Ғалымдар зілзаланың болатын күнін алдын ала болжауға әлі күнге үйренген жоқ. Демек, бұл апат балалар сабақта отырғанда болуы ғажап емес. Сондықтан қала билігі 93 мектептің оқушыларын 20 ақпаннан бастап, ғимараттары сейсмикалық төзімді басқа оқу орындарына ауыстыра бастауға шешім қабылдады. Бұл туралы Ыстамбұл губернаторы Әли Ерликая (Ali Yerlikaya) мәлімдеді.
TRT Haber хабарлауынша, Еуропа мен Азияның қақ ортасында орналасқан алып қала болуы ықтимал жойқын апатқа дайындыққа кірісті.
"Ыстамбұл әкімдігі 20 ақпан, дүйсенбі күні қаладағы қауіп төнген 93 мектептің оқушылары жер сілкінісіне шыдамды, қауіпсіз мектептерге ауыстырылатынын және білім алуын жалғастыратынын мәлімдеді. Губернаторлық жасаған жазбаша мәлімдемеде айтылғандай, 1999 жылы 17 тамызда орын алған Мармара жер сілкінісінен кейінгі ықтимал жер сілкіністерінің қалаға жойқын әсерлерін барынша азайту үшін 2006 жылы Ыстамбұл Жоба үйлестіру бөлімі (İstanbul Proje Koordinasyon Birimi) құрылған. Осы бөлім жүргізген Ыстамбұлда сейсмикалық тәуекелді азайту жобасы (ISMEP) аясында қалада 1999 жылға дейін салынған 1 418 мектеп зерттелді. Қорытындысында, оның тек 67-сі ғана жер сілкінісіне төзімді деп танылды", – деп мәлім етті TRT Haber.
Ал орта білім ордаларының басым көпшілігі, 1351-і қауіпті деп танылған.
Онда неге тек 93 мектеп қана жабылады? Өйткені қала зілзалаға бұрыннан біршама дайындалып жатыр екен. Соңғы 17 жыл ішінде әлгі қауіп аймағына тап болған 1351 мектептің 769-ы нығайтылған. Тағы 367 мектеп бұзылып, қайта салынған. 87 мектепте басқа мекемелер мен ұйымдар реконструкция жүргізген.
Сонда қалған 128 қауіпті мектептің 109-ы алда бұзылып, қайта салынуға тиіс. Ал 19-ында жер сілкінісіне төзімділігі жете зерттеліп, сараптамадан өткізіліп, нығайтылуы шарт. Оның үстіне былтыр осы қауіпті 128 мектептің 35-інен оқушылар көшірілгені белгілі болды.
Балаларды қабылдайтын мектептерді қайта құру және жете жабдықтау жобалары басталыпты.
"Зерттеу қорытындысында бүгінгі таңда қалада қалған 93 қауіпті мектептің 76-сын бұзып, қайта салу, тағы 17-сін нығайту туралы шешім қабылданды. Дүйсенбі, 2023 жылдың 20 ақпанында 93 қауіпті мектептен оқушыларды көшіру басталады. Бұл шара оқу орындарымен, аудан басшыларымен, провинциялық және аудандық ұлттық білім басқармаларымен келісілді. Балалар оқуын тоқтатпайды, қауіпсіз мектептерде білім алуын жалғастырады. Оқушылар оларға алыстан қатынап оқуы үшін мектептер қажеттінше автобуспен қамтылады", – деп сендірді Ыстамбұл басшылығы.
Жалпы алғанда, қауіп төнген 93 мектептен 51 мың 995 оқушыны және 2 765 педагогты өзге мектептерге ауыстыруға тура келмек. Бұл әрине, көлік саласына салмағын түсіргелі тұр. Қауіпсіз мектептер қаланың әр түкпірінде орналасқан. Бірақ соған бола, көшеге айғайлап шығып, наразылық білдіріп, шеру өткізіп жатқан жан жоқ.
Ә.Ерликая оқушыларға, олардың ата-аналарына және мұғалімдерге түсіністік пен тағат-төзім танытқаны үшін алғыс айтты.
Түрік басылымдары зілзалада күл-талқан болып қирауы ықтимал мектептердің тізімін жариялауда. 2003 жылы Ыстамбұлда, оның Зейтинбурну ауданында Абай атындағы мектеп ашылған болатын. Қазақстан оны арагідік оқу құралдарымен қамтамасыз етіп тұратын. Бірақ "қара тізімде" ол жоқ.
Жалпы, жергілікті қазақтардың айтуынша, Ыстамбұлда бүгінде таза қазақ мектебі жоқ. Оның үстіне оқулықтарды табу қиын, қаладағы кітап дүкендері қазақша оқулықтарды сатпайды.
Бұған қоса, Ыстамбұлдағы қазақ диаспорасын Қазақстаннан ХХ ғасырдың бас жағында ауған қазақтар, Иран, Сирия, Ауғанстан, Таяу Шығыстан көшкен қазақтар құрайды. Олардың балалары ассимиляцияланып үлгерген, негізінен қазақша білмейді. Сұраныс та шамалы.
Израиль әлемнің кез келген елінде тұратын еврей балаларға ата-анасынсыз келіп, жергілікті мектепте оқуға түрлі, қызықты бағдарламаларын ұсынады, соған барлық жағдай жасайды, баспана береді.
Ал Қазақстан Ыстамбұлдағы ұлты қазақ оқушыларды оқуын атажұртта жалғастыруға еш қызықтыра алмаса керек. Бізде өз оқушыларымыз интернатқа, студенттеріміз жатақханаға зәру. Дегенмен, егер түркиялық жоғарғы сынып оқушылары қазақстандық жоғарғы оқу орнына түскісі келсе, салмақты жеңілдікпен қабылданады: қандастарға арнайы квотамен мемлекеттік гранттар қарастырылған.
Ресейлік, ішінара қазақстандық ақпарат құралдары Ыстамбұлда зілзала болса, қала толық жермен-жексен болады дегенге келтіріп, үрей тудырып жатыр.
Ал Ыстамбұл мэриясының дерегінше, қалада жер сілкінісі кезінде құлау қаупі жоғары 318 тұрғын үйде шамамен 10 мың тұрғын тұрады. Тағы 1 525 ғимараттың күйреу қаупі жоғарғы.
Мэрия өкілі Бугра Гөкче қала басшылығы ол ғимараттардан тұрғындар мен арендаторларды көшіруге көмектесуге кірісетінін жариялады.
Ыстамбұлда туристерді қоспағанда, 16 миллионнан астам тұрғын тіркелген.