Зауыттардан шығатын зиянды қалдықтар есепке алынады

Лев Гузиков Лев Гузиков
15832

Атырау облысының прокуратурасы Экологиялық кодекске өзгеріс енгізуді ұсынды.

Зауыттардан шығатын зиянды қалдықтар есепке алынады

Бұл өзгертулер қабылданса, компаниялар қоршаған ортаны ластайтын өндіріс қалдықтарын есепке алу құрылғысын орнатуға міндетті болады. Бұл туралы Атыраудағы өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды. Іс-шараға жергілікті экологиялық және табиғат қорғау мекемелерінің, құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ ірі мұнай компанияларының өкілдері қатысты.

Айта кету керек, Атырау  – мұнай-химиялық өндірістің қайнаған қазанында орналасқан өңір. Кейбір өндіріс орындары тіпті қаланың маңында орналасқан (мысалға, АМӨЗ). Сонымен қатар былтыр қаладан 30 шақырым жерде Қашаған мұнайын өңдейтін "Болашақ" зауыты іске қосылды. Оның қасынан полипропилен және полиэтилен шығаратын ауқымды газ-химиялық кешеннің құрылысы басталды. Оған қоса "Теңізшевройл" компаниясының екі зауыты жұмыс істеп тұр, ол қазіргі кезде жаңа өндіріс орнын – үшінші буын зауытын салып жатыр.

Жалпы облыстың атмосфералық ауа құрамы мұнай-газ кешендерінен, коммуналдық шаруашылықтар, көлік құралдары мен өзге шаруашылық нысандарынан шығатын қалдықтардан тұрады. Атырау облысы прокуратурасының мәліметі бойынша, дәл осы өндірістік кәсіпорындар атмосфераға жылына 158 мың тоннаға жуық қалдық шығарады, оның негізгі бөлігі мұнай-газ секторының кәсіпорындарына тиесілі.

Сонымен қатар ілеспе газды алау етіп жағу да қауіп төндіріп тұр. Бүгінгі күні Атырау облысында мұнай мен газ өндіретін 12 кәсіпорынның төртеуі ілеспе газды қажеттілігіне жаратқаннан бөлек, алау етіп жағады. Дәлірек айтсақ, бұлар: "Теңізшевройл" ЖШС, NCOC компаниясы, "Манаш Петролеум" ЖШС және "Ембімұнайгаз" АҚ. Бір ғана 2016 жылы бұл кәсіпорындар 189 млн текше метр ілеспе газды осылайша жаққан.

Тұрақты кәсіпорындардан бөлек көлік құралдарынан бөлінетін қалдық қала ауасының ластануына жол ашып тұр. Соңғы жылдары облыс орталығында ұсталған ескі автокөліктер санының күрт өскені байқалады, ал бұлар Еuro-4 экологиялық стандартына сай келмейді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2010 жылы Атырау облысының атмосфералық ауасына 94 мың тонна лас қалдық шығарылған, 2011 жылы – 107 мың тонна, 2012 жылы – 118 мың, 2013 жылы – 136 мың, 2014 жылы – 160 мың тонна. Жыл өткен сайын екпіндеп өсіп келе жатқан қалдық мөлшері тек 2015 жылы ғана төмендеген, ресми көрсеткіш 142 мың тоннаны құрады. Алайда осыдан соң мөлшер одан әрі ұлғая түсті.

Сонымен қатар заңда бекітілген ластайтын қалдық шығару шегінен бөлек, жасырын қалдықтар да бар. Ол әдетте түнгі уақытта шығарылады. Қала тұрғындарының пікірінше, қалада дүркін-дүркін пайда болатын мұнай өнімдері мен күкірттің адам төзгісіз иісі – осының дәлелі. Ал қадағалау органдарының улаушы кәсіпорындарды осындай заңсыз ісі үстінде ұстауы бірен-саран ғана.

Улы қалдықтарды жасырын түрде шығару мәселесі бірнеше рет облыс деңгейіндегі отырыстарда  көтерілді, алайда билік қолданған шаралар оң нәтижесін бермей отыр. Оның ресми себебі – тиісті жабдықтың болмауы.

"Соңғы төрт жылда жабдығымыз жоқ, бұған ақша бөлінбеді. Енді ғана бюджеттен шамамен 20-ға жуық жабдық, оның ішінде газ талдау құрылғылары және көшпелі зертхана сатып алу үшін қаражат бөлінді. Тендер жарияланды, шамамен екі айдан соң сатып аламыз. Әзірге жабдықтарды бөтен ұйымдардан сұрап алуға тура келеді. Мұндай оқиға бізде көп болды", – деді Атырау облысы экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов.

Қазіргі кезде Атырауда атмосфералық ауа сапасын қадағалайтын 18 станция жұмыс істейді. Оның төртеуі "Қазгидрометке" тиесілі, 10 – NCOC компаниясынікі және төртеуі "АМӨЗ" ЖШС-не тиесілі. Алайда қоғамдық экологтар оның беретін көрсеткішіне күмән келтіреді. Одан бөлек қалдықтарды тіркеу кезінде мәліметтерді өңдеу ұзақ уақытты талап етеді, сондықтан облыстық экология мамандары оның шыққан жерін ізін суытпай анықтай алмай отыр.

Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиевтің айтуынша, қазір өңір басшысы өз станцияларын ашу туралы міндет қойып отыр. Осы мақсатта мұндай жабдықтарды жеткізетін ұйымдармен келіссөз жүргізіліп жатыр және Қазақстанның өзге қалаларының тәжірибесі зерттелуде.

Одан бөлек, заңнамалық деңгейде де шара қолданылуда.

"Біз қадағалап отыру үшін табиғат пайдаланушыларға қалдық есептейтін құрылғыларды өздері орналастырсын деп меморандумға қол қоюға тырыстық. Бірақ бұл іс алға жылжымады, кәсіпорындар әйтеуір бір сылтау тауып жатты. Осыған байланысты біз Экологиялық кодекске өзгеріс енгізу туралы ұсыныс айтып Бас прокуратураға жүгіндік. Ірі кәсіпорындарды қалдықтарын есепке алатын құрылғы орналастыруға міндеттеу керек және облыс орталықтарында ауаны қадағалау орталығын құру қажет. Біздің мақсатымыз – біреуді жазалау немесе мәжбүрлеу емес. Қоршаған ортаны қорғау саласында барлық жұмыс ерікті түрде жүргізілуі керек деп есептеймін, ол болмаса ғана шұғыл шара қолдану керек. Бірақ бізде ерікті түрдегі іс алға жылжымай қойды. Енді осындай жолмен жүреміз", – деп қадап айтты Атыраудың табиғат қорғау прокуроры Владимир Малахов.

Баспасөз мәслихатына қатысқан ТШО, NCOC және АМӨЗ компанияларының өкілдері бұл мәлімдемеге қатысты пікір білдірмеді.

Әйгерім Сүлейменова, Лев Гузиков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу