау-жанжал аясында" қамауға алынғандардың саны 2 мыңнан асып кетті. Бұл туралы іс басындағы президент Николас Мадуроның өзі мәлімдеді.

"Біз 2 мыңнан астам тұтқынды қолға түсірдік. Олар Токоронға және Токуйитоға аттанады. Оларға максималды жаза қолданылады. Бұл жолы ешқандай аяушылық болмайды!" – деді Мадуро. Бұл жерде ол қарқынды түрде салынып жатқан екі түрмені меңзеді. Президенттің тапсырмасымен олар 15 күн ішінде тездетіп, алғашқы сотталғандарды қабылдай бастауға тиіс. Құқықтанушылар онда адамдарға ешқандай жағдай жасалмайтынына назар аудартып, дабыл қағуда.

Мадуро Бас прокурордың басшылығымен "аса қатал сот процесі" өткізілгенін және шеру кезінде ұсталғандардың бәріне "кепілдендірілген түрде айыптау үкімі шығарылып, сотталғанын" жария етті.

Венесуэлада президенттік дода 2024 жылғы 28 шілдеде өтті. Ұлттық сайлау кеңесі оның қорытындысында Венесуэланың Біріккен социалистік партиясының кандидаты, іс басындағы президент Николас Мадуроны жеңімпаз деп таныды. Ол сайлаушылардың 6 408 844-інің немесе 51,95%-ның дауысын жиған-мыс. Оның басты қарсыласы, Демократиялық бірыңғай платформа үміткері Эдмундо Гонсалес 5 326 104 сайлаушының (43,18%) даусына ие болды деп жарияланды. Осыған сүйеніп, Мадуро өзінің қайта сайланғанын мәлімдеді.

Бірақ АҚШ Гонсалесті "Президент болып сайланды" деп отыр. Осы орайда Американың Бас хатшысы Энтони Блинкен Вашингтон іс басындағы президент Николас Мадуроны емес, оппозициялық бірлестіктің үміткері Эдмундо Гонсалесті Венесуэладағы президенттік сайлаудың заңды жеңімпазы ретінде мойындайтынын нықтады.

АҚШ Мемдепартаментінің басшысы өз мәлімдемесінде Венесуэланың Ұлттық сайлау кеңесі 28 маусымдағы сайлаудың егжей-тегжейлі нәтижелерін жарияламағанын еске салды.

"Демократиялық оппозиция хаттамалардың 80%-дан астамын жария етті. Оны олар сайлау учаскелерінен тікелей алғызған. Хаттамалар көрсеткендей, бұл сайлауда сайлаушылардың басым көпшілігі дауысын Эдмундо Гонсалес Уррутиаға берген", – деді Блинкен.

Оның айтуынша, венесуэлалық экзит-полдардың деректері де, шетелдік бақылаушылардың есептері де осыны растайды. Тәуелсіз экзит-полдардың мәліметінше, Гонсалес үшін сайлаушылардың кем дегенде 65%-ы, Мадуроға – 14%-дан 31%-ға дейінгісі ғана дауыс берген.

"Сайлау өткеннен кейін біз бүкіл әлем бойынша одақтастарымызбен және серіктестерімізбен кең ауқымды кеңес-консультациялар өткіздік. Түрлі елдердің бұған көзқарасы, реакциясы да әртүрлі. Алайда олардың ешқайсысы Николас Мадуроның қалайша көпшілік дауысқа ие болғанын түсіне алмады", – деді Энтони Блинкен.

Қазақстан Президенті осының алдында, 20 шілдеде Поль Кагамені Руанда Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, елінің өркендеуі жолындағы бастамаларына табыс тілеген болатын. Алайда Ақорда сайтында еліміздің көшбасшысының Мадуроны құттықтауы жоқ.

Шағымдарды жинап, тексерумен айналысатын Foro penal үкіметтік емес ұйымы тұтқындалғандар арасында балалар да көп екеніне назар аудартты: мысалы, президенттік сайлаулардың ертесіне, 29 шілдеде шерулерді басып-жаншу кезінде кем дегенде 90 жасөспірім ұсталған. Ол күні 939 адам абақтыға қамалды.

Бір аптадай созылып жатқан қарсылық акцияларында кем дегенде 11 адам қаза тапты. Халықтың толқуы жалғасуда. Соның аясында "іс басындағы президенттің жақтаушылары да көп" деп көрсету үшін ресми билік ел астанасы Каракастың көшелерін бюджет қызметкерлерімен толтыруға тырысуда.

Сонымен бір мезгілде оппозицияға қарсы қуғын-сүргін күшейтілетін болды. Билеуші Біріккен социалистік партиясының бірінші вице-президенті Диосдадо Кабельо сайлаудың ресми қорытындыларын мойындаудан бас тартатын адамдарға қарсы шара қолданылатынын мәлім етті. Тиісті заң қабылданып, оған сәйкес, сайлауға қатысатын және оның ресми қорытындыларын танымайтын кандидаттарға бұдан былай сайлауларға қатысуға қатаң тыйым салынбақ.

Agenzia Nova агенттігі Каракас сыртында, Валенсия, Маракайбо, Сан-Кристобаль сияқты көптеген қалада басталған наразылық шараларына мыңдаған венесуэлалық қатысып жатқанын хабарлады. Оппозиция лидері, билік сайлауға жібермей қойған экс-кандидат Мария Корина Мачадо басын қатерге тіге отырып, Каракаста шерушілер алдында сөз сөйледі. Демонстранттар тышқан өте алмас бітік қабырға құрып, полицияның оны тұтқындап әкетуіне жол бермеді.

"Біз бүгінде бұрын ешқашан болмағандай қуаттымыз! Диктаторлық режим дәл қазіргідей бұрын ешқашан әлсіз болмаған. Оның үстіне ол легитимділік атаулыдан жұрдай болды", – деді Мачадо ханым. Арқаланған халық оның сөзін "Еркіндік, еркіндік!" деген ұранға көмді.

Өз кезегінде Мадуро 2014 және 2017 жылдардағы бүліктермен салыстырғанда, бұл жолғы халық толқулары ұзаққа созылмайтынына, өйткені билік барлық айыптыларды аяусыз жазалайтынына уәде етті.

Осылайша, Ресей сияқты бірқатар оқшауланған елдерді қоспағанда, Мадуроны "сайланған президент" ретінде тануға дүниежүзіндегі көптеген озық ел асығатын емес. Ел ішінде Мадуроның қарсыластары қол жинап, наразылықтың саналуан акцияларын өткізуде. Венесуэланың көршілері іс басындағы президенттен түсініктеме сұрап отыр.

АҚШ-тың Бас хатшысы оппозициялық кандидат Эдмундо Гонсалесті "Венесуэла Президенті болып сайланды" деп тура атамағанымен, оны "сайлау науқанын табысты өткізуімен" құттықтады және венесуэлалық партияларды "елдің заңды сайланған Президентіне билікті бейбіт табыстау туралы келіссөздерді бастауға" шақырды. Егер олар Мадуро билігінің құқайынан қорықпай, келіссөз үстеліне отырса, АҚШ пен одақтастары оларға қолдау көрсетуге дайын екен.

Өз кезегінде Венесуэла оппозициясы төл ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасап, сайлауда Гонсалеске берілген дауыстар Мадуродан кем дегенде екі есе асып түскенін жариялады. Айта кетер жайт, Венесуэланың іс басындағы президенті билікті өз уысында сақтап қалу үшін қарсыластарына ортақ кандидатын жарыс жолына шығаруға мүмкіндік бермеуге тырысты. Оппозиция президенттік бәйгеге үкілеп қосқан алғашқы екі әйел кандидатты сайлау кеңесі тіркеуден бас тартты.

Би-Би-Си жазуынша, Венесуэламен көрші мемлекеттер – Бразилия, Мексика және Колумбияның президенттері Каракасты сайлаудың жалпы қорытынды сандарымен шектелмей, хаттамаларына, бүге-шігесіне дейін жариялауға шақырды. Үшеуі де қалыптасқан тығырықты жағдайдан шығу жолдарын іздеуде көмек ұсынды және зорлық-зомбылыққа жеткізбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды талап етті. Әйтпесе, 29 миллиондай халқы бар Венесуэлада халық толқулары жаппай бүлікке, репрессияға ұласса, онда босыған халық көрші елдерге ағылуы мүмкін.  

Кеше АҚШ пен Еуропалық Одақтың депутаттары бірлескен мәлімдеме жасап, Николас Мадуродан билікті заңды сайланған президентке ерікті түрде табыстауды талап етті. Егер бұдан бас тартса, Мадуроның халықаралық құқық аясында жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.

"Біздің үкіметтер Венесуэладағы жағдайды мұқият қадағалап отыр және егер венесуэлалық сайлаушылардың демократиялық ерік-жігерін елемеуін жалғастыратын болса, Мадуроны жауапкершілікке тарту бойынша бірлесе жұмыс істейтін болады. Мадуроның кезекті сайлауда қарсыласының жеңісін ұрлауына жол берілмейді", – делінген АҚШ Конгресінің баспасөз мәлімдемесінде. Мәлімдемеге қол қойған елдер арасында АҚШ-қа қоса, Армения, Бельгия, Чехия, Финляндия, Германия, Ирландия, Италия, Балтық елдері, Украина және басқа да мемлекеттердің парламентшілері бар.

Мадуро Венесуэланы 11 жылдан астам басқарып келеді. Осы кезеңде бұл ел халықтың жаппай босып, эмиграциялануын, гиперинфляцияны, ұлттық валютаның жеріне жете құнсызданып, елдің іс жүзінде долларға көшуін бастан өткерді. Мұнай қоры жөнінен әлемде №1 ел Венесуэлада мұнай өндірісі құлдырап, бұқарасы тақыр кедейге айналды.

Жалпы, бұған дейінгі президенттік сайлаулардан кейін де Венесуэлада халықтың наразылық акциялары бұрқ етіп, бірнеше айға созылған. Соған қарамастан, Мадуро мен Біріккен социалистік партия құламай, табан тіреп тұра алды. Автобус жүргізушісі, кәсіподақ қайраткерінен 2013 жылы президенттік лауазымға дейін өсе алған Мадуро бұл жолы да өліспей беріспейтінін нық білдірді. Мұның соңы неге соқтыратыны белгісіз.

Бірақ бұған дейінгі жылдардағы оның билігінің қорытындысы қазынаға бай Венесуэланы еш жақсылық күтіп тұрмағанын білдіргендей. BBC Mundo сарапшысы Анхель Бермудес Латын Америкасы құрлығының тарихындағы ең ірі миграциялық толқын дәл осы Мадуроның билігі тұсында болғанын еске салады. БҰҰ Жоғарғы комиссарының босқындар ісі басқармасының дерегінше, 7,7 миллион венесуэлалық атамекенін тастап, боқшасын арқалап, бөтен елдерге босуға мәжбүр болды. Бұл сол кездегі 34 миллион тұрғынның 22%-ы болатын.

Бұл көрсеткіш бойынша бейбіт Венесуэла ұзақ жылдар бойы аумағында қан-қасап соғыс жүріп жатқан Украинадан (6,5 млн) және Сириядан (5 млн босқын) асып түсті. Салыстырсақ, елден шетелдік инвесторлар қуылып, кен орындары жаппай национализацияланғанға дейін Венесуэла ауқатты болды және керісінше, Латын Америкасы, Оңтүстік Еуропа елдерінің мигранттарын ондаған жыл бойы қабылдап келді.

Онда неге бейбіт елден халық үдере қашты? Сарапшылардың байламынша, бұған зұлмат экономикалық дағдарыс, әлемдегі ең жоғары гиперинфляция, тұрғындардың қайыршылануы, азық-түліктің, дәрі-дәрмектің және басқа да негізгі өнімдердің жаппай тапшылығы (мұнай өндірісіне қатты тәуелді Венесуэла тауарлардың көбін шетелден тасиды) сияқты факторлар ықпал етті.

Мұның басты себептерін солақай саясатынан, өз үкіметінің қырсыз, сауатсыз істерінен іздеу орнына Мадуро сырттан жау тауып, бар бәлені Батыс елдеріне, соның ішінде АҚШ-қа жабумен әуестенді. Әйтсе де, Венесуэлаға да қатысты болған Американың санкциялары тек 2019 жылы енгізілді, экономикалық дағдарыс пен миграциялық толқын болса, одан көп бұрын басталды.

Мадуро билігі тұсында Венесуэла "Халықаралық қылмыстық сот адамзатқа қарсы қылмыстарға байланысты тергеуді қолға алған Латын Америкасындағы тұңғыш мемлекетке" айналды. Бұл тергеу 2017 жылғы саяси күйзеліс кезінде наразылық акцияларын қаталдықпен басып, шерушілерді қатыгез жазалауға байланысты басталды. Мадуро бұған қарсы шағым түсірген. Алайда 2024 жылғы наурызда Апелляциялық сот венесуэлалық үкіметтің өзін ақтайтын нақты дәлелдер келтіре алмағанына сілтеп, тергеулердің жалғасатыны туралы үкім шығарды.

Мадуро билік басына келген соң, 2013 жылы басталған алапат экономикалық дағдарыс кесірінен, 2021 жылға қарай Венесуэла жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 75%-ынан айрылды. Елдегі инфляция адам сенбес 130 000%-ға дейін жетті. Салдарынан, жергілікті бизнес пен банктер ұлттық валюта – боливардан бас тартып, долларға ауысып алды.

Каракастағы Андрес Бельо атындағы Католик университетінің зерттеуі көрсеткендей, Венесуэладағы кедей халықтың үлесі 2014 жылғы 48%-дан 2018 жылы 91%-ға жеткен. Содан бері тек нашарлауда.

Мадуро ел басқарған тұста елдегі мұнай өндірісі 1940-шы жылдардағы, яғни Екінші дүниежүзілік соғыс заманындағы деңгейге дейін құлдырады. Нақтылағанда, егер барланған мұнайының көптігі (300 миллиард баррельден асады) жөнінен әлемде алдына ел салмайтын Венесуэла 1998 жылы күніне 3,1 миллион баррель қара алтын өндірсе, көрсеткіші 2024 жылы 878 мың баррелге дейін құлдырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу