Заңсыз аңшылықты жеткізген тұрғынға сыйақы төленуі мүмкін

1938

Браконьерлерлерді 7 жылға соттап, мүлкін тәркілеу қарастырылуда.

Заңсыз аңшылықты жеткізген тұрғынға сыйақы төленуі мүмкін

"Киік – қазақ елінің бренді" деген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев биылдың өзінде заңсыз түрде киік атудың 38 оқиғасы тіркеліп, аңшылардан киіктің 252 мүйізі мен 390 тұтас еті тәркіленгенін айтты. Осындай қаскөйліктің алдын алу мақсатында, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратурамен бірлесіп  "Охотзоопром" ӨБ күштерімен ұйымдастырылған тұрақты түрде табиғатты қорғаудың "Киік" атты ауқымды іс-шарасы басталды. Осы шара аясында, киіктерді атуға шығатын браконьерлік ұйымдасқан қылмыстық топтар анықталып, қаскөй аңшылардың "олжаларын" сатушылар мен сатып алушыларды құрықтау күшейеді.

Вице-министр Ерлан Нысанбаев балық аулау торлары туралы да айырықша айтып кетті.

"Мамыр айында бір айлық акция өткізген едік. Сол кезде біздің еліміздің өзен-көлдерінен 395 километр "қытайлық торларды" шығардық. Өткен сенбіде тағы да осындай шара өткізген едік, оған 5 мың адам қатысты. Сол кезде 79 өзен-суларды тазартып, бір күнде 95 километр "қытайлық торлар" алып шықтық. Ертең қытайлық балық аулау торларынан бүкіл ел бойынша өзен көлдерді тазарту шарасын өткіземіз. Барлықтарыңыздың атсалысуларыңызды сұраймын",- деді вице-министр.

Ерлан Нысанбаев министрлік 2019 жылы 51,8 мың тонна балық аулау лимиті бекітіліп, биыл 7 айда 17,4 мың тоннасы ауланғанын және балық ресурстарын пайдаланғаны үшін республикалық бюджетке 307,4 млн теңге түскенін айтты.

Ағаш кесушілермен де күрес күшеюде. Жыл басынан бері ормандарда ағаш кесушілерге қарсы 12 мың рейд жүргізіліп, 17 млн 515 мың теңгеге бағаланатын, 1808 текше метр ағашты 199 заңсыз кесу анықталған. Құқық қорғау органдарына осыған қатысты істер тапсырылды.

Вице-министр Ерлан Нысанбаев орман қорын сақтау үшін сексеуілдің барлық түрін шабуға 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін және "Ертіс орман" резерватының мемлекеттік орман қоры учаскесіндегі барлық ағаш түрін шабуға тыйым салынғанын, 2019 жылдың көктемінде 26,7 мың га ағаш отырғызылғанын жеткізді. Ал, биыл көктемде Корей Республикасының орман шаруашылығы қызметімен бірлесіп Арал теңізі маңында 5 мың га ауданда сексеуіл ағашы отырғызылған.

Қазір Парламент Сенатында жатқан ауылшаруашылық кешенін реттеу туралы заң жобасы шеңберінде, браконьерлердің мүлкін міндетті түрде тәркілеу, соның ішінде аңға шыққан көлігін де тәркілеу және оларды 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мәселесі қарастырылуда.

Сондай-ақ, "Охотзоопром" ӨБ көліктеріне арнайы белгілер, құрылғылар орнатылып, "арнайы көліктер" санатына енгізу, инспекторларға бронды оқ өтпейтін кеудеше кигізу, пилотсыз қондырғылар, электрлі шокер, травматикалық қару және басқа да құралдар беру мәселесі көтерілуде.

Тағы бір айта кететіні, табиғатты қорғау инспекторларына да, браконьерлік фактілерін жеткізген тұрғындарға да қаржылай сыйақы төленуі мүмкін.

Нұржан Көшкін                                               

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу