Владимир Школьниктің жаңа қызметі жария болды

2116

Астанада жұмысын бастаған Пагуош ғалымдар қозғалысының 62-конференциясында елең етерлік екі жаңалық жария болды.

Владимир Школьниктің жаңа қызметі жария болды

Біріншіден, алдағы аптада елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық "төмен байытылған уран банкін" ашатын болыпты. Өскемендегі бұл банктен әлемдегі атом электр стансаларына кепілді түрде ядролық отын жеткізілетіні белгілі.

Екіншіден, 2009 жылдан бері ұзақ жыл "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясын басқарған, 2014 жылдан 2016 жылғы наурызға дейін энергетика министрі орынтағын жайлаған, кейін саяси сахнадан кенет шығып қалған Владимир Школьниктің жаңа қызметі белгілі болды. Ол енді қазақстандық Пагуош комитетінің төрағасы лауазымын атқарады. Владимир Школьник мырза бүгін конференцияның бірінші күнінің соңында аз-кем тіл қатып, форум жұмысын өз сөзімен түйіндеді. Айтқандай, ол шенеунік болып жүріп, ғылымды игерген: қазір физика-математика ғылымдарының докторы.

Ал одан бұрын, таңертең конференцияны ашқан сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біз ғалымдардың бұл қозғалысы жұмысына таяуда құрылған "Пагуош қозғалысының қазақстандық комитеті" арқылы белсенді қатысуға ниеттіміз" деп хабарлады.

Түсіндіре кетер болсақ, қозғалыс әу бастан Канададағы Пагуош (Pugwash) елдімекенінің атауымен аталған екен. 1957 жылдың 7-10 шілдесі аралығында сол Пагуошта алғаш рет ғалымдардың халықаралық кездесуі өтіп, сонда ғылым өкілдері өздерінің тар тақырыптарынан самғап шығып, жаһандық саясатқа, соның ішінде дәл сол тұста күйіп тұрған ядролық соғыс мәселесіне құлаш ұрыпты.

Бүгінде қозғалыс "халықаралық үкіметтік емес ұйым" мәртебесінде бейбітшілікті, қарусыздануды, қауіпсіздікті һәм халықаралық ынтымақтастықты жақтайтын әлемдегі көптеген ғалымдарды, саяси және қоғам қайраткерлерін біріктіреді.  

1995 жылы Пагуош қозғалысына және оның негізін қалаушылардың бірі Дж.Ротблатқа халықаралық саясатта ядролық қарудың рөлін төмендетуге бағытталған көпжылғы күш-жігері үшін "Нобельдің бейбітшілік сыйлығы" тағайындалды.

Бір қызығы, ғалымдардың жаһандық бұл қозғалысының іргесін қалаған 10 Нобель сыйлығының иегерлері арасында атақты Эйнштейн болған екен.

"Біздің конференция осы қозғалыстың 60-шы мерейтойына арналып құрылды. Одан бұрын Бертран Рассел мен Альберт Эйнштейн 1955 жылы Лондон манифестіне қол қойған болатын. Бұл – Эйнштейн көз жұмғанға дейін қол қойған соңғы тарихи құжат саналады", – деп хабарлады елордадағы жиын аясында Пагуош қозғалысының президенті, БҰҰ бас хатшысының бұрынғы орынбасары Джаянта Данапала.

Ал Астанада болса, Паугош қозғалысының конференциясы аясында 46 елден келген 200-ге тарта делегат алдағы сейсенбіге дейін "Жаңа ядролық қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл" мәселелерін талқыға салмақ. Форумда Пагуош ғалымдар қозғалысына қатысушылар, Біріккен Ұлттар Ұйымының, халықаралық ұйымдардың, Қазақстандағы дипломатиялық корпустардың өкілдері, көрнекті саяси қайраткерлер мен қауіпсіздік саласындағы халықаралық сарапшылар бас қосып отыр.

Олардың алдында қазақ және ағылшын тілдерінде сөз сөйлеген сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстағы және ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайтудағы Қазақстанның жетекші рөлін атап өтті.

"Кең байтақ Қазақстан жерінде баршамызды атом соғысы мен ядролық техногендік апаттар қатері болмайтын әлем құру деген ұмтылысымыз біріктіріп отыр. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен өзіне алған халықаралық міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ядролық қаруды таратпау ісіне сүбелі үлесін қосып келеді. Сондықтан әлемдік қоғамдастық Қазақстанды ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы деп таниды. Қазақстанның іргесін қалаған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл адамзаттың бейбіт өмір сүруі мен тұрақты болашағы үшін күрес жолындағы аса көрнекті үлесінің тарихи маңызы зор. Мемлекет басшысының 1991 жылы Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қарудың қуаты жағынан әлемдегі төртінші арсеналынан бас тарту туралы шешімдері жаһандық қауіпсіздікке қарай жасаған жауапты қадамның теңдесі жоқ үлгісі", – деп нықтады сенат басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуалдың шиеленісуін ескере келіп, мемлекет басшысының Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларациясын қабылдау, сондай-ақ адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты ретінде БҰҰ-ның 100 жылдығына орай, 2045 жылы "толықтай ядролық қарудан арылу" туралы ұсыныстарының маңыздылығын атап өтті.

"Қазақстан "ядролық нөлге" қол жеткізуге бағытталған іс-қимылға саналы балама жоқ екеніне нық сенеді", – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ядролық текетірестің қаупі мен сұрапылдығы туралы ескертілген "Әлем. XXI ғасыр" манифесіне конференцияға қатысушылардың назарын аударды. Жоғарғы палата басшысы қауіпсіз әлем құру үшін халықаралық сенім шаралары мен ынтымақтастықтың маңызды екеніне тоқтала келіп, осындай әлем құрылысын қалыптастыруда БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің ерекше рөлін атап көрсетті.

Сенат төрағасы ыдырағыш материалдардың өндірісін, пайдалануы мен жойылуына халықаралық бақылауды күшейтуге, осы саладағы тиімді тексеру тетіктері мен құралдарын жасаудағы жұмыстарды жалғастыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда МАГАТЭ-нің халықаралық төмен байытылған уран банкі іске қосылғанда, атом энергетикасын дамытатын барлық елдердің сұраныстарын қанағаттандыру үшін кепілдендірілген жағдаймен қамтамасыз етілетініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, төмен байытылған уран банкі биылғы 29 тамызда салтанатты түрде пайдалануға беріледі.

"Біздің әл-ауқатты болашағымыз энергияны, соның ішінде атом қуатын алудың сенімді әрі қауіпсіз технологияларына байланысты болады. Чернобыль мен Фукусима мысалы атом энергетикасындағы инженерлік қателіктердің бағасы тым жоғары болатынын көрсетті. Сол себепті сәулелі қуат алудың жаңа технологияларын жасау кезінде олардың барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шараларды толық қабылдаған абзал", – деген Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорыта келе, ғалымдардың Пагуош қозғалысының осы конференциясы ядролық қауіпсіздік мәселелерін сындарлы шешуге лайықты үлес қосады деп үміттенетінін білдірді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу