Visa мен MasterCard транзакциядан табыс табады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3776

Алматылықтар төлем карталарынан 2 млрд, астаналықтар 951 млрд теңге алған.

Visa мен MasterCard транзакциядан табыс табады

Ел азаматтары жыл басынан бері отандық банк-эмитенттердің төлем карталарынан 8,6 трлн теңге ақша алған. Нәтижесінде төлем картасындағы қаражатты қол ақшасына айналдыру көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 26,4%-ға ұлғайған. Төлем картасын ұстаушылардың 95,3%-ы Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде Visa және MasterCard халықаралық төлем жүйесінің қызметіне жүгінген.

"2016 жылдан бері төлем картасы нарығында MasterCard алдыңғы орында тұр. 2018 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында MasterCard төлем карталарынан алынған ақша 70,7%-ға жетіп, 2,7 трлн теңгені құрады", – деп жазды Ranking.kz.

Айта кетейік, MasterCard трансұлттық қаржы корпорациясы әлемнің 210 елінің 22 мың қаржы ұйымын біріктіріп отырған халықаралық төлем жүйесі. Қазақстанда 10,2 млн адам MasterCard төлем картасын қолданады.

Visa төлем картасының қолданушылары MasterCard төлем картасының қолданушыларынан көп болғанына (Қазақстанда 13,3 млн адам Visa төлем картасын қолданады - автор) қарамастан, төлем картасынан ақша алу көрсеткішінде көш кейін келеді. Бұған биыл Visa төлем картасынан ақша алған азаматтардың 17,7%-ды ғана құрағаны дәлел.

Төлем картасындағы қаражатты қол ақшасына айналдыру көрсеткішінде Алматы, Астана қалаларының тұрғындары алда тұр. Алматылықтар осы күнге дейін төлем карталарынан 2 млрд теңге алып, өткен жылғы нәтижені 21,4%-ға еселесе, елордалықтар 951 млрд теңгені қол ақшасына айналдырып, былтырғы көрсеткішті 23,6%-ға арттырған.

Бұл жерде төлем картасынан алынған ақшаның қайсы айлық жалақы, қайсы несие екені нақтыланбаған. Осы тұрғыдан қарастырсақ, ел азаматтарының шекесі шылқып жүр деуге болмайды.

Бізді трансұлттық төлем жүйесінің транзакциядан тапқан табысы да ойландыруға тиіс. Әр транзакциядан 0,5-1% комиссия ұсталатынын назарға алсақ, Visa және MasterCard халықаралық төлем жүйелерінің 8,6 трлн теңгеден қыруар қаржы қарпығаны және бұл табыстың шетел асқаны айқындалады. Неге бұлай дегенге келсек, Қазақстанда ұлттық төлем жүйесі жоқ, ол трансұлттық төлем жүйесіне тәуелді. Дәл осы тәуелділік бізді төлем транзакциясынан түсетін табыстың бір бөлігін халықаралық төлем жүйесіне аударуға мәжбүрлейді.

Айта кетейік, тамыз айында елімізде 17,8 млн адамның трансұлттық төлем жүйесінің карталарын қолданып жүргені белгілі болды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу