Сәрсенбі, 23 сәуірде Ыстанбұлда үш рет жер сілкінісі болды. Олардың ең күштісі магнитудасы 6,2-ге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты dw басылымына сілтеме жасап.
Жер сілкінісінің ошағы Мәрмәр теңізінде, 7 шақырым тереңдікте, түрік мегаполисінен шамамен 60 шақырым жерде орналасқан. Бұл соңғы 25 жылдағы аймақтағы ең күшті жер сілкінісі болды.
"Бірнеше сағат ішінде 127 афтершок тіркелген, олардың ең күштісі магнитудасы 5,9 болды", – деді Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая.
Елдегі геофизикалық зерттеу орталығы жақын арада аймақта күшті жер сілкінісі болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағып отыр.
15 миллионнан астам халқы бар түрік мегаполисі жер сілкінісіне дайын емес, өйткені қала тығыз салынған және қала ішінде ашық кеңістіктер қол жетімсіз.
Ыстанбұлдың көптеген тұрғыны жер сілкінісі туралы SMS хабарлама алмаған, дегенмен мұндай жүйе бар.