Энергетика министрлігі аузымен орақ орады

Ал арзан жанармай деген ұғым аңызға айналып бара жатыр. 

Энергетика министрлігі аузымен орақ орады

Жанар-жағармайдың жырын айта-айта диқандардың аузы шаршағанымен, құзырлы орындардағы лауазымды тұлғалардың ести-ести құлағы сарситын түрі жоқ. Бұл жерде құзырлы орын деп энергетика министрлігін айтып отырмыз. Аты аталған мекеме Павлодар мұнай-химия зауытына Шығыс Қазақстан облысына көктемгі егіс жұмыстары үшін дизельдік отынның әр тоннасын 161 мың теңгеден сатасың деп бекітіп берген екен. Бұл литрге шаққанда 135 теңге.

Облыс бойынша егіс жұмыстарына жанармай үлестірумен айналысатын 19 оператор болса, соның барлығы дизельдік отынды "ҚазМұнайГаз" компаниясынан алуы тиіс. Осылайша бірнеше қолдан өткен дизельдің әр литрі дихандарға  155-156 теңгеден тиіп отыр. Мұндай баға маусымнан-маусымға дейін әупіріммен жететін кішігірім қожалықтарды қойып, төрт құбыласы тең шаруашылықты да шатқаяқтатып жібереді. 

"155 теңгені арзандатылған баға деп айтудың өзі ұят. Биыл нарықтағы баға мен арзандатылған бағаның арасындағы айырмашылық 4-5 теңге көлемінде ғана. Бұл кімге болса да оңай емес. Қимылдай білген адам қажетті субсидиясын да, сапалы тұқымын да қамдап алады. Ол өзіне байланысты дүние. Ал жанармай бағасы мемлекетке тікелей тәуелді. Биылғы ұсынылған бағадан ешқандай қамқорлық көріп тұрған жоқпыз", – дейді "Семена масличных культур" ЖШС директоры Людмила Цыбенко.

Бұл ретте Глубокое ауданының майлы топырағында отырған, әлеуеті зор саналатын шаруашылық осылай деп кейіп отырғанда, өзгелерінің күні нешік деген заңды сауал туады.

Бесқарағай ауданындағы "Балке" шаруа қожалығының жетекшісі Оралбек Тоқашев арзан жанармай деген ұғым аңызға айналып бара жатқанын айтады.

"Ауыл шаруашылығын дамытуға жауапты мекемелердің есебіне қарасаң, бәрі тамаша сияқты. Субсидия төленген, арзандатылған жанармай жеткілікті. Тек білек түр де, еңбек ет. Ал іс келгенде бәрі басқаша. Биылғы жеңілдікпен берілетін бағаның өзі күлкілі. Құжат өткізуге уақытың кетеді, оны тасымалдау шығыны тағы бар. Одан да 4-5 теңге қымбат болса да, тура жанармай стансасынан сатып ала салған жеңіл. Мен көпжылдық шөптер егумен 20 жылдан бері айналысып келемін. Соңғы жылдары мемлекет беретін жанармайға қарайламайтын болдық. Бұлар тек ақпан айынан бастап қимылдайды. Дизель жеткенше мамыр келіп қалады. Оған қарап отырсақ, көктемнің қысқа күнін босқа өткізіп аламыз. Сол үшін көктемге қажет жанармайдың несиесін банктерден күзде қамдап қоямыз. Осылайша өз қотырымызды өзіміз қасып келеміз. Ең тыныш жолы осы", – дейді диқан.

Биылғы баға диірмен ұстап, астық екшеп отырған шаруалардың арқасына  аяздай батып отыр. Зырян ауданындағы "Тенар" шаруа қожалығының басшысы Мұрат Сайлаубаев бір науқанда бір өзі жарты тонна дизель тұтынатынын алға тартты.

"Көктемгі егіс жұмыстары дегенді елдің көбі жер айдау мен тұқым себу деп қана ойлайды. Тұқым кептіру деген үлкен кешенді шаруа бар. Дақылдың негізгі бөлігін күнбағыс құрайтын біздің өңір үшін бұл мәселе өте маңызды. Себебі оны суық түскенде, қар мен жаңбырға араластырып орамыз. Ал аудандарға арзандатылған жанармай мөлшері белгіленгенде бұл мәселе ескерілмейді. Мысалы маған қажет 500 тонна дизельдің барлығын арзандатылған бағамен береді дегенге өз басым сенбеймін. Мұндай жағадай ешқашан болған емес. Бізге Катонқарағайдан шаруалар келіп тұқым кептіртеді. Биылғы баға айырмашылығы олардың тұқымды тасымалдау шығынын да жаппайды. Мұны жеңілдік деп айтуға келмейді. Жанармаймен қамтудың жүйесін өзгертіп, субсидияға ауыстырмай болмайды", – дейді ол.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, биыл барлығы 1,357 млн гектарға тұқым себілмек. Қажетті жанармай мөлшері – 25 мың тонна. Оның 3 мың тоннасы наурыз айына, қалған 22 мың тоннасы сәуір мен мамырға тең бөлінген.  

Биылғы қарсыз қыс Шығыс Қазақстан бойынша 1,7 мың гектарға егілген күздік бидайды толығымен үсітіп жіберген. Облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев қыс бойы қардың аз түсуі диқандарға соққы болып тигенін айтты. Қардың жұқалығы алқаптарға 1 метрден астам тоң түсуіне түрткі болған. Осылайша күзде егілген дақылдың 5,4%-ы жарамсыз болып қалған.

"Былтыр күзде  31,3 мың гектар алқапқа күздік дақылдар егілді. Соның 1700 гектары түгелдей үсіп кетті. Тағы 5200 гектар алқаптың жағдайы нашар, 22,9 мың гектардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отырмыз. Тек 1,5 мың гектар күздік дақылдың дұрыс өнетініне сенімдіміз", – дейді Асқар Жақыпбаев.

Ол биыл себілетін тұқымның жартысынан астамы жоғары сұрыпты екенін айтады. Бұл көрсеткішті облыс әкімі Даниал Ахметов  оң бағалап отыр.

"1 класты тұқымның үлесі 59% екен. Бұл жақсы көрсеткіш. Тек 2 және  кластың арасындағы айырмашылық былтырғы жылдың деңгейінде қалмауы керек еді. Әлі де болса 3 класты тұқымның үлесін азайта түсу керек", – деді аймақ басшысы.

Тоңның тауқыметін "Балке" шаруа қожалығы қатты сезінді. Оралбек Тоқашевтың 200 гектарға салған жоңышқасы өнбей қалуы мүмкін.

"Бүгін де егіс басынан келдім. Көрсең, көңілің құлазиды. Он аттасаң, бір өскін көресің. Бұл бізге ауыр соққы болайын деп тұр. Жылда осы уақытта күзде еккен дақылдар жаппай көктеп тұратын", –  деді шаруа.

Ал "Семена масличных культур" ЖШС-ның 300 гектар күздік бидайы түгел үсіген. Бұған қысылып отырған Людмила Цыбенко жоқ. Егіншілік тәуекелі көп шаруа болғандықтан, жылда бір жерден шығын пайда болатынын айтады. Оны көктемнің ерте шыққанымен, ұзаққа созылып бара жатқаны алаңдатып отырса керек.

"Қар жылдам кеткенімен, егістің беті батпақтан арылар емес. Беті батпақ, асты тоң. Бүгінге дейін бүкіл алқаптың 85%-ын бораналап үлгердік. Бірақ шығын жылдағыдан көп. Батпақты аудару оңай емес, жұмыс өнбей тұр", – деді қожалық басшысы.

Тоң мен қарғын судан зардапты бір адамдай шеккен Қатонқарағай ауданындағы "Жас қанат" шаруашылығына да хабарластық. Анатолий Матасовтың бір айдан бері су орған жыраны бітеумен басы қатып жүр. Ұзындығы екі шақырымға жеткен жыраны бітеу үшін төрт бульдозерді жұмысқа салып отыр.  

"Шығын орасан, төрт ауыр техника күн сайын дүниенің дизелін жұтып жатыр. Енді 1,5 аптада бұл жұмысты да еңсереміз", – дейді "Жас қанат" шаруашылығының басшысы.

Ол соңғы жылдары жанармай бағасы мен дәнді-дақылдардың бағасы кері пропорционал бағытта өзгеріп жатқанына реніш білдірді.

"2015 жылы арзандатылған дизельдің әр литрін 90 теңгеден алғанбыз. Одан кейін 122 теңге болды. Енді міне 155 теңге. Ал  қарақұмықтың бағасы соңғы үш жылдан бері ұдайы түсіп келеді. Ең жақсысы, субсидияны тұқымға да, тыңайтқышқа да береді. Техника қажет болса лизинг бар. Қалай болғанда да жанармай қымбат екен деп ешкім егін салмай қоймайды", – деді Анатолий Матасов.

Есімжан Нақтыбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу