Зауыт – ақша, ал халық дизель күтіп жүр

2445

Осыдан тура бір жыл бұрын ашылған қысқы дизель отынын шығаратын еліміздегі алғашқы зауытта әлі өнім өндірілген жоқ.

Зауыт – ақша, ал халық дизель күтіп жүр

Өткен жылдың желтоқсан айында Екібастұз қаласына қарасты Шідерті кентінде "Alef trade" ЖШС іске қосылған болатын. Бұл – былтыр өңірдің индустрияландыру картасына енген 8 жобаның бірі. Өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсімінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жаңа зауыттың маңызы зор екенін айтқан еді. Тіпті, дәл осындай ірі өндіріс орнын "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында салуды ұсынғаны есімізде.  

"Аймағымызға аязды ауа райы тән. Қазан мен қараша айларынан бастап күннің күрт суытуы ғажап емес. Температура -20 градустан төмендесе болғаны құрамында парафині бар дизель отыны қатып, қоймалжыңға айналады. Осының салдары жүргізушілер мен жолаушыларға, бірқатар өндіріс орнына қиындық тудырады. Ал жаңа кәсіпорын қысқы дизель отынын шығару арқылы мұндай түйткілді болдырмауға тиіс. Сондықтан, бұл өндіріс өңіріміз үшін аса қажет", – деген еді.

Алайда, жергілікті билік те, қарапайым көпшілік те зор үміт артқан кәсіпорын сенімді ақтамады. Арада бір жыл өтсе де бірде де бір литр қысқы дизель отынын шығарған жоқ. Зауыт басшысы Қайыргелді Ғалиевтің айтуынша, бұған қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр. Әуелде қызметке 28 адам қабылданса, бүгінде оның тек 8-і жұмыс істейді. Олар өндірістік базаны күзетумен айналысады. Былтыр ғана сән-салтанатпен ашылған кәсіпорында одан басқа атқарар іс жоқ.

"Шідерті кентінде бос тұрған өндірістік базаны сатып алып, жерді 7 жылға жалға алдық. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 772 млн теңге. Бұл соманың 500 млн теңгесі – жеке инвестиция, қалған 1 млрд 272 млн теңгені екінші деңгейлі банк несиеге берді. Қаржының тең жартысы құрал-жабдықтарды сатып алуға, қалғаны құрылыс-монтаждау жұмыстарына жұмсалды. Өндірісті бастау үшін қосымша 314 млн теңге керек. Бұл соманы "Сбербанк" банкінен сұрап едік, олар өтінішімізді 1 жылға жуық уақыт қарап, тың бағыттағы жобаларды қаржыландырмайтынын айтты. Сондықтан, қазіргі уақытта ісіміз тұралап тұр", – дейді Қайырлы Ғалиев.

Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов өндіріс орнын тығырықтан шығару жолдары қарастырылып жатқанын атап өтті.

"Елімізде теңдесі жоқ жобаның жұмысы тоқтап тұрғаны өкінішті, әрине. Зауыт басшылығымен тілдескенімде жеткіліксіз құрал-жабдықты сатып алу үшін 300 млн теңгеден астам қаржының қажет екенін айтты. Қазіргі уақытта аталмыш соманы "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алу жөнінде жұмыстар жүргізілуде", – деді Нұржан Әшімбетов.

Қаржылық жағдай оң шешілсе, кәсіпорын келер жылдың көктемінде өнім шығаруды қолға алмақ. Жоспар бойынша, айына 4 тонна, жылына 30 тоннаға дейін қысқы дизельді отын нарыққа жол тартады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде отынның бұл түріне деген қажеттілік жылына 120 мың тоннаны құрайды. Яғни, зауыт басшылығы нарықтың төрттен бір бөлігін жаулап алуға ниетті. Негізгі тұтынушылар "Бозшакөл" кен-байыту комбинаты, "Богатырь Көмір", "Майкөбе" кәсіпорындары болмақ. Ал шикізатты жергілікті Павлодар мұнай-химия зауытынан алады.

"Бұған дейін ғалымдар Павлодар, Атырау, Шымкент, Қызылорда қалаларындағы зауыттарда өндірілетін жазғы дизельді отындарды зерттеуден өткізіп, павлодарлық кәсіпорын өнімінің сапасы өзгелерден жоғары екенін анықтады. Сондықтан шикізат ретінде жергілікті жазғы жанармайды қолданатын болдық. Зауытымыздың барлық құрал-жабдығы осы шикізатқа лайықталып жобаланды. Десе де, өзімізде өндірілген шикізат болмай қалған жағдайда өзге өңірдің өнімін қолдануға жарап тұр", – дейді Қайырлы Ғалиев.

Жазғы уақытта ірі компаниялар қысқа дайындалып, қор жинайды. Сондықтан кәсіпорын жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, зауыт жылына 1200 тонна АИ-92 маркалы бензинін дайындауды жоспарлап отыр. Ал аяққа нық тұрған соң Еуро-5 стандарттарына сай келетін өнім шығаруды қолға алмақ ниетте. Бірақ, мұның барлығын іске асыру үшін алдымен қаржыға қатысты мәселені шешіп алу керек. Бұл ретте инвестор мемлекеттік қолдауға ғана иек артып отыр.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу