Вирустық гепатит әлемдегі әрбір үшінші тұрғынның денсаулығына кесірін тигізеді

4952

Бұл – 2 млрд-қа жуық адам деген сөз. Әлемдегі 325 млн адамда B немесе С вирустық гепатиті бар. B гепатиті жыл сайын 900 мыңға жуық адамның өмірін жалмайды.

Вирустық гепатит әлемдегі әрбір үшінші тұрғынның денсаулығына кесірін тигізеді

 Ал, Қазақстанда  "вирустық гепатит" бойынша 49 175 ересек пациент диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде 23 233 адамға "С гепатиті", 22 977 науқасқа "В гепатиті" және 1252 адамға "D гепатиті" диагнозы қойылған. Бұдан бөлек 5976 пациент бауыр циррозына, 500–ден аса тұрғын бауырдың гепатоцеллюлярлық карциномасы, холангиоцеллюлярлық карцинома ісігіне шалдыққан. С гепатиті бар науқастардың орташа өмір сүру ұзақтығы дені сау адамдарға қарағанда 15–20 жылға кем.Бұл орташа есеппен алғандағы көрсеткіш.

Бұл тақырыпты көтеріп отырғанымыз бекерден емес. 28 шілдеде әлем бойынша гепатитпен күрес күні аталып өтіледі. Отандық гепатолог мамандар 2018–2020 жыл аралығында 30 мыңнан аса науқасты С гепатитінен емдеп шығарды. Бұдан бөлек елімізде 1998 жылдан бері дүние есігін ашқан нәрестелерге вирусты гепатит жұқтырудан қорғайтын вакцина салынады.

Қауіпті індетке қатысты сұрақтарымызды елордадағы гепатологиялық орталықтың басшысы Күнсұлу Шамсивалиеваға қойдық.

– Күнсұлу Аманжолқызы, гепатитпен ауыратын науқастың орташа өмір сүру ұзақтығы қандай? Ал үзбей ем алып жүргендер қанша жыл өмір сүреді?

– С гепатитімен ауыратын науқастардың 70–80%–ында ауруды жұқтырған сәтінен бастап 20–30 жылдан кейін бауыр циррозы және бауыр жеткіліксіздігі аурулары дамиды. Белсенді емес В гепатитімен ауыратындар бұл ауруға шалдықпағандармен бірдей өмір сүреді. Десек те, нақты айту мүмкін емес. Себебі барлығы да пациенттің клиникалық жағдайына байланысты. Егер пациент өзінде вирустық гепатит бар екенін білсе (біз созылмалы формалар туралы айтып отырмыз), міндетті түрде гепатолог маманның бақылауында болуы керек. Кейде бауыр жасушаларында өзгерістер аз болып, жұқтыру сәтінен кейін көптеген жылдар өтсе де болмайды. Бұл вируспен ұзақ өмір сүруге болатындығын көрсетеді. Кешенді емдеу шаралары нәтижесінде науқастар 65–70 жасқа дейін өмір сүреді.

– Гепатиттің қанша түрі бар? Ол қалай беріледі? Ең қауіпті түрі қандай?

– Вирустық гепатит ең қауіпті әрі кең таралған жұқпалы аурулар қатарына жатады. Вирустық гепатитті туғызатын А, В, С, Д, Е, F, G вирустары мен басқа да анықталмаған вирустар бар. Бұлардың бәрі де белгілі бір дәрежеде қауіпті. Ішек инфекцияларының тобына А, Е вирустық гепатиті жатса, парентеральді (инфекция зақымданған қан немесе өзге биологиялық сұйықтықтармен жанасқанда пайда болады) инфекциялар тобына В, С, Д вирустық гепатиті және басқалары жатады. А және Е вирустары жіті гепатиттің пайда болуына әкелсе, В, С, Д вирустары созымалы гепатит туғызады. А, Е вирустық гепатиті кір қол, жуылмаған көкөніс пен жидектер, шикі сүт, термиялық өңдеуден дұрыс өтпеген және аспаздық өңдеу процесінде ластанған өнімдер, инфекцияланған ауыз суды пайдалану, ластанған су қоймаларында шомылу кезінде жұғады. Ал, парентеральды гепатит инфекциясы анадан балаға берілуі мүмкін. Бұдан бөлек, косметикалық процедураларға (маникюр, педикюр және басқалар) арналған ортақ құралдарды пайдалану, гепатит жұқтырған адамның қанымен зақымданған заттарды (қырыну құралдары, тіс щеткалары, тырнақ қайшылары) қолданған кезде, қан құйғанда және нашақорлар ортақ шприцтерді пайдалану кезінде беріледі. Бұдан бөлек бейберекет жыныстық қатынас кезінде де парентеральды гепатит инфекциясын жұқтыру қаупі бар.

– С гепатитінің асқыну салдары бауырдың қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін бе?

– С гепатитінің асқынған жағдайлары емделмеген болса бауыр циррозына әкеледі. Бауырдың бастапқы қатерлі ісігінің дамуына келетін болсақ, ол барлық адамдарда дамымайды. Тек қана бауыр циррозы бар науқастарда болады. Оның өзінде аурудың пайда болу ықтималдығы 3,5%–ды ғана құрауы мүмкін.

– Гепатиттің алдын алуға бола ма?

– Вирустық гепатиттің алдын–алу туралы айтқан кезде біз оның берілу жолдарына тоқталуымыз керек. Ішек инфекциялары тобына жататын гепатиттердің (А, Е) алдын–алу шараларына салауатты өмір салтын ұстану, халықты сапалы ауыз су және азық–түлікпен қамтамасыз ету, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, адамдардың жеке гигиена ережелерін сақтауы, халықтың санитариялық сауаттылығы жатады.

Парентеральді гепатиттердің (В, С, Д) алдын алуда жоғарыда айтқан ережелерді ескерген жөн. Бұдан бөлек ұстара, қайшы, тіс щеткалары мен басқа да жеке гигиеналық заттарды басқа адамдармен ортақ пайдалануға болмайды. Татуировка немесе пирсинг жасатарда құралдардың зарарсыздығын қадағалаған жөн.

– Бұл тұста вакцинация қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

– Оның тиімділігі даусыз. Вакцинация кезінде табиғи шешек, полиомиелит сияқты аурулардан арылуға мүмкіндік берді. Елімізде бекітілген Ұлттық егу күнтізбесі бойынша А гепатитіне қарсы егулер 2 жастағы балаларға жүргізіледі. 6 айдан кейін оларға ревакцинация жасалады. В гепатитіне қарсы екпе перзентханада жаңа туған нәрестелерге, 2 айлық және 4 айлық сәбилерге жасалады. Сонымен қатар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша ересектер де алады.

– Гепатит екпесіне қарсы көрсетімдер бар ма?

– Әрине бар. Оған иммун тапшылығы жағдайлары жатады: онкология, жүктілік, ЖИТС, қанның қатерлі ісігі, алдында енгізілген вакцинаға аллергия. Ондай кезде гепатитке қарсы екпе алуға болмайды.

– Науқас өзінің диагнозы туралы білмеуі мүмкін бе?

– Созылмалы вирустық гепатиттер көбінесе симптомсыз жүретіндіктен, шағымдар бауыр циррозы түрінде асқынулар болған кезде ғана пайда болады. Көбінесе донорлық қан тапсыру, отаға дайындық немесе вирустық гепатиттің маркерлеріне қан анализі қажет болған кезде зертханалық зерттеулерден анықталып жатады. Гепатитке зерттеудің оң нәтижесі бар пациенттермен сөйлесу барысында оларда жалпы әлсіздік, шаршау, бас ауруы, эмоционалды тұрақсыздық, тітіркену, жылау, депрессиялық көңіл–күй, тәбеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы, іштің оң жағындағы ауырсынулар, жүрек айну, буынның ауырсынуы сияқты белгілердің болғандығын анықтадық.

Әдетте пациенттер мен олардың айналасындағы адамдар бұл белгілерді байқамайды. Мұны олардың мінез–құлық ерекшеліктерімен немесе өмір сүру салтымен байланыстыруы мүмкін.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу