ШҚО-дағы аңшылық алқаптардың тең жартысы пайдаланылмайды

18389

Алайда оларды жалға алғысы келетіндердің қолында құрылған нақты жоба жоқ.

ШҚО-дағы аңшылық алқаптардың тең жартысы пайдаланылмайды

Осыдан үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында жабайы аң мен құстың саны азайып, табиғат жанашырлары біраз шулап басылған болатын. Әсіресе, су айдындарына "жетім қалу" қаупі төнген. Мұхит асып, азаппен жеткенде туған жердің екі аяқтылары қанаттыларды мылтықпен қарсы алатын. Ақыры ол шудан нәтиже шығып, көктемде аң атуға тыйым салынды. Аң біткен төлдеп, құс біткен ұя басар шақта аңға шығу табиғатқа  тікелей қиянат екенін мемлекет қатаң ескерткен. Облыстық табиғи ресусртар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы үш жылғы тыйымнан қоршаған ортаға қандай пайда болғанын білу үшін әуеден санақ жүргізіпті.

"Соңғы 3 жылда өңірде аң мен құстың популяциясы көбейе бастады. 2014 жылмен салыстырғанда қоңыр аю 4,1 пайызға, елік, бұлан, марал тәрізді тұяқтылар 5,9 пайызға, қаз, үйрек, ұлар, кекілік 17,2 пайызға, құндыз бен суыр 5,4 пайызға көбейген.  Басқа аңдардың да жалпы өсімі 5 пайыздан асып отыр", – дейді басқарма басшысының орынбасары Арман Есентаев.

Аңның саны азайып кете жаздаса, оған туристер тартудың реті қайсы деген сұрақ туады  мұндайда. Мәселе аңшылықтың дұрыс реттелмеуінде болып тұр. 2003-2004 жылдары облыстағы аң аулауға болатын аумақтар аңшылық шаруашылықтардың құзырына жалға берілген.  Оңай табыс көздеген нысан иелері аумаққа тиісті биотехникалық шаралар жасамаған екен. Яғни, қоңыр аңды қыстан аман шығару үшін сүрлем дайындап, тұз науаларын қоймаған.  Соның кесірінен қоңыр аңның соңынан жыртқыштар да, өзгесі ауып кетсе керек.

"Аңшылық аумақты жалға алушылар жергілікті аңшыларға лицензия сатумен ғана айналысты. "Пайда тапсақ болды" деген көзқарастың кесірінен өңірде аң мен құстың саны азайып кетті. Мылтығын кезеніп келген ауқаттылардың ондай аумақтардан аңды атпақ түгіл бір көруге зар боп қайтқан кездері болды. Аң ауған соң, лицензия де ешкімге керек болмады. Ақыры  иелері лажсыздан қайтадан мемлекетке қайтарып берді", – дейді Армен Есентаев.

Адам ашкөздігіне дауа болсын ба? 3 жыл бұрын өздері жетімсіретіп тастай қашқан аумақтарға аң қайта келуі мұң екен, бұрынғы жалдаушылар қайтадан бой көрсетіп жүр.

"Енді оңай табыс жоқ ондайларға.  Қолданыстағы заңға, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізсек деген ойымыз бар. Аңшылық шаруашылықтарының жұмысын реттемесе болмайды. Мысалы, кейбір елдерде  аңшыларға мылтықты жалға беру практикасы бар. Ал бізде ондай заң жоқ. Қару-жарақты пайдалану туралы заңды да жетілдіру қажет. Осы реттеулер жүргізіліп, ереже-талаптар бекітілген соң барып қана аңшылық аумақтарды жалға беруге болады", – дейді маман.

Арман Есентаевтың айтуынша, аңшылық аумақтарды туризмге пайдалану "бір тал кессең, он тал ек" принципімен жүзеге асуға тиіс. Атылған аңның орнын өсім жауып отыруға тиіс. Оған қолайлы орта жасау үшін нысан иелері қаражат жұмсап, инвестиция салуға тиіс.

"Көп елдерде аң-құсты аңшылық үшін арнайы өсіреді. Литвада 700 гектар алқапқа екі мыңнан астам бұғы ұстайды екен. Мейрамханалар тарапынан жабайы жануар етіне сұраныс жоғары. Аң-құстарды арнайы шаруашылықта өсірсек, аңшылық туризмді дамытсақ, одан шаш етек пайда табуға болады. Ең бастысы, ауыл хақына жұмыс табылар еді. Ветеринарларға да сұраныс артатыны айтпаса да түсінікті", – дейді басқарма өкілі.  

Шығыс Қазақстан аумағында ұзын саны 54 аңшылық алқап бар. Соның 26-сы пайдаланылмай бос тұр. Ал соны жалға алғысы келетін ұйымдардың қолында жөнді жоспар, нақты жоба жоқ.  Бұл біздің елде, өңірде аң шаруашылықтарына "пайдаланылатын субъект" деп қана қарайтындардың көп екенін аңғартады.

Бірер жыл бұрын Зайсан аңшылық шаруашылығын жалға алып, Жеменейдің бойынан қырғауыл ататын аңшылық шаруашылығын ашқан зайсандық кәсіпкердің ісі бүгінде талайға үлгі.  Аэлита Ахметсәлімқызы "Зайсанның алтын шеңбері" атты экотуристік маршрут бойынша жыл сайын шетелдік туристер мен аңшыларға марал мен аю, сілеусін, жабайы шошқа, құр сияқты жануарлар мен құстарды атуға жағдай жасап отыр. Жеменей өзеніне жақын маңнан қонақүй мен  қызмет көрсету нысандарын салған. Енді иелігіндегі аумақтың аң-құсын көбейтуді қолға алып жатыр.

Жалпы Шығыс Қазақстанда аң аулау маусымы басталған соң аң мен құстың 37 түрін атуға рұқсат берілген. Ал тіркелген аңшылар саны  5-6 мың шамасында. Егер аңшылық шаруашылықтарына жағдай жасасақ, балық шаруашылығындағыларға көрсетіліп отырған қолдау мен талап етіліп отырған балық қорын қалпына келтіру, көбейту сияқты қызметтер аң шаруашылығына да көрсетілетін және сұралатын болса, аңшылық туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік бар екенін айтады мамандар. Осылайша, аудан халқы балықтың ғана емес, аң шаруашылығының да игілігін  көрер еді.

Облыстық орман және аң шаруашылығының жедел қимыл отряды басшысының орынбасары Василий Ткаченко өңірдегі аңның қорын көбейтуге мемлекет қана күш салып жатқанын айтады.

"Жуырда ғана  Сібе көлдерінің алабына бірнеше бұғы жібердік. Зообақтан шыққан қоңыр аңның табиғатқа бейімделуін жергілікті орманшылар қадағалайды. Бұл маңда аң аулауға тыйым салынған, тұяқтыларға тамақ болатындай шүйгінді шөбі мен су жеткілікті. Көлге таяу тұстағы шаруа қожалықтары қажет болған жағдайда жануарларға жемшөп әзірлеп қоюға келісіп отыр", – дейді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу