Қазақстанның арғы-бергі тарихында тұңғыш рет сиыр етінің бағасы жылқы етінен асып түсті.
Бұл тек басы ғана сияқты, сиыр етінің құны әрі қарай өсуде. Статистика мамандары мұның бірнеше себебін атады.
Біріншіден, елде ет өндірісі құлдырауда. Бір ғана ай ішінде 3%-ға жуық азайып кетті. Өткен наурыз айында республикада төрт түліктің барлық түрін қоса алғанда небәрі 6,8 мың тонна ет өндірілді.
Бұл тіпті кезекті антирекорд тіркелген ақпан айындағыдан да 2,9%-ға кем.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, есіл-дерті етке ауып тұратын халқымызды тауық құтқарып тұр.
Наурыз айында Қазақстанда сиыр, жылқы, қой мен ешкіні қоса алғандағыдан екі еседей көп – 13,9 мың тонна құс еті өндірілді. Бұл ақпан айымен салыстырғанда 3,1%-ға жоғары.
Сиыр етінің азаюы өзге өндіріс салаларына да соққы болды. Атап айтқанда, өткен айда шұжық-колбаса өндірісі 2,6%-ға құлдырады, 6,2 мың тоннасы ғана жасалған.
Статорганның мәліметінше, Қазақстанда 1990 жылы 10 миллиондай (9 млн 819 мың) ірі қара мал болыпты.
Керісінше, көп кеміген екен: 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 8 млн 895,7 мың ірі қара қалды.
Бүгінде елдегі жылқы саны – 4 млн 444,6 мыңды (1990 жылы – 1 млн 618,8 мың болған), қой мен ешкі саны – 22 млн 650,7 мыңды (1990 жылы – 36 млн 222,7 мың), құс саны – 48 млн 626 мыңды құрайды.
Сиырлар мен бұқалардың 46,7%-ы – қорасында мал ұстайтын ауылдықтардың қолында шоғырланған. Тағы 43,7%-ы – шаруа және фермер шаруашылықтары мен жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Небәрі 9,6%-ын ғана – ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өсіріп, бағып, бордақылап жатыр.
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеевтің айтуынша, ет бағасының бұлайша өсіп кетуі – тұтынушыларды жаппай жабықтыратын жаңалық. Бірақ бұл қымбатшылық әрине, өндірушілерді қуантады.
"Біз дәл қазір мал шаруашылығының алтын ғасыры туып жатқанына куә болудамыз. Өйткені ет бағасының қымбаттауы жағдайында мал шаруашылығымен – оның кез келген түрімен айналысу өте тиімді кәсіпке айналды. Сондықтан осы салаға жаңа бизнесмендер, фермерлер келеді, олар қаптатып сиыр сатып алып, етке сату үшін мал бордақылауға кіріседі деп күтуге болады", – деді Ербол Есенеев.
Бірақ елде мал шаруашылығының әрі қарай қалай дамитыны белгісіз, ол бірнеше жайтқа, соның ішінде мемқолдауға тәуелді болады.
Екіншіден, сарапшының айтуынша, сиыр өсіру үшін Қазақстан қолайлы емес, сондықтан бұл малдың басы әрі қарай азайып, еті қымбаттай беруі мүмкін.
Өйткені әлгіндегі статистикадан байқалғандай, мысалы, ел егемендік алғалы, 1990 жылдан бері жылқы саны 4 еседей көбейген. Ал, сиыр саны шамалы өспек түгіл, қатты кеміп кетті.
"Қазақстанда бізге сырттан таңылған тұтыну мәдениеті одан әрі белең алып келеді. Қазақ елі байырғы замандардан бері негізінен жылқы мен қой етін жеген. Жеңсік асы сол. Қазіргі кезде, керісінше, біздің рационымыздағы, ас мәзіріміздегі негізгі ет ақуызын сиыр еті құрайды. Тиісінше, мал шаруашылығын дамытуда ірі қара малды өсіруге негізгі екпін түсіріледі. Шынында, сиыр өсіру бағыты Қазақстан үшін мүлдем перспективті емес!", – деді Есенеев.
Бұл ретте сарапшы Халықаралық эпизоотикалық бюро дерегіне сілтеме жасады. Ұйым мамандары ежелгі замандарда таза болған Қазақстан территориясы бүгінде дәл осы ірі қара малдың әртүрлі ауруларының көптеген ошағына толы екеніне назар аудартты.
Ауыл шаруашылығы мамандары мал бағу ісін сапалы басқармаса, қатаң ветеринариялық бақылауда ұстамаса, бұл жұқпалы індеттер ары қарай өршіп, малдың қырылуына соқтыруы, адамға жұғуы мүмкін екенін ескертеді.
Бұған қоса, сарапшылар Қазақстанда сиыр етін өндірудің өзіндік құны жоғарылап кеткенін қаперге салды. Өйткені облыстардың басым көпшілігінде сиырлар қар түсіп, мұз қатқан соң сыртта жайыла алмайды, қолға қарап, қысқы маусымда қорада ұстауды қажетсінеді.
Мұнда ірі қара мал ұсақ малға қарағанда азықжемді көп жейтіні белгілі. Осындай жағдайда өзіндік құнының қымбат болуы салдарынан қазақстандық сиыр еті малдары жыл он екі ай жайылымда жайылатын елдердің етімен бәсекелесе алмайды.
Міне, сондықтан қазіргі уақытта сиыр етін экспорттау бойынша жаһандық ондыққа негізінен біраз өңірінде қыс болмайтын немесе қысы жұмсақ елдер кіреді. Бұлар – АҚШ (әлемдегі бүкіл еттің 20%-ын бір өзі береді), Бразилия (дүниежүзіндегі үлесі 15%, еттің 80%-ын бір ғана зебу тұқымды бұқалардан алады), Еуропалық Одақ (13%), Қытай (11,5%), Аргентина, Австралия, Мексика, Пәкістан, Түркия.
Сарапшылар Қазақстанға сиыр өсіру орнына дәстүрлі "шалғайдағы мал шаруашылығын" (отгонное животноводство) дамытуға оралуды ұсынып жүр. Мәселе елді мекендерден шалғайда орналасқан жайылымдарда қой және жылқы өсіру туралы болып отыр. Қазіргі кезде олар бос жатыр деуге болады.
"ElDala" мамандандырылған порталы шалғайдағы мал шаруашылығының көптеген артықшылығы барын, соның ішіндегі бастысы – еттің өзіндік құны әлдеқайда арзан болып шығатынын алға тартты. Қияндағы жайлауларда өсіп-өнетін мал үшін жұқпалы аурулармен ауыру қаупі де азаяды. Шөпті көп көлемде шауып, алысқа тасудың қажеті жоқ, бәрі жанында. Ұры-қары да жете бермейді.
Сонымен қатар, қойлар мен жылқылар қары қалың емес жерлерде тебіндеп, өз азығын өзі таба алады. Соның нәтижесінде жайлауда еркін, бұла өскен жылқы мен қой-ешкі еті сиыр етінен көп арзан болып шығады.
"Қарасаңыз, қазірдің өзінде базардағы ең арзанға алуға болатын мал еті – жылқы еті. Біз жылқы басы бойынша 4 миллиондық межені еңсердік. Осының арқасында енді жыл сайын 1,5-2 миллион жылқыны союға бағыттай аламыз. 20 миллион қазақстандық мұнша көлемде жылқы етін тұтынбайды. Ұсыныстың сұраныстан асып түсуі нарықта жылқы етінің артылып қалуына және бағасының түсуіне ықпал етті", – деді Ербол Есенеев.
Бірақ бұл жағдай кері эффект тудырды: жылқы еті арзан болғандықтан, оны жейтіндер де көбейе бастады.
Сарапшылардың мәліметінше, бүгінде Астанада сиыр етінің 1 келісінің көтерме бағасы – 3 200-3 300 теңгеге дейін жоғарылады, ал, жылқы етінің көтерме бағасы – 2 500-2 700 теңгеге дейін түскен.
Алайда бөлшек саудада бағалар өзгереді. Дегенмен, көтерме бағадағы 700-800 теңге айырмашылық жылқы етін сатушыларға саудаласқан сатып алушысына жақсырақ баға ұсынуы бойынша маневр үшін өріс береді.
Бірақ жылқы бағасы да алда өсіп кетуі мүмкін. Себебі, қазақстандық жылқы етіне Еуропалық Одақ, Жапония, Өзбекстан, Түркия және басқа елдерден сұраныс өсе бастады. Өзбектерде палауға жылқы етін қосатын және төбесін қазымен әшекейлейтін дәстүр пайда болды.
Қамбар ата түлегін өсірушілер артылған етті арзанға сата салмай, халықаралық нарықтарға бағдарлауы мүмкін.